Таным • 10 Қаңтар, 2024

Әр заманның өзіне лайық сөзі бар – Базар Ондасұлы

369 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Авторлық тұжырым ретіндегі қысқа әдеби туынды. Көркем кестеленген нақыл сөз. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстар мен адамдардың іс-қимылына, мінезіне деген көзқарастағы анықтық, пікір жинақтап қорыту мен түйін жасаудағы логикалық жүйелілік және ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Саққұлақ Бапанұлы, Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Сегіз сері, Сүйінбай Аронұлы, Біржан сал Қожағұлұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Қашаған Күржіманұлы, Базар Ондасұлы ойларын ұсындық.

Әр заманның өзіне лайық сөзі бар – Базар Ондасұлы

Фото: ашық дереккөз

XIX ғасыр

Саққұлақ Бапанұлы

1) Биік болса тасар-ды,

Кішік болса құрт-құмырсқа басар-ды,

Орта болса өмір бойы жасар-ды!

2) Атақты ер – ел сыны, екі баспау – ер сыны.

3) Халқынан шошынған хан оңбас.

Дулат Бабатайұлы

1) Кей жаманның тілі бар – ащылығы умен тең.

Айтқан сөзі ақымақтың адам ішпес сумен тең.

2) Білгенін түзу кім етсе – қара басы бимен тең.

3) Уәдесінде тұрмаса жақсыға өлім сол болар. 

Махамбет Өтемісұлы

1) Қарада да қара бар – хан ұлына бергісіз!

2) Алаштың байлығынан не пайда қайыры оның болмаса.

3) Халық қозғалса, хан тағында тұра алмас.

4) Жауда қалса жолдасы, мақтанады несіне ер?!

5) Көл – дария болып шалқымас.

Шернияз Жарылғасұлы

1) Ханның көркі – ел.

2) Жалғыздың ісі оңалмас, көптің ісі жоғалмас.

3) Асыл сойдың баласы тартысқан жерде сөз табар.

4) Ай – ортақ, қайырлы болса – бай ортақ.

Сегіз сері

1) Жолдан адассаң – үйге қайтарсың,

Сөзден адассаң – неңді айтарсың?!

2) Жаманға оқ өтсе де, сөз өтпейді.

3) Тозған ескі қайықтан, жасалған жаңа сал артық,

Көргенсіз өскен жігіттен, көгенде өскен мал артық.

Шортанбай Қанайұлы

1) Көп ішінде аз болсаң – әрнеме түсер ойыңа.

Көп ішінде жоқ болсаң – мін тағылар мойныңа.

Жолдас болсаң жақсымен – жолың жетер Қырымға,

Топқа кірсең әркіммен – таласарсың орынға.

2) Құдайдан қорыққан мұсылман қарауыл қояр сөзіне.

3) Оңбасқа бола өшікпе.

Сүйінбай Аронұлы

1) Ақымақ жігіт белгісі аз күнгі – баққа алданар.

2) Тозған қазды топтанған қарға алар.

3) Бұл дүние біз үшін бір ақсақ елік,

Барады кейде аяңдап, кейде желіп.

Артынан қуып жүрген біз бір мерген,

Қаламыз кейде адасып, кейде көріп.

Біржан сал Қожағұлұлы

1) Жігітке жарамайды ызақорлық.

2) Ер жігіт дүниені көргені артық,

Дүниеде не бар-жоғын сезгені артық.

Түскендей аспан жерге іс болса да,

Бел байлап, тәуекел деп төзгені артық.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

1) Өңкей жаман қосылса – шығарады егесті,

Мәмілемен іс бітер, бас қосып қалса көп есті.

2) Көңіл мейман дүниеге.

3) Жігіттің бағы қайтады ағайын-жұрты алдаса.

4) Бақ қонады ұл таңдап, қонақ қонар үй таңдап. 

Қашаған Күржіманұлы

1) Көрмеген – күмән.

2) Бұл өмірдің жұмағы – жігіттік шақ.

3) Алла айдаса, не сөз бар!

Базар Ондасұлы

1) Алла ісінде арман жоқ, табылған сөзде жалған жоқ.

2) Жетімнің қамын ойласаң, жесірдің көңілі жұбанар,

Өнбейтін даудың ізінен өспейтін жігіт қуалар.

3) Айдан зәру нәрсе жоқ – түнде бар да, күндіз жоқ,

Күннен зәру нәрсе жоқ, күндіз бар да, түнде жоқ.

4) Әр кәлләда – бір сауал.

5) Әр заманның өзіне лайық сөзі бар.

 

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)