Қылмыс • 16 Қаңтар, 2024

Басбұзарды кім тезге салады?

133 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаңтардың алғашқы күндері Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қызылжар ауылында болған қайғылы оқиға біраз жұртты дүрліктіргені рас. Елді мекендегі дүкен жанында түнгі 11-лер шамасында он жігіттің арасындағы болған төбелес екі колледж студентінің өлімімен аяқталған еді.

Басбұзарды кім тезге салады?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әлеуметтік желіде тұтанған жанжалдан кейін жеке кездесуге келген ашулы топтың арасындағы әскерден оралған екеу колледждің 17 жастағы балаларына пышақ сілтейді. Жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген төрт баланың екеуі қайтыс болса, екеуінің өмірін дәрігерлер арашалап қалды. Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, алты бала қамауға алынды.

Осыдан кейін облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құ­қық бұзушылыққа қарсы рейд басталып, бір апта ішінде түнгі уақытта жүрген 170 жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізілді. Компьютерлік клубтар мен ойын-сауық орындарында жүрген кәме­летке толмаған 134 баланың ата-анасы полиция департаментіне шақыртылды. Беймезгіл уақытта көше кезіп жүрген жеткіншектердің қалтасынан екі пышақ, бір бита, бір газ баллоны табылды. Мә­селен, 16 жастағы екі колледж студенті жиналмалы пышақты қалталарына салып жүру себебін тәртіп сақшыларына түсіндіре алмаған. Құқық бұзушылыққа барған жеткіншектердің көбінің әке-шешесі ауылда тұратын болып шықты. Соған қарамастан олардың ата-аналарына әкімшілік айыппұлдар салынды.

Полиция департаменті басшысының орынбасары Ардана Саймағамбетов жыл сайын жасөспірімдер қолымен және жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыс саны артып бара жатқанын мәлімдеп, үлкен мәселенің себеп-салдарларына кеңінен тоқталды. Мәселен, облыста 2022 жылы кәмелетке толмағандар 82 қылмыс жасаса, өткен жылы бұл сан 128-ге өскен. Бір жылдың ішінде жас­өспірімдер қолымен жасалған қылмыс саны екі есеге артқан. Тіркелген құқық бұзушылықтардың дені – тонау, ұсақ бұзақылық және алаяқтық қылмыстары. Соның ішінде Ақтөбе қаласында – 95, Мұғалжар ауданында – 10, Шалқарда – 9, Хромтауда – 3, Алғада – 5, Мәртөк, Темір және Ойыл аудандарында бір-бірден қылмыс тіркелген. Қылмыс жасаған­дардың 30-ы – мектептердің 8, 9, 10-сынып оқушылары, 73-і – колледж, 4-еуі ЖОО студенттері. Полиция ауылдан Ақтөбеге келіп, колледждерде оқып жатқан студенттер тұратын жалдамалы пәтерде қылмыс көп жасалатынын хабарлайды. Келтірілген статистика ішінде бір жасөспірімнің бірнеше қылмыс жасау дерегі де бар.

Өкінішке қарай, өңірде кәмелет жасына жетпегендерге қарсы қылмыс түрлері де артып барады. Мәселен, өткен жылы жасөспірімдерге қарсы жасалған 106 қылмыстың 27-сі жыныстық қол сұғушылық және 11-і зорлық-зомбылық. Балаларға зәбір көрсеткендер алыстан келмейді, көбіне жеткіншекті жақсы танитын достары, көршісі, өгей әкесі және басқа да туыстары болып шығады.

Түнгі рейдте ұсталған 173 балаға қа­тысты полиция департаментінде өткен жиында олардың ата-анасы шу шы­ғарған. Әсіресе қолдан жасалған тапанша, пышақпен ұсталған балалардың әке-шешесі бұл жағдайға мүлдем сен­бейтін­діктерін мәлімдеген.

«Біз бұл балаларды ерекше бақылауға алып, ата-аналары мен өздері оқитын оқу орындары басшыларының қатысуымен жиналыс өткізіп жүрміз. Балаларын есепке алмасақ та, ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Бетімен кетіп бара жатқан жасөспірімдердің тәртібін бірлесе жөнге қоюға тиіспіз. Алайда құқық бұзушылыққа барған балалардың ата-аналары полиция қызметкерлерімен бірлесе әрекет етудің орнына бізге қарсы шығып жататын кездер де бар. Олар баласының түнгі мезгілде қайда жүргенінен, кіммен жүргенінен мүлдем хабарсыз», дейді Ардана Саймағамбетов.

Тағы бір назар аударатын мәселе – бұрын бақылаусыз жүретін, ұсақ бұзақылық жасаған балалар ішкілікке салынған, тұрмысы төмен отбасылардан шығатын болса, кейінгі жылдары тұрмыс жағдайы жақсы, толық шаңырақта тәрбиеленіп жатқандардың қылмыс жасауы жиілеген. Мәселен, ювеналдық полиция қызметкерлері екі күнде ұстаған 70 жасөспірім – тұрмыс жағдайы жақсы, толық отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар. «Баламызды аңдығанша, неге қылмыскерлерді ұстамайсыңдар?» деп ата-аналар шу шығарады. Бірақ олар түнде бақылаусыз жүрген жеткіншектің келеңсіз жағдайға ұрынуы немесе жаман ортаға түсуі мүмкін екенін түсінбейді», дейді Ақтөбе қаласы ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің басшысы Ботакөз Жалекешева.

Балаларының жүрісін қадағаламайтын және олардың түні бойы ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарда жүргенін оғаш көрмейтін ата-аналардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Бала тәрбиесіне жауапсыз қарайтын ата-ана, кінәні өзінен емес, өзгеден іздейтіні тағы бар.

 

Ақтөбе облысы