Шаруашылық • 05 Қаңтар, 2024

Саланы серпілту – ортақ іс

113 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, оларға мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа тетіктері туралы түсіндіру жұмыстары бойынша Алматы облысына арнайы келген Парламент Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсембиев және Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Жамбыл ауданының жұртшылығымен кездесіп, келелі мәселелер төңірегінде ой-пікір бөлісті. Алқалы басқосуға облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов қатысты.

Саланы серпілту – ортақ іс

Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы, табиғаты жайлы өңірде мал басының саны артып келеді. Өткен жылдың 11 айында Алматы облысында 697 мың ірі қара малы есепке кірсе, оның 20 пайызы немесе 137 мың басы Жамбыл ауданының еншісінде. Қой мен ешкінің 42 пайызы немесе 1 млн 088 мың басы, 233 мың бас жылқының 49 мың басы, 7 597 бас түйенің 1752 басы немесе 23 пайызы осы ауданға тиесілі. Тірі салмақтағы  мал мен құс еті бойынша 11 айда 20468 тонна ет өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артқан.

Мал өсіріп, егін орып отырған аудан­­да су үнемдеу технологиясын кеңі­­­нен енгізуге жіті көңіл бөлініп отыр. Мал басын жеткілікті мөлшерде жемшөп­пен қамтамасыз етуде аудан­да­ғы есепте тұрған 26 мың гектар суар­ма­­лы егістіктің тек 4,3 мың гектары ғана жаңбырлатып суару әдістерін пайдаланады, бұл суармалы егістік жердің 16 пайызын ғана құрайды. Сондықтан алдағы жылдары бұл көрсеткішті ұл­ғайту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы айрықша атап өтті.

Бұған қоса, жайылымдық жерлерді кеңейту, өсірілген өнімді қайта өңдеу мен өткізу, ауыл арасын қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы сынды әлеуметтің әлеуетін жақсарту жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

«Ауыл – ел бесігі» дегенді хал­қы­мыз бекер айтқан жоқ. Ауыл шаруа­шылығы саласының әлеуеті орасан зор. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақ­сарта алмасақ, бәрімізге сын», деген Мемлекет басшысы аграрлық сала жетекшілеріне үлкен міндет жүктегені белгілі. Осы орайда агро­өнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізу ортақ іс екендігін атап айтқан сенатор Сұлтан Дүйсембиев іссапар барысында аграрлық аймақ саналатын Алматы облысында бірқатар өзекті мәселенің барын алға тартты.

«Біздің өңірлерге шығып, ел-жұртпен кездесудегі басты мақсатымыз – халықтың жай-күйін білу, қордаланған мәселелермен танысып, оның шешім табуына ықпал ету. Ел ішінде кәсібін ашып, тұрмысын түзеуге бетбұрыс жа­сап отырған азаматтар аз емес. Со­ның бірі өз қаржысына балық шаруа­шылығын ашып, үлкен істі бастап отырған Бағлан Кенжебаев сынды іскер азаматтардың ісі көпке үлгі. Осын­дай шағын өнеркәсіптер көп болса, біздің еліміз өсіп-өркендейді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен кездесулерде субсидияға қол жеткізу, суар­малы егістік жерлер мен жайы­лым тапшылығы сынды бірқатар проб­­ле­маның бары айтылды. Былтыр Сенатта 92 заң қабылданса, соның 10-ы ауыл шаруашылығы бойынша қабыл­данды. Сол себепті тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің аяқсыз қалмауы басты назарға алынады», деді С.Дүйсембиев.

Өңірде төрт түлікті өсіру, оған күтім жасау, шалғай ауылдарға қажетті мамандар тарту, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау көрсету аясын­да атқарылып жатқан жұмыстар жайын толғаған мәжілісмен Д.Қас­қарауов тұрғындар тарапынан түскен сауал­дарға жан-жақты жауап қайырды.

Іссапар соңында халық қалау­лылары жылына 45 тонна балық етін өндіруді көздеп, қалыпты жұмыс істеп тұрған «Almaty balyk 2050» ЖШС-ның жұмыс ырғағымен танысты. Жалпы аумағы 8 гектар жерде орналасқан 20 бассейні ашық аспан астында, 38 бассейні жабық нысанда және 1 инкубациялық цехта сазан, амур, шабақ өсірумен айналысатын балық шаруашылығында 15 адам еңбек етеді. Алдағы уақытта өндірістік қуатты арттыруды көзде­ген серіктестік басшысы Бағлан Ораз­әліұлы өткен жылы 20 тонна балық еті өндірілгенін тілге тиек етті.

 

Алматы облысы