Қоғам • 12 Қаңтар, 2024

Ұлтты ұйыстыру қағидаттары

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада азаматтық қоғам өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» сұхбатын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Әділетті Қазақстан қағидаттарын іс жүзінде іске асыру» тақырыбында берген сұхбатын талқылады.

Ұлтты ұйыстыру қағидаттары

«Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ ұйымдастырған дөңге­лек үстелге сарапшылар, оның ішінде Ұлттық құрылтай және қоғамдық кеңес мүшелері, өңірлік Азаматтық альянс­тардың көшбасшылары, ҮЕҰ, этно­мә­дени бірлестіктердің өкілдері, депутат­тар мен ғалымдар, саясаттанушылар, қо­ғам қайраткерлері қатысып, сұхбат­та айтылған өзекті мәселелерді талқылады.

«Қазақстан Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева кіріспе сөзінде: «Мемлекет басшысы сұхба­тында жылдар бойы жинақталған қо­ғам­­ның өзекті сауалына жауап берген. Мақала өтіп бара жатқан жылдың же­тіс­­тіктері мен алдағы жылдары ат­қа­­рылуға тиіс ауқымды істердің де мәні мен маңызын ашып көрсетуімен құнды», деді.

Талқылау аясында дөңгелек үстел­ге қатысушылар Мемлекет басшы­сы сұхбатының негізгі тұстарын талдап, қозғалған маңызды тақырыптар бо­йынша пікірлері мен ойларын білдірді. Іс-шарада экономика, саясат, қоғамдық даму, ұлттық мәдениет және басқа да маңызды мәселелер кеңінен сөз болды.

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы, Ұлттық құрылтай мүше­сі Зұлфұхар Ғаипов сұхбатта айтыл­ған әрбір мәселенің артында әділет­ті қоғамды қалыптастыру идеясы жатқанын айтты. Әділетті қоғамды орнату ісіне қоғам болып жұмылғанда ғана жете алатынымызды алға тарта келіп: «Бұл үшін Президент айтып жүрген адал азамат, адал еңбек пен әділетті қоғам деген үштіктің үні бір жерден шығуға тиіс. Әр адам өз кәсібіне адал болып, обал-сауаптың маңызын түсініп, ұлттық құндылықты сіңіріп өссе, өз елінің ертеңі үшін қызмет істейтін азамат болып шығары анық. Мысалы, биыл жаңа жылдағы Президенттің құттықтауынан кейін әнұранның шарықтата орындалуы мен сұхбаттағы Наурыз мейрамының қадір-қасиеті туралы сөзі көп оқырманға ой салып, өз құндылығымызға бір табан жақындай түсуіне жол ашты», деді.

«Астана қаласының Өзбек этномә­дени орталығы» ҚБ басшысы, Ұлт­тық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов ұлттық мүдделер жолында жұды­рық­т­ай жұмылып, тірлік етуге шақыр­ды. Сондай-ақ қазақтың ұлы тұлғалары­ның өмір жолын насихаттау арқылы өске­лең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбие­леудің маңыздылығына тоқталды.

Қатысушылар Мемлекет басшы­сының мазмұнды сұхбатын прогрес­сивті ұлтты дамыту мен нығайтудағы маңызды қадам деп бағалады және сұхбаттарда айтылған идеялар мен даму жолдарына қолдау мен келі­сім танытты. Өзекті мәселелерді талқы­лаудың ма­ңыздылығына назар аударған жиынға келгендер белгіленген жоспарларға қол жеткізу және қойылған міндеттерге сәйкес елді дамыту үшін бірлескен күш-жігер қажет екенін баса айтты.