Фото: gov.kz
Бос уақытында шығармашылықпен шұғылданатын Рай Оразбеков Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында дүниеге келген. Құштарлығы мектепте жүргенде оянған ол студент кезінде де мүсіншілігін жалғастырған.
2019 жылы Рай Оразбеков Гвардейск гарнизонынан Өскемен қаласының 27943 әскери бөліміне ауысады. Жаңа қызмет орнында басшылық есімі әскери бөлімге берілген қазақ батыры Қасым Қайсеновтің бюстін жасауды ұсынған.
«Бұл менің өмірімдегі ең қызықты әрі жауапты сәттердің бірі болды. Бір апта ішінде Қасым Қайсеновтың екі мүсінін сомдап шықтым. Әдетте бұндай жұмысқа бір-екі ай уақыт кететін», деді Рай Оразбеков.
Екінші дүниежүзілік соғысы батырының бір мүсіні гарнизондағы даңқты жауынгер атындағы мұражайға, ал екіншісі әскери бөлімнің кіреберісіндегі аллеяға қойылды.
Оның «Әскери қызметшілердің отбасы» деген тағы бір мүсіндік туындысы Өскемен қаласындағы әскери қалашық саябағында орнатылған.
Рай Оразбеков үшін шығармашылық – аңыз тұлғаларға деген көзқарасын ерекше тәсілмен жеткізу мүмкіндігі.