Оқиға • 08 Қаңтар, 2024

Күтпеген кездесу

180 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әрине, журналистика фа­куль­­тетінің соңғы курс сту­денті үшін қазақ баспасөзі­нің баһадүрі­мен тілдесіп, сұх­баттасу былай тұрсын, жай ғана жүздесу­дің өзі үлкен мек­теп емес пе? Сана­дан өмір бойы өшпей­тін сәті түскен сол бір сәулелі мезет әлі күнге де­йін жанды жы­лыта­тыны рас.

Күтпеген кездесу

Қаталдығы мен еңсені езер мысын жазушының көзін көрген қаламгер­лер мен қарамағында қызмет еткен әріптес аға-апалардың аузынан жиі естіп жүргендіктен болар, ол кісімен жүзбе-жүз отырып сұхбат құру мен үшін тіпті армандаудың өзі мүмкін еместей көрінетін қиял-ғажайып еді. Бірақ бір ғана сәт сол қиялымызды ақи­қатқа айналдырды.

Жазушының 80 жылдық мерей­тойы туған жерінде дүркіреп тойланды. Журналистігімізді желеу ете жүріп, Алматыдан аттанған қалам­герлер мінген автобуспен жетіп, біз де сол тойдың төрінен табылдық. Орайы келген үзілістің бірінде Шер­ағаңмен суретке түсуге ұмтыла бер­геніміз сол еді, маңайында қаптап жүр­ген әкім-қаралар қаламгерді кө­легейлеп, жанына жолатпады. Жас­тық максимализмнің әсері болса керек, «Осы сәтті құр жіберсем, енді мұн­дай мүмкіндік тумас» деген ой жа­ныма батылдық сыйлап, соңында қа­лып бара жатып бар даусыммен: «Ата, сізбен бір рет суретке түссем, ар­маным болмас еді», деп айқайлап жі­беріппін. Дауысқа екпін қоспаса, ығы-жығы халықтың ортасынан ақса­қалдың ести қоюы екіталай еді себебі.

Бағыма орай өтінішімді қа­­лам­гердің құлағы қалт жібермеп­ті. Шер­ағаң сонда қасына ерген қалың топты тоқтатып қойып: «Айна­лайын, бері кел», деп қасына ша­қырып алып, су­рет­ке түсті. Сәулелі сәт соңында: «Мы­на қайсарлы­ғың ұнады. Осы қалы­быңнан танба!» деп бата берген ақса­қал­дың мейірленгенін пайдаланып сұх­бат алғым келетінін де айтып үлгердім. Аңыз адам сонда жадырап бір күліп алды да: «Қадалған жеріңнен қан алмай қоймайтын қандай қызсың? Мына той бітсін. Содан соң хабарлас!» деді. Мұндай айрықша мейірім мен жып-жылы жауапты күтпесем керек, жүрегім ат­қақтап аузыма тығылды.

Арада бірнеше күн өткен соң, жүйт­кіген отарба Тараз төріндегі қаламгердің қара шаңырағына жет­кізді. Бойымды толқыныстан бұрын, қорқыныш биледі. Сөзі мір­дің оғындай қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің қызыл жебесі біз келгенде есік алдында жүргелі тұрған көлік ішінде отыр екен. Қаладағы мектеп­тің бірінде өте­тін шәкірттермен кездесуге кетіп ба­рады. Уақытында үлгеріппіз. Алаш­­тың асқар таудай ақсақалына сәлем беріп, бір күн бо­йына жанына еріп, «Шерағаңның жо­лы­мен» жүруге рұқсат сұрадық. Тол­қы­ныстан дірілдеп шыққан үніміз мен кібіртіктеп шыққан сөзіміз­дегі бала­лық аңғалдықты аңғар­ды ма, әлде тағылымды тұлғаның ғиб­рат­ты ғұ­мырынан тәлім алсақ деген тал­­пы­нысымыз бен қиыла өтінген ұсы­нысымыз ұнады ма, әуелгі қат­қыл жүзінде жылу пайда болды. Жар­қырай бір жымиып алды да, кө­ліктің артқы бөлігіндегі орынды нұс­қады. Мектептегі кездесуден кейін атамен бірге аулада біршама уақыт серуендеу­дің де сәті түсті. Әдет­те бір қараған кісіге сұсты, қа­тал көрінетін, қия­лымызда талапшыл да тік редактор, батыл басшы ретінде орны­ғып қалған бейненің жүзіндегі ол қат­қылдықтан емен-жар­қын әңгіме, риясыз сұхбатқа келгенде із де қалмайды екен. Қобалжып бар­ған қорқынышымызды, ақылгөй ақса­қалдың дарқан көңілі, дария ақылы бір-ақ сәтте серпіп тастады.

