Пікір • 04 Қаңтар, 2024

Болашақтың бағдарын көрсетіп берді

207 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген ауқымды сұхбатында айтылған әрбір сөйлемде жұрттың жайы, елдің қамы сөз болған. Президент болашаққа үлкен үміт артып, Қазақстанның келешектегі кейпін кеңірек сипаттауға назар аударған.

Болашақтың бағдарын көрсетіп берді

Біріншіден, ұлттық болмысы­мыздың жаңаруы, ұлттық сана­мыздың жаңғыруы, еліміздегі жүргізілген кейінгі бес жылдағы саяси реформалардың мән-маңы­зы сараланған. Мұның азамат­тардың құқықтық санасы мен саяси белсенділігінің артуына әсер еткендігіне де кеңірек тоқталған. Шын мәнінде өткен жылы елімізде және сыртқы саяси бағдарымызда көптеген елеулі өзгеріс болды. Кезектен тыс өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауының ерекшелігі көп. Бұл еліміздегі сайлау жүйесіндегі өзгерістердің іс жүзінде жүзеге асқанын көрсетті. Айталық, аралас сайлау жүйесінің жемі­сін бүгіннің өзінде көре баста­дық. Президенттің саяси рефор­маларының жалғасы ретінде жергілікті өзін өзі басқару­дағы мәслихаттардың құзыреті кеңейді. Партия филиалдары төрағасы­ның әкімдіктен бөлініп, жеке-дара саяси институт ретінде дамуы және азаматтардың өзін өзі ұсынуға мүмкіндік алуын да үл­кен саяси жаңалық ретінде қарас­тыруға болады. Сонымен бірге қанатқақты жоба ретінде қолға алынған әкімдердің сайлауы елдегі саяси реформаның қадам-қадаммен жүзеге асырыла бастағанын аңғартады. Бұл елдегі демократиялық үдеріс­тер­дің қар­қынды дамуына жол ашты.

Заңнамалық жүйедегі елеулі өзгеріс – елдің әрбір азаматына тікелей қатысы бар Қазақстан балаларына арналған ұлттық қор туралы құжатқа, сондай-ақ шетелдегі активтерді қайтарту туралы заңға қол қойылды.

Президент айтқандай, сырт­қы саясатта да тиімді әрі сали­қалы ұстаным арқылы ұлттық мүддемізді қорғап, стратегиялық маңызды міндеттерді орындауға бағыт ұстанып отырмыз. Мем­лекет басшысы өткен жылы 20-дан аса елге ресми сапармен барды, біздің елге де сол шамадағы мемлекет басшыларының сапарлары ұйымдастырылды. Бұл Қазақстанның халықаралық алаңда өзіндік орны бар екенін көрсете алды. Мемлекет басшысы осындай халықаралық басқосуларда аймақтық саяси-экономикалық, қауіпсіздіктен бөлек, ғаламдық мәселелерді шешуде де өз үлесін қосып келеді.

Сондай-ақ сұхбатта елдің биыл­ғы даму жоспарына да бас­ты назар аударып отыр. Ұлттық құрылтайды көктемде өткізу туралы айтты. Елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық бағ­дар­ларын құрылтайдың қабыр­­ғасында ерте бастан саралау тура­лы ой тастады. Яғни күзде Прези­дент Жолдауымен шыққан болса, Ұлттық құрылтай арқылы елдің даму бағытын тағы да бір шегелеп алуға ниетті екенін танытып отыр.

Қаңтар оқиғасының себеп-салдарынан да сабақ алуымыз керек. Бұл үшін, Президент айтқандай, заң мен тәртіп үстемдігін орнату – демократиялық Қазақстанның басты қағидаты болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда қазірдің өзінде жаңа заңдар қабылда­нып жатыр. Елдегі азаматтар­дың сая­си өмірге кеңірек қатысуы­на мүмкіндік беру керек. Үкімет­ке жауапкершілік жүктеп, ай­мақ­тардағы ахуалды реттеуге зор мүмкіндік туғызуға бола­ды. Қоғамдағы түйткілді мәсе­лелер төңірегінде таратып айт­қан Президент АЭС салу халық­тың шешімімен жүзеге асу қажет екеніне де тоқталды. Ал тұр­мыстық зорлық-зомбылық тура­лы заң қаралып жатқанын жет­кізген Мемлекет басшысы, бұл та­қырып қоғамның назарында ғана болмай, қоғам сөгетін, қабыл­да­майтын нормаға айналу қа­жет­тігін айтты. Жалпы, бұл ма­ңызды сұхбат бізге бола­шақтың бағ­дарын анықтап, елдік мәселе­де тізе қосып қарекет қылатын уа­қыт­тың жеткенін көрсетіп берді.

 

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,

Ұлттық құрылтай мүшесі