Ауыл • 11 Қаңтар, 2024

Ауыл медицинасы жақсарып келеді

137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа жылда Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей ордасы ауданына қарасты Мұратсай ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясын­да­ Батыс Қазақстан облысында 2023-2025 жылдар аралы­ғын­да­­­ 50 медициналық нысанды жаңадан салу көзделген еді.­ Бұл ретте Мұратсайдағы ФАП – өңір бойынша 12-ші, аудандағы екінші медициналық нысан.

Ауыл медицинасы жақсарып келеді

Мұратсай ауылында 773 адам, оның ішінде 269 бала тұрады. Фельдшерлік-акушерлік пункттің штатында бір фельд­шер, бір акушер, төрт медбике және бір мейіргер бар.

Құрылысына 303 856 168 тең­­ге жұмсалған жаңа ғимарат­та фельд­шердің қабылдау каби­­­неті, әйелдерге арналған қарау бөлмесі, емшара, егу, сүзгі, қақырық алу, тіркеу бөлмелері, химизатор, қойма, санитарлық-тұрмыстық бөлме көзделген. ФАП барлық қа­жетті медициналық жаб­дық­пен, ұйым­дас­тыру техникасымен, жылыту жүйесімен жабдықталған. Нысанның жалпы ауданы 330,81 шаршы метр, бір ауысымда 25 адамды қабылдай алады.

Жалпы, 2023 жылы Бөкей орда­сын­дағы екі медициналық нысан күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан төрт «Жедел жәрдем» көлігі берілді. Облыс орталығынан ең шалғай жатқан ауыл болғандықтан, маман тапшылығы да сезілетін. Соған орай ауданға былтыр екі маман келді, ал 2024 жылы тағы төрт дәрігер жас маманды орналастыру жоспарланған.

«2024 жылы Бөкей ордасы ауда­нында тағы төрт меди­ци­налық пункт ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, бір дәрігерлік амбулатория салынады. 2025 жылға дейін елді мекендер тұр­ғындарын медициналық қыз­метпен толық қамтамасыз ете­міз», дейді ау­дан­­дық аурухана директоры Анарбек Белисанов.

Осындай жақсы жаңалық барлық ауданда болып жатыр. Қазталов ауда­нын­­­ың Бостандық ауылы тұрғындары да жаңа жыл қарсаңында жаңа емхана ғимаратымен қауышты. Аудан бойын­ша 43 медициналық нысанның халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуі үшін мемлекет бар мүмкіндікті жасайды.

Жаңа ғимаратта дәрігерлер күніне 30 адамды қабылдай ала­ды. Амбулаторияда 6 кере­уеттік күн­дізгі стационар,­ бала­ны дамыту, физио­про­це­ду­ра, стамотоло­гия, аку­шер ка­би­нет­тері, зертхана бар. «Жа­қын­д­а ғана біздің амбу­ла­торияға жаңа көлік беріл­ген еді. Осының бәрі ауыл тұр­ғын­да­рына, халыққа деген қам­қор­лық қой. Біз де өз тара­пымыздан ха­лыққа сапалы меди­ци­налық қыз­­мет көрсетуге тырысамыз», дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Әлнура Құрманғали.

«Ауылдық денсаулық сақ­тау­ды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында Жаңақала ауданында да бір меди­ци­налық нысан жаңадан салы­­нып, төрт нысан толық күр­де­лі жөнделді.

«Облыс әкімі мен меке­ме­ тара­пы­нан көрсетілетін тұр­ғын үй, көтер­ме­ақы секілді әлеу­меттік қолдау шара­ла­рының нәти­жесінде Жаңақала ауданында бес жас маман жұмысқа орналасты. Соның ішінде Көпжасар және Жаңа­қазан ауылына дәрігер келіп, елге қызмет көрсетіп жатыр. Биыл науқас тасымал­дау­ға қажетті толық жасақ­талған 3 медициналық көлік алдық», дейді Жаңақала аудандық ауру­ханасының директоры Ербол Сәр­сен­ғалиев.

Айта кетейік, Батыс Қазақ­стан облысында 2023 жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржы­ландыруға 92,8 млрд теңге қарастырылған еді. Меди­циналық ұйымдарды жарақ­тан­дыру үшін жергілікті бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлініп, 337 медициналық жабдық сатып алынды. 1 712,5 мың теңге жер­гілікті бюджет қаражатына 81 автокөлік алынып, аудан мен ауылдағы медицина меке­ме­ле­ріне табыс етілді. 22 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүрді.

«2023 жылы облысқа келген 122 жас маман жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде 50-і ауылдық жерге барды. 92 жас маман біржолғы көтермеақы алып, 15 маманға қызметтік тұрғын үй берілді», дейді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.

Ауыл халқының ден­сау­лы­ғын сақтау, оларға сапалы меди­ци­­налық қызмет көрсету биыл да басты назарда болмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы