Қоғам • 15 Қаңтар, 2024

Қорғаныс министрі 2024 жылға арналған басым міндеттерді айқындады

274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен 2024 оқу жылында Қарулы күштерді даярлау мен дамытудың негізгі шаралары бойынша кеңейтілген кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрі 2024 жылға арналған басым міндеттерді айқындады

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оған Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың, Ұлттық қорғаныс университетінің, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің, әскер тектерінің қолбасшылары және әскери бөлімдердің командирлері қатысты.

Министр негізгі күш жауынгерлік даярлықтың сапасына және әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталуы тиіс деп атап өтті. Әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуал, жедел-тактикалық жұмыс деңгейін және басқарушы органдардың басқару шешімдерінің сапасын арттыру мәселелері де назарда болуға міндетті.

Қорғаныс ведомствосының басшысы жеке құрамның мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығы осы факторларға байланысты деді.

– Биыл ел аумағында бес мемлекеттің қатысуымен ауқымды оқу-жаттығулар өтеді. Ол жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек.  Жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында бауырлас халықтар мен қарулы күштер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау біз үшін өте маңызды, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Кеңесте Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығының негізгі міндеттері мен ұйымдастыру-штаттық іс-шаралары туралы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов баяндады.

Ол 2024 жылға 160-тан аса жедел және 70 мыңнан астам жауынгерлік даярлық жөніндегі іс-шаралар жоспарланғанын айтты. Бас штаб бастығы олардың ішіндегі ең маңыздысы Әскери-теңіз күштерінің, Әскери-әуе күштерінің, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы арнайы операциялар күштерінің, одан өзге Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерінің қатысуымен өтетін «Бірлестік» оқу-жаттығуы екенін атап өтті.

Бұдан басқа генерал-лейтенант Марат Құсайынов биыл генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдығын мерекелеу аясында Алматыда бокстан, самбодан халықаралық чемпионаттар өткізілетінін және алғаш рет қазақша күрестен ТМД әскери қызметшілерінің чемпионаты өтетінін хабарлады.

– Қазақстанда барлығы 33 жарыс өтеді. Сонымен бірге әскери спортшылар 17 халықаралық жарыста да бағын сынайды. Биыл әскери қызметшілердің 35 халықаралық тактикалық оқу-жаттығуға қатысуы жоспарланып отыр, олардың алтауы бізде өтеді, – деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.

Қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу, күрделі жөндеу және жаңғырту мәселелерін Қорғаныс министрінің қару-жарақ және әскери техника жөніндегі орынбасары генерал-майор Бақытбек Сыдықов өз баяндамасында атап өтті.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Қарулы күштердегі халықаралық ынтымақтастықтың, тәрбие және идеологиялық жұмыстардың басты шараларына назар аударды.

Тылдық қамтамасыз ету мен әскери инфрақұрылымды дамытудың негізгі шараларын ҚР Қарулы күштерінің Тыл бастығы полковник Арман Мансұров баяндады.

Кеңес қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қорғаныс ведомствосының негізгі міндеттерін айқындады. Командалық құрамның күш-жігері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимылды ұйымдастыруға бағытталмақ. Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін, ұлттық өндірістік және жөндеу базасын дамытуға, жауынгерлік даярлық сапасын арттыруға, армияны жоспарлы қайта жарақтандыруға, әскери-оқытылған резервтің үлесін ұлғайтуға және ведомствоаралық үйлестіруді жақсартуға ерекше назар аударылады.