Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы орайда жоғарыда Президентіміз атап өткендей, биылғы жыл халқымыздың мәдениеті мен өнеріне еңбек сіңірген танымал тұлғалардың мерекелік даталары мен рухани тағылымы мол оқиғаларға толы болып отыр. Атап айтар болсақ, заманында төбе би атанған атақты сүйіндік Шоң би Едігеұлының биыл туғанына – 270 жыл, Исатай мен Махамбет көтерілісінің белді батыры Есет Қараұлының туғанына – 225 жыл, атақты жырау Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Сондай-ақ қазақтың әйгілі әнші-ақыны үш жүзде сайран қылған Біржан Қожағұлұлы мен қазақ өлеңінің көкала үйрегі атанған әнші-сазгер Кемпірбай Бөгенбайұлының туғанына 190 жылдың жүзі бопты.
Бұл тізімді одан әрі жалғастырар болсақ, қазақтың күй өнерінің эпикалық сарынын қалыптастырған үлкен өнер иесі Қазанғап Тілепбергенұлының туғанына – 170 жыл, ХХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің ірі өкілі Мұрын жырау мен Торғай өңірі қазақтарынан шыққан зор білім иесі Қорғанбек Бірімжановтың туғанына – 165 жыл, халық композиторы, жауырыны жерге тимеген балуан Нұрмағамбет Баймырзаұлының (Балуан Шолақ) туғанына – 160 жыл, көрнекті ақын-сазгер, өнер қайраткері Естай Беркімбайұлы мен көрнекті Алаш қайраткері Шаймерден Қосшығұлдың туғанына 150 жыл толған даталы мерекелер бар екен.
Сол сияқты қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына – 140 жыл, қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толса, биылғы жылдың басты мерекесі: қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және алаш қайраткерлері – Хайретдин Болғанбаев пен Сұлтанбек Қожанов қатарлы тұлғалардың 130 жылдық мерейтойы есік қағып тұр. Бұлардан басқа ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақов пен қазақтан шыққан тұңғыш академик, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы һәм тұңғыш президенті, минерология ғылымдарының докторы Қаныш Сәтбаевтың (12 сәуір) туғанына 125 жыл толады.
Келесі кезекте туғанына 120 жыл толатын тұлғалар – танымал әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Бейсенбай Кенжебаев (4 қазан), атақты қобызшы Дәулет Мықтыбаев (1 қаңтар), әнші, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков (28 тамыз), кескіндемеші, КСРО халық суретшісі Орал Таңсықбаев (14 қаңтар), график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев (1 қаңтар), ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, академик Әлкей Марғұлан (11 мамыр) қатарлы ұлт қайраткерлері ұлықталары анық.
Биыл туғанына 110 жыл толып отырған қазақ жазушысы Саттар Ерубаев, актриса, КСРО және Қазақстан халық әртісі Сәбира Майқанова (1 қаңтар), әйгілі актер һәм режиссер, КСРО халық әртісі Шәкен Айманов (15 ақпан), әнші, Қазақстанның халық әртісі Рәбиға Есімжанова (5 қаңтар) қатарлы ұлт руханиятына еңбек сіңірген өкілдердің мерейтойлары өз кезегінде аталып өтер деген ойдамыз.
Ал биыл туғанына100 жыл, яғни ғасырлық мерейтойы аталып өтуге тиіс тұлғалар – Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткер, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов (22 қазан), тарих ғылымдарының докторы, қазақ археологиясының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышев (23 мамыр), Екінші дүниежүзілік соғыста Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батыр, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев (19 қазан), академик, филология ғылымдарының докторы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлт руханиятының көрнекті өкілдерінің бірі Әбдуәли Қайдар (13 желтоқсан), қазақ суретшісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Үкі Әжиев (23 желтоқсан), қазақ ақыны, сықақшы, ұлт қайраткері Шона Смаханұлы (5 қазан), көрнекті этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының докторы Халел Арғынбаев (21 қыркүйек), әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қораныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов (25 мамыр), жуықта өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-сессиясында есімі атаулы күндер тізбесіне еніп, мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілгелі отырған қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев (15 қазан), ақын, драматург Берқайыр Аманшин (11 қараша), академик, көрнекті лингвист-ғалым, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер Рабиға Сыздықова (17 тамыз) т.б. қайраткерлердің мерейтойлары қоғамның рухани игілігінің бастауына айналары анық.
Сонымен қатар туғанына 90 жыл толатын мереке иелері: танымал қаламгер, журналшы Сарбас Ақтаев (30 қыркүйек), Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов (11 ақпан), көрнекті ақын Сағи Жиенбаев (5 мамыр) қатарлы қалам қайраткерлері болса, 80 жасқа толған «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегерлері белгілі ақындар Ақұштап Бақтыгереева (23 тамыз) мен Жәркен Бөдешұлы (15 мамыр), сондай-ақ 70 жасқа толушылар – ақын, аудармашы Байбота Қошым-Ноғай (8 мамыр), ақын-жыршы Баянғали Әлімжанов (16 қазан), әнші Бағдат Сәмидинова (5 ақпан), сықақшы, журналист Берік Садыр (20 маусым), ақын, рәмізтанушы Ербол Шаймерден (12 мамыр), журналист Жұмабек Кенжалин (30 желтоқсан), таэквондошы Өзтүрік Мұстафа (23 қараша), сатирик Толымбек Әлімбекұлы (18 наурыз), айтыскер, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл (21 мамыр), ақын, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лаураеты Ұлықбек Есдәулет (29 сәуір) т.б. бар.
Сөзімізді түйіндер болсақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» дегеніндей, биылғы жылдың үлесіне бұйырып отырған һәм жоғарыда атап өтілген тұлғалар жайлы танымдық мәліметтер бүгінгі қалың бұқара мен жаңадан өсіп келе жатқан жас буын өкілдеріне өнеге-үлгі болуымен қатар, Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді деген үміт бар.