Осы жолы екі кәсіпкердің еңбегіне тоқталғалы отырмыз. Бірі – қалдықсыз өндіріске басымдық беріп, таза өнім алса, екіншісі – кішігірім саудамен ісін дөңгелетіп отыр. Қараңыз, Ерліктің бойында суретшілікке, ағаштан түйін түюге деген қабілеті бала күнінен байқалған. Оның айтуынша, бұл талант оған әкесі Бейбіттен дарыса керек. Есейе келе өзінің жақсы көретін ісін кәсіпке айналдырып көруге бел байлапты. «Алдымен ағаш бұйымдардың, соның ішінде ағаштан жасалған ыдыс-аяққа деген нарықтағы сұранысты зерттеп көрдім. Экологиялық таза ыдыстардың өтімділігі жақсы екеніне көз жеткізгеннен кейін інім Ернар екеуміз ағаш цехын құруға кірістік. Бұл істі жүргізуге «Агрокредиттік корпорация» АҚ-дан 2,5 пайыз жеңілдікпен алған несие үлкен қолдау болды», дейді Е.Жақсылықов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкер алғашында ғимаратты да, станокты да жалға алып отырса, 5 млн теңге несие қаражатының арқасында ағаш оятын қытайлық екі станок сатып алып, өз меншігіндегі құрылғылармен жұмыс істей бастаған. Қазіргі кезде цехта астау, тақтай, тостаған, пиццаға арналған ыдыс, тоғызқұмалақ пен шахмат тақталары сияқты бірнеше бұйым түрлері жасалады. Бұл заттардың бәрі де көтерме бағада ірі көлемде сатып алушыларға, яғни сауда нүктелеріне, тойханаларға жөнелтіледі. Сол сияқты пайдаланылған ағаштан қалған қиындылар отынға, жоңқасы құрылыста жылу ұстағыш материал ретінде сатылып кетеді. Сондықтан мұндағы өндіріс қалдықсыз, өнім экологиялық таза деуге толық негіз бар.
Ерліктің айтуынша, ыдыс-аяқтар ағаштың бірнеше түрінен жасалады. Мәселен, қарағаштан шапса, бұйым мықты болады. Ал еменнен жасалған ыдыс қымбат бағаланады. Сол сияқты көктерек пен аққайыңнан да дайындауға болады. Кәсіпкер Инстаграм желісіндегі парақшасы арқылы өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып отыр.
Бүгінде цехта ағайынды кәсіпкерлерден бөлек 5 адам жұмыс істейді. Олар күніне орта есеппен 20 дана бұйым жасап үлгереді. Ерлік бұл жастарды ағаш шеберлігіне өзі үйреткен. Бүгінде олар тапсырысты орындау ауқымына қарай айына орта есеппен 200 мың теңге жалақы алады.
Қазір орынды жалға алып отырған кәсіпкер алдағы уақытта өзінің жеке ғимаратын салып, цехтың іргесін кеңейтсем деген ниетте. «Қытайдан тағы бірнеше түрлі станоктар әкеліп, бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отырған Барнхаус, Хайтек Хаус сияқты үйлердің сыртқы қабатына пайдаланылатын ағаш материалдарын шығару ойымда бар», дейді Ерлік Жақсылықов. Кәсібін ілгерілетуге қаржылай қолдау алу үшін келесі жылы мемлекеттік гранттарға бизнес-жоспарын ұсынып көрмек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген микрокредиттер алуға 7,4 мың өтінім түскен. Жалпы былтырғы жылға 5 796 микрокредит беру жоспарланғанын да айта кетейік.
Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылындағы мектеп оқушысы Әлібек Сембек жас болса да шағын кәсіптің шырайын келтіріп жүр.
Шынында, базар барған жұрт біледі жұмыртқаның саудасын. Құс фермасы мен үйдің жұмыртқасы сөреде тұрса, жұрт үйдікін саудалайды. Өйткені оның құнары фермадан шыққанға қарағанда жоғары. Мұны ескерген Әлібек әкесі Абзалға көптен қолқа салып жүреді. Әуелі құс қорасын салып, артынан 50-ге жуық тауық сатып алады. Содан басталған екен бала бизнесменнің тірлігі.
Қазір әр ауыл заманауиланды. Әлеуметтік желінің игілігін көруде. Тұтас ауылдың тұрғындары біріккен Whatsapp топ болады. Жаңалық біткен сол топтың ішінде. Жоқ іздеген жұрт бұрынғыдай анда бір, мұнда бір барып сабылмайды. Әлгі желідегі топқа жазба қалдырады, артынан жауабын алады. Алтынсаринше айтқанда, «айшылық алыс жердегіні» топ арқылы біледі. Шымырдың сондай тобында бала бизнесменнің мерейі үстем. «Қолдың жұмыртқасы керек еді» деген сұраныс түссе, «Әлібекке хабарласыңыз» не «Әлібекте бар» деген жауап түседі.
Әлібек Сембек осылайша 50 тауықтың бабын келтіріп, табыс тауып жүр. Былай қарағанда, тауық сатып алды, жұмыртқа сатып отыр деген бірауыз әңгіме. Ал өнім алудағы машақаты көп. Жемін берді, суын құяды, жұмыртқасын жинайды. Былайғы жұрт тауық өсірудің тірлігі осы деп түйсінер. Бірақ бала бизнесмен оның да үлкен шаруа екенін айтады. Құр бидайды не арпаны тауық алдына шаша салмайды. Өнім сапалы болуы үшін құсқа да құнарлы жем керек. Бидайды, арпаны, жүгеріні ұнтап, оған түрлі минерал қосады. Тұз, ұлудың хитин жабыны, балық сүйегінен даярланған ұнтақ, тағысын тағылар. Жұмыртқа сонда ғана сапалы болады.
«Қазір қыс мезгілінде тауықтан жұмыртқа алу – үлкен жұмыс. Күніне 25-30 жұмыртқа аламыз. Жазда 60-70 жұмыртқа жинаған кезіміз болды. Осы кезде тауыққа ерекше күтім керек. Әлсін-әлсін жылы су құйып, құс қорегін түрлі қоспалар арқылы байытып отырамыз. Әйтпегенде өнім жоқ. Шыны керек, кейде жұмыртқа таппай қалатын кезіміз бар. Өйткені сұранысты қанағаттандыру қажет», дейді Әлібек.
Биыл Әлібек Сембек Шымыр ауылындағы М.Мәметова мектебінде 9-сыныпта оқиды. Сабағымен қатар шап-шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Биыл жаз соңында кәсібінен түскен ақшасын жиып, электромопед сатып алды. Бағасы да әжептәуір. 130 мың теңгелік көлікке қажеттілік өнімді тапсырыс берушіге жеткізу үшін алынған.
«Қына тасқа, ақыл жасқа бітеді» деген. Ауыл баласы Әлібек Сембектің тірлігі көпке үлгі. Келер көктемде құс санын молайтуды ойлаған кәсіпкер баланың жоспары да ауқымды. Есік алдында төрт түлік асырауды да қолға алуды ойластырып отыр. Қазір «бірдеңе істеу керек» деп жүрген замандас көп. Солар бала бизнесменнің қарекетіне қарап бой түзесе игі...
Жетісу облысы