Құқық • 15 Қаңтар, 2024

Адам құқы: бағыт пен бағдар

161 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп, халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адам құқын қорғайды. Демократияны дамыту, адам құқын қорғау және заң үстемдігін нығайту мақсатында қажетті заңнамалық жағдай жасалды.

Адам құқы: бағыт пен бағдар

Атап айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы­ның қағидаттарын енгізу шеңберінде Қазақстан азаматтары саяси шешімдер қабылдау үдерісіне кеңінен қатысатын болды. Сондай-ақ саяси басқарудың теңгерімді жүйесі құрылып, есеп беретін Үкімет және ашықтық қағидаттары енгізілді. Мақсат – елімізді саяси тұрғы­да трансформациялау және «Әділетті Қазақстанды» құру үшін басталған үдерістерді соңына дейін жеткізу.

апр

 

Негізгі реформалар

1. Демократияға атсалысу

Мемлекет басшысының реформа­с­ы­на сәйкес заңнамаға Қазақстан Президенті бір рет жетіжылдық мерзімге сайлану ережесі бекітілді. Яғни Президенттің екі рет сайлану құқығы жоқ. Бұл Қазақ­стан­дағы демократия қағидаттарын ны­ғайтуға мүмкіндік берді.

Суперпрезиденттік өкілеттікті жоюға бағытталған конституциялық реформалар іске асырылды. Президенттің жергілікті атқарушы органдарға қатысты өкілеттігі шектеліп, оның Сенаттағы квотасы қысқартылды.

Ресми саяси партияларды тіркеу шегі төрт есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетілді. Тіркеу ережелері жеңілдетілді.

Ұлттық заңнаманы либерализациялау нәтижесінде «Respublica» және «Байтақ» сияқты жаңа саяси партиялар тіркелді. «Respublica» партиясы 2023 жылғы нау­рызда өткен Парламент сайлауында «Amanat», «Ақ жол», «Ауыл», «Жал­пыұлттық социал-демократиялық партия» және «Қазақстанның Халық партиясы»  секілді танымал партиялармен қатар жеңіске жетті.

Мәжілістің өкілеттігі едәуір кеңейтіл­ді. Жаңа модельге сәйкес сайлау пар­тия­лық тізімдер мен бірмандатты округ­­тер бойынша өтті. 2023 жылғы нау­рыз­дағы сайлау қорытындысы бойын­ша Пар­ламенттен орын алған алты пар­тияның үшеуі депутаттық мандаттарға алғаш рет ие болды, ал оның біреуі – оппозициялық партия.

2022-2023 жылдардағы сайлауларда еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына сай келетін сайлауды реттеудің жаңа жүйесін жүзеге асыру арқылы Қазақстандағы саяси бәсекелестікті қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сайлау кезіндегі партиялық тізімдерді жасақтау және парламенттік мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнайы квота енгізілді.

Қазақстан тарихында алғаш рет аудандық және қалалық деңгейдегі әкімдер сайлауы өткізілді. Бұл ауылдық округтер әкімдерінің шамамен 60 пайызын жаңартуға мүмкіндік берді.

Өңірлік қаржыландыру ісін трансфор­мациялау және жаңадан Абай, Ұлы­тау, Жетісу облыстарын құру есебінен жергі­лікті билік органдарының өкілеттіктері ке­ңей­тілді. Жергілікті өзін-өзі басқару құқы­ғы жергілікті билік органдарына берілді.

Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік алды.

Халықтың елді басқару ісіне және Қазақстанның болашақ дамуына қатысты идеологиялық, мәдени параметрлерді ай­қын­­дайтын шешімдер қабылдау үдеріс­теріне қатысуын ынталандыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Ұлттық құрылтай болып қайта құрылды.

 

2.Құқық қорғау тетіктері

Реформалар адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтты. Соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды. Алқабилер соты қарайтын істердің санаттары кеңейтілді.

Қазақстан адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық тетіктердің рөлін күшейт­ті. Елімізде Адам құқықтары жөнін­дегі омбудсмен институты толық­қанды жұмыс істейді. Аталған институт конституциялық мәртебеге ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі, Бала құқықтары жөніндегі, Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары жөніндегі омбудсмендер тағайындалды.

Конституциялық сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау­дың маңызды тетігі ретінде қайта құрыл­ды. Қазақстан азаматтары оған тікелей жүгіне алады.

Конституциялық сот – Ата заң­ның үстемдігін қамтамасыз ететін конс­титуциялық бақылаудың жоға­ры органы. Конституциялық сот түпкілікті шешім шығарады және оның шешімдерін, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты шешімдерді Президент те қайта қарай алмайды.

Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар Консти­туциялық соттың тиісті қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылуы мүмкін.

Конституциялық соттың он бір судья­сының алтауын, яғни көпшілігін Пар­ламент палаталары тағайындайды. Ал төрағаны Президент тағайындағанымен, оған Сенаттың келісімі қажет.

Петицияларды жариялау және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды. Бұл азаматтарға онлайн өтініш беру арқылы өз пікірлерін білдіруге жол ашады. Мұндай тәжірибе Үкімет қызметіне ашық мониторинг жасауды қамтамасыз етеді.

 

3. Адам құқықтары және заң үстемдігі

Әлеуметтік кодекс қабылданды. Құжат халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санатына жататын азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған. Қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы төлем бекітілді.

Президент Қазақстанның халық­аралық міндеттемелеріне толық сай келетін «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан өлім жазасын жойды және сотталғандардың денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі азаматтық функцияларды Ішкі істер министрлігінен алып, Денсаулық сақтау министрлігіне берді. Қазақстан балалар мен мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ-ның факультативтік хаттамаларын ратификациялады.

Азаптағаны үшін қылмыстық жауап­кершілік қатаңдатылды, Азап­тауларға қарсы күрестің ұлттық превен­тивті механизмі күшейтілді, азаптауларға және қатыгез іс-әрекеттерге қатысты заңнамалық анықтама енгізілді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауап­кер­шілік едәуір күшейтілді. Мұндай жағдайларда тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі заң жүзінде алынып тасталды.

Ұлттық қордан балаларға арнал­ған аударымдарды реттейтін заң қабыл­­дан­ды. Митингілер туралы жаңа заң қабыл­дан­ды. Онда рұқсат алудың орнына ал­дын ала ескерту тәртібі енгізілді. Нәти­же­сінде, Қазақстанда бейбіт митин­г­ілер саны бірнеше есе өсті. БАҚ туралы заң қауіпсіз цифрлық кеңістік құру мақсатында реформаланды.