Қоғам • 15 Қаңтар, 2024

Көш квотасы көбейді

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алыс-жуық шетелдерден көшіп келетін қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды қабылдауға арналған 2024 жылғы өңірлік квота­ бекітілді.

Көш квотасы көбейді

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға арналған 2024 жылғы өңірлік квотасы 9 483 адам деп белгіленді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 554 адамға артық.

«Бұйрықтың мақсаты – Үкімет айқын­дайтын өңірлерде қандастар мен ішкі қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру. 2024 жылы өңірлік квота облыстар бо­йынша қандастарға Павлодар облысы – 902, Қостанай облысы – 550, Ақмола облысы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 269, Солтүстік Қазақстан облысы – 207, Абай облысы – 220 адамға, ал ішкі қоныс аударушыларға Солтүстік Қазақстан облысы – 2 702, Павлодар облысы – 2 603, Қостанай облысы – 950, Шығыс Қазақстан облысы – 372, Абай облысы – 255, Ұлытау облысы – 132, Қарағанды облысы 36 адамға беріледі», делінген министрлік хабар­ла­масында.

Бұған қоса, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға арналған өңірлік квота алатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, көшіп-қонуы үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК біржолғы субсидия берілсе, 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабуға субсидия беріледі. Сонымен қатар қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдама, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу, тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру қарастырылған.

Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан бастап 2024 жылғы 1 қаңтар аралығында 1 млн 128,37 мың қазақ тарихи отанына оралған. 2023 жылы 21,3 мың қазақ атажұртқа келіп, қандас мәртебесін алыпты.