Сұхбат • 15 Қаңтар, 2024

Ғалым Ахмедьяров: Мақсатымыз – ұлттық классиканы дәріптеу

135 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Театр әлемі қыз-қыз қай­нап жатпаса, оның несі өнер? Әр күн са­йын ізденіске із салған ұжымдардың аяқ алысын бақылау да өз алдына қызық. Осы орайда еліміздегі жетек­ші өнер ордаларының бірі «Астана опера» ­театрына хабарлас­қан едік. Театр дирек­торы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров ұжымның жаңа жылға арналған жоспары, «Астана опе­раның» мәдени орта қалыптастырудағы рөлі мен келешектегі қойылымдары, алдағы гастрольдік сапарлары және тағы да басқа жаңалықтары туралы айтып берді.

Ғалым Ахмедьяров: Мақсатымыз – ұлттық классиканы дәріптеу

– Ғалым Алғиұлы, театрдың өз өкілі ретінде ұлттық театр өне­рі­нің бүгінгі жай-күйіне, әсіресе, елі­­міздің рухани дамуын көтеру тұр­ғысындағы ахуалына қандай баға бересіз?

– Жалпы, еліміздің өнері барлық мәдениет мекемелеріне бай әрі сан алуан шығармашылық алаң құра отырып, рухани дамуды көтеруге оң ықпал етуде деп ойлаймын. Бүгінде өзі­нің қызықты ұзақ жылғы тарихы бар көне театрлар – Абай атын­дағы Қазақ ұлттық опера және балет театры,­ Қ.Қуанышбаев атындағы Қа­зақ ұлттық музыкалық драма театры, М.Әуезов және М.Горький атын­да­ғы драма театрлары табысты қыз­мет етіп келеді. Филармониялар, хо­рео­графиялық училищелер мен ака­­­де­миялар да жемісті жұмыс істеу­де. Елі­міз жалпы әлем­дік ауқымда көш­тен кейін тұрған жоқ. Көптеген театр­лар­ға арналып жаңа ғимараттар салы­нып, ұжым­дар белсенді шығармашы­лық өмір сүру­де. Мәселен, «Астана опера» – салыстырмалы түрде жас театр бол­ғанымен, әлемдік мәдени қауым­дастықта әлдеқашан сұранысқа ие, сондай-ақ ол бүгінде еліміздің музы­калық-сахна өнерінің басты орда­сына айналды. Ол елімізде болып жатқан жаһандық оң өзгерістер көрінетін өзіндік бір айна тәрізді. Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің еліміздегі мә­дениет пен өнерді дамыту бойын­ша стратегиясын жүзеге асыру театры­мыздың барлық маңызды жобалары қатарында.

пр

– Жаңа жылдағы жоспарлары­ңыз қандай?

– 2024 жылы театрымыз шетел­дегі гастрольдік турлар аясында та­­маша қойылымдарды ұсынады. Балет труппасын Словения астанасы Люблянаға Халықаралық фестивальде өнер көрсетуге шақырды. Онда ұжым А.Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» балетін орын­дайды. Ал опера труппасының әртістері Ресейдің Үлкен театрында өнер көрсетеді. Сонымен қатар биыл біз П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеті мен С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», Дж.Вердидің «Риголетто» операларының премьераларын көрсе­туді жоспарлап отырмыз. Одан бө­лек, көптеген симфониялық және концерттік бағдарламалар дайындалу үстінде. Осылайша, театр әртістері­нің кәсіби өсу қажеттілігін, сондай-ақ көрермендердің қызығушылығын ескере отырып, театр репертуары бұл жылы опера және хореографиялық өнердің неғұрлым танымал ұлттық және әлемдік туындыларынан құры­луына баса мән беріп отыр.

– «Астана опера» театры өз қыз­метінде не нәрсеге басымдық бере­ді және алдына қандай мақ­саттар қояды?

– Мен үшін театр өнер туындыларын ұсынатын орын ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сананы қалыптастыратын алаң. «Астана опе­ра» мәдени дамуға үлесін қосуда. Сондықтан біздің мақсаттарымыздың бірі – ұлттық классиканы дәріптеу, мәдени мұраны жаңа дыбыстау мен жеткізу түрлерімен байыта отырып, оны заманауи пайымдамада интерпретациялау. Бұдан бөлек, әлемдік мәдени қауымдастықтың интегралдық бөлігі болуға ұмтылып жатырмыз, ол жерде А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» опералары сынды өзіміздің ұлттық классикамызды таныстыра аламыз. Сонымен қатар тағы бір мақсатымыз – дарындардың жаңа буынын тәрбиелеу, сол себепті біз жас әртістермен белсенді түрде бір­лесіп әрекет етудеміз. Театр базасында Astana Opera Халықаралық опера академиясын құрып, оның тыңдаушыларына білім алуға және өз-өздерін жетілдіруге, біздің труппамен бірге сахнаға шығуға мүмкіндік бердік. «Астана опера» театрымен әріптестік жас әртістерге кәсіби өсу үшін ғана емес, сондай-ақ әлемдік ауқымда кеңінен танылу үшін де жол ашады. Академистердің алғашқы шығарылымы өте жақсы нәтиже көрсетті. Жастар көптеген беделді бай­қаулардан жеңіспен оралды. Оларды қазір шетелдік театрлар қо­йылымдарына қатысуға үздіксіз шақырып жатыр. Демек біздің таң­даған бағытымыз дұрыс болға­ны. Әртіс­тердің келешек буынының тағ­­дырын ойлай отырып, біз сцено­графиядағы театр дәстүрлерін кім­дердің қабылдап алатыны туралы да ұмытқанымыз жоқ. Сондықтан елімізде бірінші болып балаларға арналған театрлық қолөнер студияларын құрдық. Олар театрымыздағы балалар хор және балет студияларымен қатар жемісті жұмыс істеуде.

– «Астана опера» театрындағы қандай оқиға немесе жоба сізге ерекше қымбат?

– Қиын сұрақ, себебі біз әрбір жаңа жобаны бастағанда оған жанымызды, эмоциямызды саламыз. Барлығы ең жоғары деңгейде өтсе екен деп тырысамыз. Себебі өнерде ұсақ-түйек де­ген жоқ. Опералық және балет­тік қо­йылымдар тәрізді неғұрлым ауқым­ды жобалар бар. Сонымен бірге театры­мызда Piccolo театры жобасы аясында ұсынылған комедиялық опе­ра секілді шағын көлемді жобалар да көрерменін үздіксіз қуантып келеді. Мұның барлығы да біз үшін өте маңызды. Өйткені осындай шы­ғармашылық оқиғалардан біздің бар­лық жұмысымыз құрылады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»