Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жергілікті тұрғындар мұны ауылдағы қаңғыбас иттерден көріп отыр. Себебі бір-екі жылдан бері бұл өңірде ешкім түз тағысын байқай қоймаған. Оның үстіне өлген малдың жарақаты да қасқырдың тісі тигенге ұқсамайды. Осы өңірде 3-4 табын жылқы бар. Жылқышылар да көптен бері қырда қасқыр ізі көрінбей кеткенін айтып отыр.
Қарақоға ауылдық округінің әкімі Тілеуғабыл Дүйсеновтің айтуынша, күзден бері мұндай жағдай осымен үшінші рет қайталанып отыр. Ауыл тұрғындары да қас қарайған соң, көшеге шығудан қорқатын болған.
«Кейінгі екі жылдан бері осы өңірден қасқыр көрдік, аттық деген ешкім болған жоқ. Сондықтан ауылдың ортасында тұрған малға шапқан қасқыр емес. Бірақ шапқан итті көрген де ешкім жоқ. Сол күні мал иесінің өзі үйінде болмаған. Қойын көршісіне тапсырып кеткен. Енді көршісі таңертең бір, түсте бір қарар, бірақ қайта-қайта қарай алмайды ғой. Жалпы, ауыл арасында қаңғып жүрген иттер бар. Ит те қасқырдың қолға үйретілген бір түрі ғой, үйде байлаусыз тыныш жатқанымен, былай шыға бере үйірін тапқан соң, тағыланып кетеді. Оны не ата алмаймыз, не ұстай алмаймыз, жағдай қиын болып тұр. Өткен күзде де қойға ит шапқан. Ол кезде мал иесі итті көріп, бейнекамераға түсіріп алған. Үйді-үйді аралап, кімнің иті деп сұрастырып едік, ешкім «менің итім» деп айта қоймады. Бәрі жауапкершіліктен қашады. Ауылдың чатына «қойға шапқан итті көрсеңіздер, суретке түсіріп, осында бөлісіңіздер. Ел болып, іздеп тауып, иттің иесін жөнге салайық. Басқаша болмайды, не оны атуға болмайды, не қуып жетіп, ұрып өлтіре алмаймыз» деп те жаздым. Бірінші жағдайдан кейін үйді-үйге кіріп жүріп, «Мынау сенің итің бос жүр, байла», деп те айттық. «Өй, бұл жуас ит, тимейді ешкімге», дейді. Ол ит қой. Қазір тимегенмен, қан көрсе қасқыр болып кетеді», дейді Т.Дүйсенов.
Ауыл әкімі учаскелік полицияға хабар беріпті. Бірақ полиция өкілі жол қатынасының қиындығына байланысты әлі жете алмай отыр. Тұрғылықты жұрттың айтуынша, учаскелік полиция қызметкері аудан орталығында отырады, оның үстіне үш бірдей ауылдық округке бір-ақ учаскелік полиция қарайды. Сондықтан бұл өңірде тәртіп сақшысын қолға түсіру қиын. Ауыл әкімі ветеринарлық қызметке хабар берген екен, олар «кезінде атып едік, қазір заң қатал, қолдан келер амал жоқ, оны ататын немесе ұйықтататын оқ-дәріміз де жоқ», деп қысқа жауап қайырыпты.
«Негізі ауыл арасында қаңғып жүрген итерді атпасқа болмайды. Әйтпесе, бара-бара малды қойып, адамға шабады. Мылтығы барлар атайын десе, заңнан қорқады. Бірақ тәртіпке келтірген дұрыс. Бұлай болмайды. Ең болмаса иттің иесін тауып алып, соған ірі көлемде айыппұл салатындай ету керек», дейді тұрғындар.
Қостанайдың іргесіндегі Алтындала елді мекенінің тұрғындары да қаңғыған иттер көп кесапат келтіріп жатқанын айтып отыр.
«Мал мен құс өз алдына, қаңғыбас иттер кейінгі кездері адамға қауіп төндіре бастады. Оларды атуға болмайды. Тірідей аулап, апарып қамап ұстайтын жерлер дайын емес. Мысалы, біздің ауылда қаңғыған иттер жаздай үй құстарын қырып шығады. Әр үйден кем дегенде бір-екі тауық, қаз-үйрек жеп кетеді. Ал оны атуға тыйым салып тастады. Гуманизм деген жақсы ғой, бірақ олай болса, алдымен әр ауылға, ең болмаса әр ауданға итқамақ салып, оларды аулайтын бригадаларды жасақтап, қаңғыбас иттерді құтыртпаудың амалын қарастырып алу керек еді. Оның бірі жоқ, құр тыйым салынған соң, осындай жағдайға тап болдық», дейді Алтындала аулының тұрғыны Айнұр Құдабаева.
Тұрғындардың айтуынша, қанша вольер салынса да, ит-мысықтың басы ретке келтірілмесе, көбейе береді. Олардың бәрін бір жерге сыйғызып ұстап отыру мүмкін емес. Сонықтан азаматтардың жауапкершілігін көтеру керек. Ол үшін ит немесе мысық ұстап отырған азаматтар өз үйіндегі жануарды ресми тіркемегені үшін немесе беталбаты бос жібергені үшін заң алдында жауап беруге тиіс.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енгелі елімізде қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынғаны мәлім. Алайда содан бергі аз уақыттың ішінде таяқтың екінші ұшы қарапайым халыққа тиіп жатқанын көріп отырмыз. Әлеужеліні ақтара қалсаңыз да, көшеде кетіп бара жатқан кішкентай баланың немесе жалғыз жүрген әйелдің етегінен тартып құлатып жатқан иттерді көресіз. Сондықтан күннен-күнге ушығып, арты үлкен мәселеге айналып кетпей тұрғанда, қоғамды қаңғыбас иттерден қауіпсіз етудің жолын қарастырған дұрыс.
Қостанай облысы