Пікір • 11 Қаңтар, 2024

Парасатты пайым

153 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті – «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған сұхбатында әділетті Қазақ­стан­ды орнатудың маңызы жан-жақты айтылып, елдің сыртқы және ішкі сая­саты, іске асырылып жатқан саяси-экономикалық реформалардың барысы байыпталады.

Парасатты пайым

Елдің рухани-мәдени үдерістері, сондай-ақ заң үстемдігін орнату, кадрлық сая­сатты тиімді жүргізу сынды маңызды іс-қимылдардан хабардар болдық. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға Қаңтар дағ­да­рысы, ел тұр­ғын­да­рының қарызға батуы мен қымбатшылықтың себеп-салдарына да жауап табамыз.

Президенттің сөзінше, елде ұзақ жыл бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проб­леманы шешу үшін саяси-эко­но­микалық бағдар­ла­маларды іске асыруды қолға алға­нымен, ық­палды лоббистер ашық қар­сы­лық білдіріп, өздерінің «ерекше мәртебесін» қорғауға кіріскен.

«Жау жағадан алғанда, бөрі –етек­тен» дегеннің керін келтіріп, кісі өліміне, тонау-арбауға апар­ған жағдай жадымыздан, сірә, шыға қоймас. Қазақ небір тар жол, тай­ғақ кешуді бас­тан өткерді, бірақ бас­сыздыққа бармаған, тектілігін сақтаған еді.

Ұлт мүддесін, тілін, дінін қор­ғауда енді ешкім тақымы­мыз­дан тайдыра алмайды, өйткені біздің айқын бағытымыз бар. Ендігі жерде халық болып мемлекетке қолдау көрсетуіміз керек, бұл – әрбір азаматқа парыз Отанға деген адалдық деп білемін.

Сұхбатта халық арасында жиі айтылатын қос билік, қосарланған жүйе туралы да тұшымды жауап табуға болады.

Мемлекет басшысының жауабынан аңғарғанымыз, елдің ішкі саяси дағдарысына ескі жүйеде тамырын терең жайған лоббистер әсер еткенін, тіпті өз­де­рінің мүддесін қорғау үшін елдің іргесін шайқатып жіберуге да­йын болғанын, сатқындыққа, опасыз­дық­қа барған адамдарға кешірім жоқ­тығын білдік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өтпелі кезең­дегі саяси-эконо­ми­калық дағдарыстардың себе­бін талдап, салдарын саралау­мен қатар, алдымызға нақты мін­деттер қойды. Ауқымды бастамалар қоғамдағы әділеттілік қа­ғидат­тарымен жүзеге асса, ха­лық­тың әлеуметтік жағдайы да жақ­саратынын айтты. Яғни біздің алдымызда тұр­ған маңызды міндеттің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәр­тіптің қатаң сақ­талуын қам­та­ма­сыз ету.

Екіншіден, ел азаматтарының тұрмыс сапасын іс жүзінде жақ­сар­ту маңызды. Үшіншіден, ин­­вестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Төртіншіден, «қазына қара­жатына» деген көзқара­сы­мыз­ды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз. Бе­сін­шіден, ұлт үшін аса ма­ңыз­ды шешімдер референдум арқылы ғана қабылданады.

Конституциялық рефор­ма­лар­ға сай саяси реформалар кезең-кезе­­ңімен іске аса бастады. Мұның көрінісін көппартия­лы Пар­ламент жасақталғанынан көруге болады. Сондай-ақ Үкі­мет­тің өкілеттілігі кеңейе түсті. Енді Президент Әкім­шілігі елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы­на қатысты стратегиялық бағыттарға жауап бермейді, саяси штаб ретінде жұмыс істейді. Яғни түрлі салаға қатысты шешімдерді қа­былдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қа­тыс­ты дербестігі арта түсті. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауап­кер­шілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ре­тінде ілгерілеп, қоғамды демок­ра­тияландыруда шешуші рөл атқарады.

Сұхбаттан идеологиялық сұрақ­тарға да жауап алдық.  Жошы ұлы­сының 800 жылдығын дәйектеп, мың­­жыл­дықтармен сабақтасқан та­ри­­хы­мызды тереңдетуді нұсқады. Еуразия құрлығында импе­рия­ дең­гейіндегі қағанатты төл тарихы­мыз­дың бір бөлшегі ретінде дәріп­теп, тарихи сананы дәйектеп мемле­кет­шілдікті арттыру маңызды деп білеміз. Тіпті Ұлы далада салтанат құрған сақ, ғұн қағанаттарының ұлы мақсатында жастарға ұғындыру күн тәртібінде тұр. Отандық 200-ден астам, шетелдік 60-қа жуық ғалым жұ­мыл­дырылып, тыңғылықты жазылып жатқан Қазақстан тари­хы­ның көптомдығы – сондай жү­йелі жұмыстың бірі. Прези­дент­тің түпкі ойы осыған саяды.

Парасаты айқын, ойы кемел, сөзі жүйелі сұхбатты ыждағатпен оқып, алдағы  бағыт-бағдарымызды меже­ледік. Президенттің сұхбаттағы тұ­жы­­­рымдамалары ұлттық идеоло­гия­­мыздың ұстыны мен ұстанымына айналуға тиіс.

 

Руслан РҮСТЕМОВ,

Сенат депутаты