Қоғам • 15 Қаңтар, 2024

«Жайылым тарылған, аң аулау көбейген, ауызсу тапшы». Депутат ауыл тұрғындарының жанайқайын жеткізді

197 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңа жылды аймақтарға сапарлаумен бастаған қос палатаның депутаттары Астанаға келіп, өңірлердегі қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр. Облыс орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдардың да, шағын елді мекендердің де қазіргі жай-күйі қалай? Бұл туралы өткен аптада Алматы облысын аралап, тұрғындармен кездескен Парламент мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауовтан сұрап көрдік.

 

«Жайылым тарылған, аң аулау көбейген, ауызсу тапшы». Депутат ауыл тұрғындарының жанайқайын жеткізді

Фото: Диас Нұрақын

– Жуырда өңірлерді аралауға аттандыңыздар. Қазір әлеуметтік желі, өзге де интернет платформалары арқылы ел  хабардар болып отыр. Өзіңіз де Алматы облысының бірнеше ауданында болдыңыз.

– Алматы облысының Балқаш, Іле, Жамбыл және Қарасай аудандарында болдым. Аудандардың әрбірі ауқымы жағынан үлкен әрі халықтың тығыз орналасуымен ерекшеленеді. Әр ауданда бірнеше ауылдық округ бар.  

арасын

– Сіз аралаған аудандардың халқын қандай мәселелер толғандырып отыр?

– Ең күрделі мәселелердің біріне Қарасай ауданында тап болдым. Алматы облысы бойынша өте үлкен проблема десем де артық айтқандық болмас еді. Іргелі, Кемертоған, Көксай деген елді мекендер бар. Расында да бұлар қалаға іргелес орналасқан мекендер. Сол жерлер кезінде оңды-солды сатылып кеткен. Тұрғындар да құжаттарын түгендемей, сатып ала берген. Қызыл жолақта тұрған жерлер де сатылған. Жолдары да реттелмеген. Архитектураның да талаптары мүлдем ескерілмеген екен. Тұрғындары жаңа айтқанымдай құжаттарының кейбір тұстары заңсыз екенін біледі. Бірақ кезінде сатылған уақытта неге жергілікті әкімдік дұрыстап қарамаған деп уәждерін айтты. Осыны қалай заңдастырамыз деп алаңдап отыр. Өйткені көбі жиған-терген соңғы ақшаларына үй тұрғызып алған. Құжатсыз үйде жол, су, газ тартылмаған мекенде тұрып жатыр.

– Ірі қалалар маңында болса да әлі күнге дейін газ, су мәселелері неге түбегейлі шешілмеген? Бұл түйткілді тарқатуға не кедергі?

– Жергілікті билік инфрақұрылымға неге соншалықты салғырт қарағанын түсіне алмай-ақ қойдым. Халыққа күнделікті қажетті су, газ деген мәселелер мүлдем қадағаланбай жатыр. Бұл енді тікелей жергілікті әкімдіктердің міндеті деп ойлаймын. Кейбір тұрғындар аулаларына суды, газды, жарық бағаналарын өздері түсіріп, оны өзге көршілері белгіленбеген бағамен сатып, кез келген уақытта өшіріп тастап отыр екен. Бұл енді мүлдем қисынға келмейтін талап емес пе?! Айта кетсем, бұл тек Қарасай ауданы бойынша ғана көтеріліп отырған мәселе. Бір күндік емес, көптен бері қордаланып, шешімін таппай отырған түйткіл ғой. Бірақ нақты бір шешімі жоқ. Енді осы проблеманы жан-жақты зерттеп, көтеру керек деп есептеймін.     

– Көптеген жер жеке меншікке өтіп кетіп, ауылда ағайын жайылымнан тарығып,  қиыншылыққа тап болғанын естиміз. Өйткені негізгі нәсібін ауылшаруашылығы саласынан табатын тұрғындар үшін жайылым жер, жем мен шөптің, судың мәселесі өзекті. Енді олар бұл түйткілден қалай шығады? 

