Атап айтқанда, Жалпақталға аудан мәртебесін қайтару, Қараөзен өзені бойындағы елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етудегі қиындықтар, Жалпақтал су қоймасын салу мәселелері, сондай-ақ кәсіпкерлік саласын дамытуды тежейтін мәселелер айтылды.
«Батыс Қазақстан облысында 10 107 заңды тұлға тіркелген, оның ішінде 9 775 шағын кәсіпорын бар. Мемлекет басшысы ашық және өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономиканы қалыптастыру негізгі басымдық екенін атап өткен болатын. Елімізде нарықты белсенді игеріп жүрген табысты орта кәсіпорындар көп емес. Парламент депутаттары стационарлық сауда орындарында сатылатын тауарлардың жалпы ассортиментінің 50 пайыз деңгейінде отандық өндірушілердің буып-түю өнімінің міндетті үлесін белгілеу туралы талап енгізу туралы Үкіметке ұсыныс жіберді», деп атап өтті А.Өтеғұлов.
Сенаторлар Бөкей ордасы мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлерімен бірге қорықтың тиісті деңгейде жабдықталмай отырғанын талқылады. Атап айтқанда, мекеме қызметкерлері сенаторларға қорықтың қарамағында техниканың жетіспейтіндігі туралы айтты.
Сенаторлар кездесу соңында айтылған бастамалар мен енгізілген ұсыныстар заң шығару жұмысы барысында ескерілетінін атап өтті.