Отандастарымыз ойлап тапқан қызмет кәсіпорындарға тез арада білікті қызметкер табуға көмектеседі. Осылайша, жұмысшылар тапшылығы мәселесін шешеді. Ал қызметкерлер икемді кесте және апта сайынғы жалақы төлемдері бар толық емес жұмыс күніне ие болады. Екі жыл ішінде «ЕasyTap» бизнес-моделі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазақстанның 15 қаласында күн сайын қосымшаны 150 мыңнан астам адам пайдаланады. Платформаға 70-тен астам жаһандық және отандық компания қосылған. Олардың ішінде «Small», «Flip.kz», «Magnum Go», «Arbuz», «KFC», «Hardees», «Food Solutions», «Inditex», «Waikiki», «Kari», «Adidas», «Reebok», «Qazaq Republic» дүкендері және тағы басқалары бар.
– Алдағы екі жылға арналған стартап стратегиясында Орталық Азияға шығу бар. Қазақстанда, Қырғызстанда сервисті дамытып, өзбек және тәжік нарығында жақсы жетістікке жеткіміз келеді. Осы нарықтардың барлығына біз ізашар боламыз. Нарықты сағаттық қызметкерлерді жалдаудың жаңа тәсіліне үйреткіміз келеді. Бізде көптеген серіктес бар. Қосымшада жұмыс іздеген адам үшін таңдау көп. Көбіне адамдар ерекшелікке емес, тұрақтылыққа назар аударып, сенімді жұмыс берушіге барғанды қалайды, – деді сервистің негізін қалаушы Мағзұм Төлеш.
«Financial Times» зерттеуіне сәйкес 2050 жылға қарай еңбекке қабілетті халықтың 83 пайызы гиг-экономика саласында жұмыс істейтін болады. Яғни штатта емес, белгіленген мерзімде қойылған міндеттерді шешу қажет нақты жобаларда жұмыс істейді. Осы болжамды ескере отырып, «EasyTap» қазір модельді бөлшек сауда мен қонақүй және тамақтану секторында ілгерілетуге ұмтылып жатыр. Қырғызстан нарығына шығу отандық стартаптың бизнесті жаһандық масштабтау жөніндегі стратегияны іске асырудағы алғашқы қадамы болды.
Олар нарықты зерттеп, көптеген мәселенің бетін ашқан. Дүкендер мен кафе, мейрамханалар күнделікті жұмысшы іздеп, сұрау салады. Ол адам қайдан келсе де, оларға бәрібір. Бастысы күнделікті жұмысын тиісті атқарса болды. Ал бұл платформада «Digital ID» қосылған. Ол – жеке құжатты анықтауға арналған жүйе. Жұмыс іздеген адам жеке мағлұматтарын пайдалануға рұқсат беріп, жауапкершілік жөнінде келісімшартқа қол қояды.
Қосымшаның берері мол. Аптасына 3 рет жұмысқа шығып, 7-8 сағат жұмыс істесе, орта есеппен айына 90 мың теңгеден астам қаржы табуға болады. Арасында толыққанды жұмыс істейтіндер де бар. Олар аптасына 200 мың теңгеге дейін табады. Ақша мен уақыттан қысылып жүрген жандарға бұл – таптырмас мүмкіндік.
– Біз барлығын сапалы жасап, тәртіппен жүргенді құп көреміз. Біздің ұстанымымыз – талап. Әдетте талапты жұмыс беруші қояды. Соған сай біз адамды таңдауға көмектесеміз. Бізде түрлі базамен келісім жасалған. Соның нәтижесінде адамның қандай қарызы болғанын, несие қарызы бар-жоғын анықтай аламыз. Оған қоса компаниялар жаңа келген қызметкердің қабілетін екі сағат бойы тексеріп көре алады. Сосын үнемі екі жақтан кері байланыс алып отырамыз. Стартап болған соң өзгерістер мен толықтыруларды жиі жасаймыз, – дейді Мағзұм.