– Мұндай даулы мәселемен де мен бұрыннан таныспын. Көптен бері құлағдар болып жүр едім. Өзім жақында барып, көзбен көрдім. Жамбыл ауданында жайылымға арналған жер мәселесі ушығып тұр. Негізгі үмітіміз - алдағы уақытта жайылым жер туралы заң қабылданса 20 млн гектар жер қайтарылуы тиіс. Осылайша жергілікті тұрғындарға да, шағын шаруа қожалықтарына да қолайлы жағдай қалыптастырылады деп сенемін. Ушығып тұрған тағы бір келеңсіз дүние - мал ұрлығы. Жамбыл ауданы тұрғындарының жергілікті полицияға мүлдем көңілі толмай отыр. Сондай-ақ аудан ортылығы Ұзынағаш елді мекенінде мал базары бар. Еліміздегі ең ірі базарлардың бірі. Сол жерде санитарлық талаптар дұрыс қадағаланбаған. Әр ауылдан келген мал да, мал еті де базарға кірерде арнайы тексерілуі тиіс. Бірақ дұрыс жолға қойылмаған. Ең алдымен бұл да халық тұтынатын азық қой. Оны реттемесек, адамдар уланып қалса, түрлі ауру жұқтырса кім жауап береді? Облыстық ветеринарлық қызмет осы олқылықтың орнын толтырса құба-құп болар еді.

– Осы сапарыңызда Балқаш ауданында болып, тұрғындармен жүздескен екенсіз. Шынын айту керек. Іленің жағасы, табиғаты таңғажайып мекен. Сол жерде туризм мәселесі де айтылыпты. Жұмыс жүйеленген бе? Болашақта ол жерді жерлестеріміз, шет ел меймандары келіп, тынығатын орынға айналдыруға бола ма?  

– Балқаш ауданына қарасты Іленің бойына демалыс күндері мың машина келеді екен. Өзіңіз есептеп көріңіз. Әрбірінде үш адамнан болса сенбі, жексенбі күндері үш мың адам келіп кетеді. Адам көп келетіндіктен инфрақұрылымды реттеу керек қой. Іле өзенінің сағасында орналасқан ауданда туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленбеген. Мәселен, өңірде 28 демалыс орталығы бар. Бірақ соның тек 12-сі ғана аудан бюджетіне салық төлеп, жұмыс істеп жатыр. Қалғандарынан көк тиын пайда жоқ көрінеді. Сондай-ақ өңірде заңсыз аң аулау дерегі көбейген. Браконьерлер табиғатты талқандап, аң-құстарды қынадай қырып жатыр. Оларға қой дейтін қожа жоқ. Сондықтан аудан халқы аң аулауға мараторий жариялауды сұрап отыр. Тұмса табиғатты сақтап, жабайы аң-құстардың қырылуын тоқтату үшін шұғыл шешімдер керек. Бұл мәселелер бойынша алдағы уақытта өз ұсынысымды білдіремін.

– Ауылдардағы инфрақұрылым, спорт кешендері, білім ошақтарының жағдайлары сын көтере ме?

– Ауызды құр шөппен сүртуден аулақпын. Мен барған аудандар қалаға жақын болғандықтан тиісті инфрақұрылым бар. Жаңа спорт кешендері де біртіндеп салынып жатыр. Жұмыс істеп тұрған кешендер де жеткілікті. Ал мектепке келер болсақ, бұл барлық жерде кездесетін мәселе. Әсіресе Іле, Жамбыл, Қарасай аудандарында мектептер құрылысы жүріп жатыр. Алайда үш-төрт ауысымды білім ошақтары азаймай тұр. Бұл ең алдымен білімнің сапасына әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Бір жағынан бұл аудандарда халық саны да артып келе жатыр. Сондықтан орта білім беру мекемелері көптеп салынса деген тұрғындардың тілегін естідік. Жол да сын көтермейді. Мәселен, Байсерке ауылының маңында үлкен логистикалық орталық бар. Теміржол өтеді. Сондықтан сол маңда осыдан он жыл бұрын да көлік кептелісі болатын. Қазір ол мүлдем созылып кеткен. Ауыр жүк көліктері көп қатынайды. Сол жерге көпір салынса, көлік кептелісіне айтарлықтай оң әсерін тигізеді. Бұл жергілікті жұрттың негізгі мәселелерінің біріне айналған. Өйткені кептеліс жұмысқа, сабақаққа уақытында қатынауға кедергі болары белгілі ғой. Сондықтан сапар барысында көрген-түйгенімді мен сауал ретінде жауапты орындарға  жолдап,  оңтайлы шешілуіне күш саламын.