Спорт • 13 Қаңтар, 2024

Мергендер жолдаманы молайтты

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нысана көздеуден 5-18 қаңтар аралығында Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында отандастарымыз 2 жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Мергендер жолдаманы молайтты

Фото: Turizm_jane_sport_ministrligi

«50 метрлік қашықтықтан жылжымалы нысанаға винтовкамен ату сайысында Александра Ле 7-орынға тұрақтап, Париж Олимпиадасына баруға мүмкіндік алды. Айта кетейік, бұл бағдарламада бұған дейін 2023 жылы Азия чемпионатында Арина Алтухова жолдама алған еді. Ал 25 метрден жылдам атылатын тапаншамен сынға түскен Никита Чирюкин іріктеу кезеңінде 584 ұпай жинап, финалға өтті. Сонымен қатар жерлесіміз Париж Олимпиадасының да квотасын иеленді. Осылайша, әзірше нысана көздеуден ел қоржынында Париж Олимпиадасының 5 жолдамасы (Ислам Сатпаев, Арина Алтухова, Константин Малиновский, Александра Ле, Никита Чирюкин) бар», делінген ақпаратта.

Дегенмен де Олимпиада жолдамасы спортшылардың өзіне емес, федерацияға беріледі. Сондықтан да жолдама олжалаған мерген міндетті түрде  жазғы Олимпиада  сынына қатысады  деген қағида жоқ. Кімнің жолы түсетінін  федерация басшылығы мен бапкерлік құрам нақтылайды.