Спорт • 08 Қаңтар, 2024

Дүниежүзілік ойынға дайындық барысы талқыланды

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы туралы кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

 

Дүниежүзілік ойынға дайындық барысы талқыланды

Фото: Turizm_jane_sport_ministrligi

Жиынға Ұлттық спорт қауымдастығының, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекциясының басшылығы және Ұлттық спорт федерацияларының президенттері қатысып, атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Министр Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу – еліміз үшін маңызды спорттық іс-шара екенін айтты.

«Ойындардың басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз қажет. Бүгінге дейін қандай шаралар атқарылды, алда қандай міндеттер тұр, сонымен қатар қандай мәселелер бар екенін анықтауымыз қажет. Ойындарға дайындық жағдайына келер болсақ, әзірге іс-шаралар жоспар бойынша жүріп жатыр. Ұлттық спорт түрлерінен құрама командалардың дайындығы жоғары деңгейде өтуі керек. Сонымен қатар спортшыларға сапалы жағдай жасап, қаржы мәселелері толық шешілуге тиіс»,  деді министр.

«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 100-ден астам елінен делегация келеді. Ойындардың бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді» делінген ақпаратта.

2024 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне кіретін спорт түрлері бойынша жарыстардың тізбесі бекітілді. Ойындарға дайындық шеңберінде Ұлттық құрама командалардың спортшылары 2024 жылғы қаңтардан бастап 13 халықаралық, 39 жергілікті оқу-жаттығу жиындарына және 17 республикалық және 23 халықаралық жарысқа қатысады. Биылғы жылдың басты додасы – Париж жазғы Олимпиадасы мен Паралимпиада ойындары.