Аймақтар • 14 Қаңтар, 2024

Кереку ономастикасындағы оң қадам

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысында бірнеше ауылдық елді мекеннің атауы өзгереді деп күтіліп отыр. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында өңірлік мәдениет, тіл­дерді дамыту және архив ісі басқар­масының кейбір ауыл атауларын қазақ­шаландыру туралы ұсынысы қолдау тапты.

Кереку ономастикасындағы оң қадам

Атап айтқанда, бұдан былай Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кенті – Ата­мекен, Железин ауда­нындағы Озерное ауылдық округі – Майлы, Тереңкөл ауданындағы Бобровка ауылдық округі – Жаңабет, Федоровка округі – Томарлы, Верненка округі – Алтай, Львовка – Алтай, Вос­кресенка – Әулиеағаш, Бе­резовка ауылы Аққайың деп аталады. Ал Трофимовка ауылы Қоржынкөл деген әдемі атауды иеленбек.

Атап өтуге тұрарлық жайт, ертеректе Жетінші ауыл, одан соң ұзақ жылдар «Ленинский» деп атанған кент облыс ор­талығы үшін географиялық тұр­ғыдан аса маңызға ие. Кент ретінде негізі 1914 жылы қа­ланып, Бидайық деп аталатын жерде №7 ауыл құрылады. Ал 1965 жылы пролетариат көсемінің аты берілді. Кеңес заманынан Павлодар қаласына қарайтын кентке тәуелсіздік жылдары ауылдардан көп отба­сылар көшіп келді. Соңғы 30 жылда халық саны өсіп, қазақтың да қатары артты. Ста­тистикалық деректерге сү­йенсек, бүгінде мұнда 10 050 адам тұрады. Оның тең жартысы – өзіміздің қандастарымыз. Жалпы, кент көпұлтты бол­ғандықтан ба, оның атауын өзгерту мәселесі көпке дейін жергілікті қауым тарапы­нан қарсылыққа ұшырай берді. Ауыл ақсақалдары мен бас көтерер азаматтары бір­неше мәрте Қазанғап бидің атын бергісі келіп, ұсыныс жа­сағанымен халқымыздың өткен тарихын онша-мұнша білмейтін жергілікті жұрт бұл бас­тамадан үзілді-кесілді бас тартты. Әйтпесе, ХІХ ғасырда өмір сүрген орта жүздің бе­гілі биі, Баянауыл сыртқы окру­гінің аға сұлтаны болған Қазанғап Сатыбалдыұлының өмір жолы бұл өлкемен тығыз байланысты. Зираты да ауылдан алыс емес. Идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген «Ле­нинский» атауын картадан сызып тастауға талпынған қоғам белсенділері бұл жолы кентке 6 түрлі нұсқа ұсынды. Олар – Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына және Же­тінші ауыл. Қорытынды жи­ын­да Қазанғап би мен Атамекен атаулары қалып, жергілікті қауымдастықтың 50 мүшесінің 49-ы «Атамекенге» дауыс берді.

 

Павлодар облысы