Спорт • 09 Қаңтар, 2024

Демалыста шыныққан өрендер

146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ала допқа құмар ауыл балаларының қысқы демалыстарын тиімді өткізуіне «Халық» қайырымдылық қоры қол ұшын беріп, демеушілік жасады.

Демалыста шыныққан өрендер

Жаңа жылдың алғашқы аптасында «Ауыл Футбол» жобасы аясында Қарғалы ауылын­дағы «BAQSY» сауықтыру ор­та­лығында 2012 жылы туған ба­ла­лардан құралған Алматы об­лысының футбол құрамасының оқу-жаттығу жиыны өтті.

Құрама мүшелігінде Қарасай ауданына қарасты 9 ауылдың, атап айтқанда Абай, Райымбек, Қырғауылды, Ащыбұлақ, Алмалы, Ақсай, Жамбыл және Жібек жолы ауылы командаларынан іріктелген 15 бала бар.

Табиғат аясындағы жаттығу бағдарламасында күнделікті екі техникалық және тактикалық сабақ, дене шынықтыру, теория­лық сабақтар, сонымен қатар бассейнге, кинотеатрға бару және бос уақытта PlayStation ойнау қам­тылған. Команданың мүшелері ойын және жаттығу киімдерімен, арнайы спорттық сөмкелермен қамтамасыз етілді. Лагерьде кү­ніне 4 мезгіл ыстық тамақ, 2 мез­гіл жеңіл тамақ беріліп, бала­лардың дұрыс тамақтануына ай­рықша көңіл бөлінді. Оқу үде­рісін кәсіби біліктілігі бар 3 жаттықтырушы жүргізіп, ауыл ба­­ла­ларының футбол ойынын же­тік меңгеруіне ықпал етті. Тәулік бойы балалардың қауіпсіздігі қа­да­ғаланып, медициналық көмек көр­сетуге тиісті жағдай жасалынды.

«Осындай қамқорлыққа ауыл балалары да лайық. Сондықтан біз ең алдымен ауыл балаларын спортпен, оның ішінде футболмен белсенді айналысуға ын­таландыруға тырысамыз. Екін­шіден, мұндай шаралар ата-аналарды ынталандырады. Қолға алған жұмысымыздың нә­тижесін көрген олар балала­рының бос уа­қытын тиімді ұйымдастыруға белсенді қатысады деп сенеміз. Үшін­шіден, талантты, үздік балаларды жігерлендіреді. Бұл команданы ауыл балаларының арасынан іріктеп алдық. Іріктеу ашық әрі әділ өтті. Кәсіби жаттықтырушының пікірін ескердік. Басты қағидамыз да – осы», дейді «Ауыл Футбол» жо­­ба­сының жетекшісі Серік Мәм­бетов.

Оқу-жаттығу жиынына қа­тысып, тәжірибесі шыңдалған құрама команда алдағы уақытта түрлі деңгейдегі жарыстарға қа­тысып, нәтижелі өнер көр­сетеді деген үміт бар. Жалпы, меморандум аясында 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 2012, 2013 және 2014 жылы туған ба­ла­лардың қатысуымен 3 оқу-жат­тығу жиынын өткізу жоспарланып отыр.

Еске салсақ, 2023 жылдың қараша айында «Ауыл Футбол» жобасы мен «Халық» қайырымдылық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Меморандум аясында рес­публика көлеміндегі ауылдық елді мекендердің 100 балалар фут­бол командасын қажетті құ­рал-жабдықтармен қамту, 100 жаттықтырушының UEFA-ның D санаты бойынша біліктілігін көтеру және облыстық турнирлер өткізу жоспарланған.

2020 жылдың басында іске қосылған «Ауыл Футбол» жобасын жүзеге асыру барысында 100-ден аса командаға қолдау көр­сетілді, 40-тан аса түрлі деңгейдегі турнирлер, 30-дан аса семинарлар мен тренингтер, жыл сайынғы футбол демалыстары мен фестивальдар өткізіліп келеді. Қатысушы командалар республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанғанын айта кеткен жөн.

Жоба Қазақстан бойынша 50-ден аса команданы және 2 мыңнан аса баланы қамтиды. Сондай-ақ жоба 2024 жылды «Білім жылы» деп жариялады.

 

Алматы облысы