«Қазіргі кезде еліміздің 8,5 млн тұрғыны банктер мен микронесие ұйымдарының алдында 18 трлн теңгеге қарыз болса, оның 13 трлн теңгесі – тұтынушылық несиелер. Өкінішке қарай, қарыз алушыдан кепілдік сұралмайтын тұтынушылық несие сомасы кейінгі жылда екі есе өсіп кеткен. Мәселен, 2021 жылдың 1 қаңтарында азаматтарымыздың банктер алдындағы берешегі 5,6 трлн теңге болса, 2023 жылдың қараша айында тұтынушылық несие көлемі 13 трлн теңгеге ұлғайған. Мұнымен қоса елде уақытында төленбей жатқан қарыз көлемі де көбейіп барады. Қазіргі уақытта елімізде 1 трлн 600 млрд теңге қарыздың төлеу мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген. Осы қордаланған мәселені шешуге екі айдан соң Парламент қарауына ұсынылатын жаңа заң жобасы мүмкіндік береді деген ойдамыз. Заң жобасында қарыз алушылардың құқығын қорғау, несие жүктемесін реттеуді басты назарға алдық», деді Д.Еспаева.
Жаңа заң жобасында төлеу мерзімі 90 күннен кешіктірілген қарыздар үшін банктер мен микроқаржы ұйымдары айыппұлдар мен сыйақы үстемесін қоса алмайтыны анық көрсетілген. Үш ай несиесін төлемеген азамат қарызын жабу үшін қайта несие рәсімдей алмайды, керісінше, банкпен арада қарызын қайтару жолын реттейді. Осы кезге дейін банктер 90 күннен артық төленбеген несиелерді қайтаруды коллекторлық ұйымдарға ысырып салатын болса, ендігі жерде оған тыйым салынбақшы. Банктер несие алушының қарыз қайтару мерзімін ұзартады немесе пайыздық мөлшерлемесін азайтып, басы артық айыппұлдар қоспайды. Жаңа заң жобасында кәмелет жасына жетпеген балалары бар отбасыларды қыс кезінде жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынған. Тағы бір өзгеріс – банк омбудсменінің құзыреті кеңейеді. Бүгінде банк омбудсмені төленбей жатқан ипотекалық несиелердің иелерімен жұмыс жүргізіп, сотта олардың құқығын қорғаса, алдағы күндері тұтынушылық несиесін төлей алмай жатқандардың өтініштерін де қабылдайды.
Қарыз алушылардың құқығын қорғайтын заң жобасында коллекторлық агенттіктердің жұмысын реттеу қарастырылған. Коллекторлар қарызын қайтара алмай жүргендердің мазасын бейберекет ала бермейді. Тағы бір өзгеріс – несие 21 жастан асқандарға ғана беріледі. Табысы жоқ адамдарға несие берілмейді, соның ішінде тек шәкіртақымен күн көретін колледж, ЖОО студенттері тұтынушылық несие ала алмайды.
Кездесуде екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары бірнеше жыл бойы төленбей жатқан тұтынушылық несиелерді қайтаруға қатысты қабылданатын шаралар туралы сұрады.
Ақтөбе облысы