«Заман бұзылыңқырап бара жат­қан сияқты. Бостандық көп. Демо­кратия жақсы дегенменен, қазір адамдардың көбісінде өз басының қамын ойлау көбейіп кетті. Бірақ келешектен үмітті үзбеу керек, болашақта барлығы да оңалар. Осымен бәрі бітті, әлем түгелденді деп және айту­ға болмайды. Әлі қайда? Заман не­бір түрлі құлпырады, неше түрлі өзгереді. Қазаққа жалғыз-ақ дүние – қазақтың кең пейілі жетіспейді. Өкінішке қарай, осы бір тамаша қасиетімізді жоғалтып алдық», деп күрсінген қаламгер қолына таяғын алып, есікке қарай беттеді. Үндемей ғана соңынан ердім. Бас­палдақпен баяу көтеріліп, қаза­қы­лықты аңсаған ақсақалдың қа­ланың қақ төріндегі көппәтерлі үйдің екінші қабаты­нан орын тепкен қонақжай шаңыра­ғы­на қарай аяңдадық. Жарығы мол түс­кен үш бөлмелі кең пәтер екен. «Жүре ғой, айналайын!» деп төр жақтағы бөлмеге қарай өзі бастап, бағыт түзеді. Қаламгердің жазу бөл­месіне кіргеннен-ақ көзім бірден төрт қабырғаға бос орын қалдыр­май әдемі етіп тізілген кітаптарға түсті. Қолымда Алматыдан арнайы «қолтаңба қойғызсам» деп арқалай келген жазушының бірнеше кітабы бар еді. Сонда суреткер «Бір кем дүниесін» қолына алып, парақ­тап отырды да: «Назерке сұлуға! Жасың ұзақ, өмірің жарқын болып, шырайлы күндерің көп болсын!» деп қолтаңбасын қойды. Сөз соңында: «Жақсы журналиске ең алдымен талант керек. Терең ойланып және сол ойын халыққа ұнайтындай етіп жаза, айта білуге тиіс. Журналистің басты міндеті шындық екенін ешқашан естен шығармаңдар, ақиқаттан атта­маңдар. Жалтақ емес, жасампаз бо­лыңдар, батыл болыңдар! Сонда абыройлы боласыңдар. Шындық – жазушының, журналистің анасы. Осыны естен шығармау керек. Өздеріңдей жастардың талабын көргенде, еткен еңбегіміз еш кетпепті дейсің іштей риза болып, бір марқайып қаласың. Осындайда өмір сүре бергің келеді. Адамдар көңіліңді көтереді. Жасарып кеткің келеді. Барлығың аман болыңдар», деп ақеділ көңілін ақтара ақ батасын берген ақсақал бізді есікке дейін өзі шығарып салды.

Қаламгердің қолтаңбасы қо­йыл­ған бірнеше кітабын қолты­ғы­мызға қыса, қазақ баспасөзінің баһа­дүрімен қимай қоштастық. Бұл уақытта бізді түтінін будақтата қос иінінен дем алып отар­ба күтіп тұрған еді бекетте. Тағы­лымды тұлғамен өткен ғибратқа толы естен кетпес бір күнімізді осылай тарих қойнауына тапсырып, түрлі тебіреніске толы әсерімізді арқалап Алма­тыға қарай жүріп кеттік…