Аймақтар • 10 Қаңтар, 2024

Қаржы құйылатын 5 стратегиялық бағыт

92 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу үшін инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазір инвестор табу, оны іске қызықтыру оңай шаруа емес. Сондықтан өңір­дің бар мүмкіндігін пайдала­на отырып, қонақ­ты қаржы құюға көндірген абзал. Осы ретте облыс­та 5 стра­тегиялық бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл агроөнеркәсіптік ке­шенді, көлік және логистиканы, туризмді, баламалы энергетика мен өнеркәсіпті дамытуға жол ашпақ.

Қаржы құйылатын 5 стратегиялық бағыт

Облысқа инвестиция тарту бойынша серпінді және тиімді бағыттардың бірі – «Қор­­ғас Шығыс қақпасы» АЭА және «Қорғас» ХШЫО. АЭА –  инвес­торға да­йын инфра­құрылым, салықтық, кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ преференциялар беру арқылы қолайлы инвестициялық ахуал көрсететін бірегей инвес­тиция­лық алаң. Ол өз кезегінде жобаларды іске асыру үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. АЭА аумағында іске асатын жоба­лардың жалпы саны – 26, ал сомасы 529,9 млрд теңгені құрайды. Соған сай 3200-ге жуық жұмыс орны құрылады.

«Қорғас» ХШЫО – бұл екі мем­лекеттің шекаралас аумақ­тарында орналасқан жергілікті және қытайлық бөліктерден тұра­тын сауда, экономикалық, ин­вес­тициялық ынтымақтастық кешен. Жоба «Бір белдеу – бір жол» жаңа экономикалық стратегиясы шеңберінде іске асқан. Оның аумағында жалпы сомасы 59,6 млрд теңгеге 19 жоба жүзеге асады. Соған сай 480-ге жуық жұмыс орны құрылады.

Бұдан бөлек, Талдықорған қала­сының аумағында индус­триялық аймақ жұмыс істейді. Кәсіпкер­лік орта мен мемлекеттік органдар­дың кедергісіз өзара іс-қимылын құрудың қосымша тетігі ретінде облыс әкімдігі ин­вес­тициялық қызмет және инвесторларды қолдау бойынша қызмет көрсететін аймақтық Zhetysu Investt ұйымын құрды.

Бүгінде компания мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша әлеуетті инвесторлармен тұрақты түрде кездесулер өткізеді. Соның нәтижесінде өңір­ге бірқатар ірі инвестор тар­тыл­ған. Оның ішінде Қытай, Ресей, Германия, Израиль, Сауд Ара­биясы елдерінен ЖЭК, көлік және логистика саласындағы өз жобаларын іске асыруды жоспарлап отырған инвесторлар бар. Соған сай ай сайын облыстың инвестициялық портфеліне мониторинг жүргізіліп отырады. Қазір жалпы құны 1851,8 млрд теңгені құрайтын 184 жо­ба тұр. Ол 2023-2027 жылдар ара­­­лы­­ғында іске асады. Солай бол­ған жағ­­дайда 9 мыңға жуық жұ­мыс орны ашыл­­мақ. Өткен жылы құны 53,2 млрд тең­геге сай мың­ға жуық жұмыс орны құ­рыл­­ды. Соған сай 47 жоба іске қо­сыл­ды. Тұтастай алғанда, өңір­де­гі бизнесті да­мытуға барлық қолайлы жағдайлар жа­сал­ған. Бұл облыстың инвестициялық және экономикалық ахуалын жақсартуға әкеледі.

Айта кетейік, осы орайда «Amanat» партиясы облыстық фи­­лиа­­­лының Саяси кеңес бюросы, облыстық мәслихатындағы және Талдықорған қалалық мәсли­хатын­дағы «Amanat» партиясы фракция­сының бірлескен отырысы өтті. Онда Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады.

«Шаһарда былтыр өнеркәсіп саласында элеватор керамикалық плиталарды шығару зауыты кеңей­тілген. Нәтижесінде, 110 жаңа жұмыс орны ашылып, 850,0 млн теңге инвестициялар тартылған. Ауыл шаруашылығы саласында 12 шаруа қожалығы жалпы сомасы 385,3 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 40,0 млн теңгеге 8 қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген», деді Е.Бәзіл.

Алайда жыл басынан тар­тыл­ған 54,1 млрд теңге инвес­тиция жылдық жоспардың тек 63 пайызын құрап отыр. 2023 жылғы жоспар 86 млрд теңге, оның 61,5 млрд теңгесі немесе 71,5 пайызы орындалады деп кү­тіледі. Сонымен қатар Талды­қорған индустриялық аймағын ірі инвестициялық жобалармен толтыру мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін таппай келеді. Бүгінде оның аумағында жұмыс істеп тұрғаны – тек 6 кәсіпорын бар. Өңір басшысы қала халқымен кездескенде осы мәселеге жіті тоқталып, жауапты мамандарға тапсырма берген еді.

«Облыс әкімінің орынбаса­ры Әсет Қанағатовқа, кәсіпкер­лік және индустриялық-иннова­циялық даму басқармасына қала әкімдігімен бірлесіп, қаланың әлеуетін ескере отырып, инвес­тицияларды тарту бойынша жұмысты жандандыруды және қолданыстағы индустриялық аймақта жоспарланған жобаларды уақытында жүзеге асыру үшін барлық қажетті шара қабылдауды тапсырамын», деді Бейбіт Исабаев.

Қазір осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 

Жетісу облысы