Қарымды қаламгердің балалық шағы сұм соғыспен тұспа-тұс келіп, жас күнінен тағдырдың тауқыметін тартты. 1941 жылы әкесі әскерге алынады. Осы кезде елдегі бар ауыртпалық жасы үлкен қариялар мен әйелдердің басына түсті. 1942 жылы анасы колхоз жұмысын істеп жүргенде оқыс оқиғадан қаза болды. Ол кезде Сайын ағаның жасы небәрі алты жаста екен. Енді оны атасы Мұратбек тәрбиелейді. Осы жанды мұңға батыратын оқиғалардың дені жазушының «Жусан исі», «Жабайы алма» повестеріне арқау болған. Неге десеңіз, кез келген қаламгер қандай шығарма жазса да, оның негізінде өзі басынан өткерген, көрген, сезінген оқиғалардың желісі жатары анық. Мәселен, «Жусан исіндегі» Аянның бейнесі – суреткердің өзі ме деп қаласыз. Өйткені бұл туындыда әкесі соғысқа кеткен жетім баланың басынан өткен оқиғалар сондай шынайы бейнеленген. Оқырман Аянмен бірге жылап, бірге күледі. «Жабайы алма» повесінде де автордың алты жасынан кейінгі біраз өмірі кеңінен қамтылған. Мұндағы Көкінай, Нұғыман, Әжібек, Байдалы, Тоқтар мен Нәзира секілді кейіпкерлердің бәрі де бір-бір мақалаға жүк болатын образдар.
Сайын Мұратбеков әдебиетке өзіндік тақырыбымен келіп, өмір кұбылыстарын өзгеше өрнектеген суреткер. Көркемсөз өнеріндегі шағын жанр туралы сөз бола қалғанда, алдымен тіл ұшына Бейімбет Майлин оралады. Биағаңның шығармаларын оқығанда көз алдымызға 20-30 жылдардағы оқиғалар тізбектеліп келе қалады. Ондағы кейіпкерлер бейнесін ұмыта да алмайсыз. Сол секілді, Сайын ағаның туындыларында да 50-60 жылдардағы ауыл өмірі, ондағы өзгерістер, қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі, қуанышы мен қайғысы көркем суреттелген. Ол – Б.Майлиннен кейін әңгіме жанрының дамуына мол үлес қосқан қаламгер. Қарапайым кейіпкерлерінің басында болатын әрқилы сезім бұлқыныстары мен толғаныстарын аса бір дәлдікпен нәзік баяндайды. Жазушының сұлу ағыспен жазылған жұп-жұмыр әңгімелеріндегі ерекшелік – қысқалық. Бос сөзге бармайды. Бір-екі деталмен кейіпкер жансарайын керемет ашады. Мысалы, «Күсен-Күсекедегі» – Күсеке, «Отау үйдегі» – Ұзақ пен Тана, «Ананың арманындағы» – әже, «Кәментоғайдағы» – Кәмен, «Ескек желдегі» – Рысжан, «Жеңешедегі» – Қамар, «Басында Үшқараныңдағы» – Зағипа сияқты образдардан халқымыздың болмысына тән адалдық, тазалық, мейірбандылық, қонақжайлылық секілді асыл қасиеттерді айшықты көркемдеген.
Сондай әңгіменің бірі – «Менің қарындасым». Шығарма атауының өзі жылылық шақырады. Басталуы да тосын. «Қысқы демалыста ауылға келген» ағасының «соншалықты тез өсіп, өзгеріп кеткен қарындасы» көз алдымызда тұрады. «Кеше ғана жолда келе жатқанымда оны көз алдыма тіптен басқаша елестетіп едім. Орта бойлы, толықша келген қара торы жүзді, әр кездегі ерке қалпында менімен таласа кетуге дайын тұратын өжет қыз. Шолақтау келген сүйкімді мұрны үнемі күлкі нышанын аңғартып, сөйлеген кезде жыбырлап тұратын». Енді жасы он жетіге келген Әлима аз уақытта өзгерген. «Жүріс-тұрысы да, сөйлеуі де, тіпті езу тартып күлгені де» басқаша. Бойы сұңғақтанып, қара торы ерке жүзі ашаңдана түскен. Ойнақшып тұратын отты көздері де ойлы тартқан. «Шолақ мұрнының ұшы үшкілденіп, қырлана түсіпті. Жаңадан тіккізген қызыл драп пальтосы да өңіне жарастық беріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, қарындасым тамаша сұлу қыз болыпты. «Қыз деген тез бойжетеді», – деп апамның талай айтқаны есіме түсті. Бірақ мен оның әсем сұлулығынан гөрі, тиісе кетуден тайынбайтын, ерке қылығын аңсап келген едім ғой». Қысқасы, осы қарапайым қыздың бойынан оның сыртқы бейнесі ғана емес, ішкі жан дүниесі де өзгергенін байқайсыз. Оның тұп-тұнық мөлдір көзінде жан білмейтін терең сыр бар. Ол сыр тегін сыр емес, махаббат сыры. Сөйтсек, Әлиманы өзгерткен махаббат сыры. Осы 5-6 беттен аспайтын шағын әңгімеде жазушы адам жанының нәзік пернесін тамыршыдай тап басады. Әңгіме кейіпкерін келісті суреттейді. Бұл шығарманың жазылғанына біраз жыл өтсе де, Әлиманың бейнесі оқырманға әлі ыстық.
Шын мәнінде, Сайын Мұратбеков – аз жазса да, саз жазған сыршыл суреткер. Оның әдебиет қазынасын байытқан лирикалық шұрайлы шығармаларымен сан ұрпақ сусындап өсері анық.