Құқық • 12 Қаңтар, 2024

Заңсыз сауданың жолы кесіледі

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін заңсыз жолмен қайта сатып жүргендерге қарсы шараларды барынша күшейтеді. Бұл туралы кеше Алматыда өткен халықаралық автокөлік тасымалы бойынша кеңейтілген кеңесте айтылды.

Заңсыз сауданың жолы кесіледі

Қоғамдық пікірді барынша қамту және шешімдер қабыл­дау­дың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті отандық көлік-логистикалық бизнес және жүк­терді халықаралық автомобильмен тасымалдау мәселелері бо­йын­ша логистика өкілдерімен ар­найы кеңейтілген кеңес ұйым­дастырды. Онда салаға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Атап айтқанда, іс-шара Алма­тыдағы Логистика және көлік ака­де­миясының ғимаратында өтті. Көлік министрінің желтоқсан айын­да мегаполис тұрғындарымен кездесуінде берген уәдесіне сәй­кес Қазақстанның барлық өңірі­нен тасымалдаушылар әдейі­леп шақырылған. Басқосу барысында кәсіпкерлерге, сарап­шыларға және салалық қауымдас­тықтардың (Kazlogistics, KazATO) және «Атамекен» АЭС өкілдеріне қазақстандық тасымалдаушылар арасында шетелдік рұқсат бланкілерін таратудың жаңа тәртібі мұқият  таныстырылды.

Тақырыпты талқылау аясында ҚАТТК төрағасы Алтай Әлі нарық қатысушыларын Кө­лік министрінің «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқа­ру­шысының Шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа те­тігін қамтитын «Қазақстан Рес­пуб­ликасында халықаралық қатынас­та автомобиль көлігімен тасымалдауға рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» жобасын қарастыруды ұсынды.

Дайындалған құжатта мемле­кеттік орган рұқсат бланкілерін тарату жүйесіндегі еркін бәсеке­ні қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қа­зақстанда шағын және орта биз­несті дамытуды шек­тей­тін, яғни, көлеңкелі нарық­та бланкі­лердің жасанды тапшы­лығын туғызатын мәселелерді толық жояды және оларды қайта сатуға мүмкіндік бермейді.

Шарттың әр тармағына назар салсақ, көлік құралдарының тасымалдау тарихы мен қызметіне шектеулерді алып тастауды, бел­гі­лі бір тапсырыс болған жағ­­дай­да кез келген отандық тасы­мал­даушыға бланкілерді беру­ді, бланкілерді көлеңкелі нарық­та қайта сатудың барлық алғышарт­тарын жоюды, бланкілерді беру туралы шешімдер қабылдау үде­рістерінен көліктік бақылау инс­пекцияларын алып тастауды, сондай-ақ бланкілерді пайдалануды қашықтықтан бақылауды енгізу көзделген.

Келелі кеңесте, сонымен қа­тар нарық қатысушыларымен халық­аралық жүк тасымалдаудың басқа да өзекті мәселелері де ашық талқыланды.