Үкімет • 10 Қаңтар, 2024

Өңірлердегі өзекті мәселелер ескеріледі

98 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Жиында депутаттар 11 қаңтар күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітіп, сенаторлардың өңірлерге сапарын қорытындылады.

Өңірлердегі өзекті мәселелер ескеріледі

Мәулен Әшімбаев жер-жерде ауыл мен аудан­ жұртшылығы көтерген мәселелер Палатаның алдағы жұмысында назарға алынатынын айтты.

«Жаңа жылдың алғашқы күндерінде өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесулер өткіздік. Соның барысында халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерге назар аударып, тұрғындармен бірге талқы­ладық. Енді сенаторлардан маңызды мәсе­ле­лер бойынша депутаттық сауалдар күте­міз. Сондай-ақ аталған түйткілдер пар­ла­менттік тыңдаулар мен Үкімет сағат­тарын өткізу кезінде де ескерілуге тиіс. Азаматтар көтерген проблемалар сена­тор­лардың ұдайы назарында болады. Біз оларды оң шешу бағытында нақты жұмыс жүргізуіміз керек», деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев отырыс барысында Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында белгіленген маңызды міндеттерге де тоқталып өтті. Палата спикері ел Прези­дентінің тікелей тапсырмасымен Бюджет және Салық кодекстерінің жобалары әзірленіп жатқанын айтып, сенаторларды аталған заңдардың Сенатқа келуін күтпестен, тиісті жұмысты бастай беруге шақырды. Сондай-ақ ол ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін барша отандастарымыздың жұдырықтай жұмылып әрекет етуі аса маңызды екенін атап өтті.

Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикі­заттық емес тауарлардың (жұмыс­тардың, көрсетілетін қыз­меттердің) экспортын ілгерілету мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарайды. Бұл заң Азамат­тық және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ тағы 8 заңға түзетулер енгізуді көздейді.

Бұған дейін атап өтілгендей, құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Заң шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт мәртебесіне ие экспорттық-кредиттік агенттік құруға бағытталған.

Сонымен қатар депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратифи­кациялау туралы» заңды қарайды. Заң құқық қолдану кезінде анықталған құ­қықтық реттеудегі олқылықтарды жою­ға және терминологияны бірыңғай стандартқа келтіруге арналған.

Заң нормаларына сәйкес ЕАЭО Комис­сиясына үшінші елдерге қатысты стандарттау, арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақы шаралары бөлігінде өкілеттіктер беру және басқа да бірқатар өзгерістер қарастырылған.

Одан бөлек, Бюро отырысында Пар­ламент Мәжілісінен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.