Экология • 15 Қаңтар, 2024

Маңғыстауда орнитолог мамандар тапшы

140 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтау маңындағы Қаракөл – еліміздегі қорғалатын орнитология­лық мекендердің бірі. Бұл көлге сан мыңдаған құс қонып, осында қыстап қалады. Жылда Қаракөлге құстың 175-тен аса түрі келеді. Уақытша аялдайтын құстар да бар. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген құстың түрі – 21.

Маңғыстауда орнитолог мамандар тапшы

Қаракөлде аққулардың жаппай қырылуы жұртшылық­ты алаңдатқан мәсе­леге айналды. Жағдайды көзбен көру үшін атал­ған көлге арнайы барғанымызда көл бетінде саны миллионнан кем емес құс төресі қалқи жүзіп жүр, ал біз барған қа­мысты жағалауда жеті аққу өлексесі жатты.

Қаракөл көлінде аққулардың өлімі туралы дерек 2023 жылдың 21 желтоқ­санынан бастап тіркеліп, қазір жаппай сипат алды. Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 601 сыбырлақ аққудың өлімі фактісі тіркелгенін растады. Орын алған жағдайға қызығушылық танытып, қадағалап жүрген блогер өлген аққулардың саны бұл көр­сеткіштен әлдеқайда көп екенін айтады. Аққулардың өлімін бірі құс тұмауынан десе, енді бірі аштықтан өлді деген болжам айтып жатыр. Құзырлы орындардың айтуынша, енді құстар өлімінің себебін Алматы қаласынан келген орнитологтер зерттейді.

Сыбырлақ аққу еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілмеген, алайда бұл аққудың осы тұқымы өле берсін деген сөз емес. Ақтаудағы Қара­көл­де құстардың жаппай қы­рылу се­бе­бі аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев­­тың төр­ағалығы­мен өткен аппарат­тық кеңесте қара­лып, жағ­дайға Қазақстан биоалуан­түрлілікті сақтау қауымдастығының орнитологтері зерттеу жүргізетін болып шешілді.

– 2023 жылдың 21 желтоқсанында Қаракөл көлінде аққулардың өлімі туралы алғашқы хабарлама келіп түсті. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты ұлттық референттік орталықтың мамандарымен, микробиология және вирусология институтының сарапшыларымен байланысқа шықтық. Олар тексеру жүргізу мақсатында өлген аққулардан сынама алу үшін мамандар жіберді. Қазіргі уақытта 2024 жылдың 6 қаңтарындағы жағдай бойынша біз 601 аққудың өлімін тіркедік. Өлген аққулардың 90 пайыздан астамы – жас аққу. Қосымша зерттеулер жүргізу үшін Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының орнитологтерін күтеміз, – деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов.

Бастапқы талдаулар нәтижесі аққу­лар­дың құс тұмауын жұқтыру себе­бінен өлуі мүмкін екенін көрсеткен.

– Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауының өршуінен бол­ғанын көрсетеді. Олардан H5N1 азия­лық штамы табылды. Бұл вирустың адамдарға жұқпалылығы төмен, құс­тарға әсер етеді, басқа жануарлар жұқ­­тырған жағдайда симптомсыз өте­ді. Өткен жылы ветеринариялық-про­­филактикалық іс-шаралар жоспары­на сәйкес қауіп төнген аймақта 6 мың бас құс вакциналанды. Облыста бар­лығы үш құс шаруашылығы бар, бірақ оларда шаруашылықтың жабық түрі болғандықтан құстарды егуден бас тартты, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.

Оның айтуынша, облыстың вете­ринариялық қызметтерінің күшімен жеке қосалқы шаруашылықтардағы үй құс­тары арасындағы эпизоотиялық жағдайға күн­делікті негізде мониторинг жүргізіліп жатыр.

– Экологтер мен білікті мамандар мәселенің мән-жайын бірге анықтап, мұның одан әрі таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдауы керек. Орни­тологтер құстардың тамақтануы туралы нақты ұсыныстар беруі керек. Кейбір сарапшылар аққуларды тамақтандыруды қолдаса, ал басқалары, керісінше, қауіп деп санайды. Асығыс қорытынды жасауға болмайды, алдымен анықтау керек, – деді аймақ басшысы.

Аққуларды аштықтан өліп жатыр деп санайтын тұрғындар көлге апарып жем шашуды қолға алуға ұсыныс айтты. Ал Үстірт мемлекеттік тарихи қо­рығы ди­ректорының міндетін атқа­рушы Жас­қайрат Нұрмұхамбетов өңір тұр­ғындары мен қонақтарын аққуларды азықтандыру ойынан бас тартуға шақырды.

– Біз өңіріміздің табиғатын сақтауға белсенді қатысқаны үшін халыққа алғыс айтамыз. Алайда осы мәселеге барынша саналы түрде қарауды сұраймыз. Қаракөл көлі – таяз, бұл жағдайда азықтандыру бүкіл экожүйе үшін өте қауіпті болуы мүм­кін. Сонымен қатар аққулар тек құр­ғақ астықпен қоректенбейді, олар суас­ты өсімдіктерімен қоректенеді, – деді ол.

Құстардың ашығудан өлуі мүмкін деген нұсқа екіталай деп санайтын Қ­а­­зақ­стан биоалуантүрлілікті сақтау ассо­­­циациясының ғылым жөніндегі директоры С.Скляренконың айтуынша, азықтандыру идеясы Қаракөлдің бірегей экожүйесіне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Қазіргі таңда үй жануарлары мен құстардың арасында өлім-жітім фактілері жоқ, үй құстарында ауру белгілері байқалмағандықтан карантин енгізілген жоқ және Маңғыстау облысында 6 мың бас құсқа екпе салынған.

Қаракөл төңірегіндегі кәсіпкерлік нысандардан, демалыс орындарынан құбыр арқылы құйылатын пайда­ла­нылған кәріз суларының әсері қаншалықты? Жергілікті зертханалық тексеріс нәтижесі бұл суларды «қауіпсіз» дегенді айтудан танбайды, бірақ халық көкейіндегі көп күдіктің ең негізгісі – осы. Су тапшы, әрбір тамшы су есептеліп тұратын Ақтауда таза суды ешкім беталды далаға ағызып жібермейді. Демалыс орындарында түрлі химиялық қоспалар қосылған су көл суының сапасына әсер етпейді емес, етеді. Құс қоректенетін көл түбіндегі өскіндерді зияндайтыны анық. Сондықтан бұл кәріз сулары құстар өміріне қауіп төндіретін бірден-бір себеп болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге көз жұмып қарамай, қалдық сулардың сапасын тексеріп, мәселеге орай шара қолданылатын кез баяғыда келді. Ал теңізі мен көлі бар, құсы бар Маңғыстауда неге білікті орнитолог мамандар жоқ? «Апат айтып келмейді» дегендей, оқыс жағдай орын ала қалса, «Алматыдан келеді, Астанадан келеді» деп алысқа жол қарап жүру – уақыт жо­ғалту ғана. Қазір де аққулардың өлу себебін зерттеу үшін алыстан маман шақыртамыз, олар сынама алады, зерт­тейді, шара қолданады деп жүргенде әлі қанша аққудың жер жастанары белгісіз...

 

Маңғыстау облысы