Сұхбат • 16 Қаңтар, 2024

Аймақтық ерекшелік ескерілгені жөн

507 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Бұл ретте ел Пре­зиденті алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайыз­ға жеткізуді тапсырды. Осы орайда ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Еркін ҚАСЫМОВПЕН әңгімелескен едік.

Аймақтық ерекшелік ескерілгені жөн

– Еркін Игенбайұлы, сіз ауыл ша­руашылығы бағдарламаларының іске асуына қатысты сараптама жасап жүрсіз. Бір жылдары оңтүстікте мақ­та кластерін құруға арнайы бағдарлама қабылданып, бюджеттен қы­руар қаражат жұмсалғанын білеміз. Бірақ мақтадан мата өндіріп, тоқыма өнім­дерінің шыққанын көрмедік. Қайта сала тұралаған үстіне тұралап барады. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

– Қандай бағдарлама болсын оны іске асырудың ғылыми тұрғыда зерделенген тұжырымдамасы, орындалу ал­го­р­итмі болуы керек. Сұрағыңыздың жауа­бын сол кездегі Үкімет басшылары, тұ­жырымдаманы дайындаған автор­лар беруі қажет. Күні бүгінге дейін бас­­қа сала­ларда да мемлекеттік жоба­лар­­д­ың оң нәтиже беріп жатқаны шамалы. Аустра­лиядан ұшақпен арнайы әкелін­ген асыл тұқымды меринос қошқар­лар жер­сінбей, мемлекеттік биязы жүн өндіру жобасы да аяқ­сыз қалғанына қынжылғаннан бас­қа амал жоқ. Мақта өндіру кластері өте күр­делі, бір-бірімен тығыз байланыс­ты бірнеше дербес саладан тұратын жүйе әрі өзіндік телімділігі тағы бар. Ұмыт­пасам бұл бағдарламаны іске асыру мер­зімі 2002-2005 жылдарға белгіленді. Сол жылдары Канаданың Ал­берта про­вин­ция­сында Қазақстан, Қыр­ғызстан ғалымдарымен бірге «OLD» кол­леджінің ұйымдастыруымен Хари­кейн компаниясы қаржыландырған халықаралық «CIDA» жоба аясында бір ай шамасында тәжірибе алмастық. Ол жердің табиғаты еліміздің шығысына өте ұқсас. Онда Қазақстанда өндірілген металдан машина, трактор дейсіз бе, барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін, тіпті мұ­найды да шығарып, өңдеп, қолданып жатыр. Канада барлық елге егін, мал өнім­дерін, тіпті төрт түлік малға деп таби­ғи шөптерді нығыздап, Калгари қаласы­ның халықаралық әуежайы арқылы араб ел­деріне тасып, сатумен айналысып жатқа­нын көрдік. Осыдан шығатын қорытынды, мақта кластері нәтижесін беруі үшін жобалар серпінді әрі кезең-кезеңімен орындалуы қажет. Алдымен мақта өсірудің заманауи технологиясын жолға қою бағдарламасы іске асуы қажет болатын. Сол жылдары теледидардан экономистер, ғалымдар нәтижесіз қалған сол жобаларды жан-жақты қолдап, мемлекеттік арналарда насихаттағанын білеміз.

– Қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіп жа­ғы­нан Қырғызстан мен Өзбекстан біз­ден оқ бойы озық тұр. Біз әлі мәселені тал­қы­лаудан арыға бара алмай отырған сияқтымыз.

– Өзбекстан ел экономикасы дағда­рыс­қа ұшыраған жылдары (1993-2000) мақтаны экспортқа, әсіресе Түркияға шы­ғарып, дағдарыс кезінде мемлекеттің бюджетін толтырды. Олар алдымен мақтаны өсіру технологиясын, кейіннен жіп иіру, мата шығару бойынша арнайы жеке-жеке бағдарламалар қабыл­дап, өндірістерін кезең-кезеңмен жаңар­тып, кластерлік технологияға қол жет­кізді. Олар бүгін өздері өсірген мақ­та­сын өңдеп, таза мата өндіріп, тігін кәсіпорындарын жолға қойып, отандық бұйымдарын экспорттайтын елге айналды.

– Еліміздің ауылдық аумақтарын дамы­ту әлі күнге өзекті болып отыр. Аймақтарды дамыту тұжырым­дама­ларын әзірлегенде қандай басымдық­тар­ды негізге алу қажет?

– Болашақта еліміздің бай табиғи ресурстары, Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасуымыз дамуымызға үлкен мүмкіндіктер ашады. Егер осы артықшылықтар салыстырмалы түрде қысқа мерзімде тиімді пайдаланылса, логистика дамиды, қалада, ауылда, әсіресе шекаралас аймақтардағы тұрғындардың әл-ауқаты жақсарады. Қайтадан құрылған бұрынғы облыстар­дың өркендеуі мұндағы әрбір саланы жан-жақты дамытумен тікелей байланысты болары анық. Бұл ретте мен орталықтандырылған қаржы ресурстарын децентрализация мәселелеріне, аймақтың ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға айрықша назар ауда­ру қажет дер едім. Жалпы, еліміздің, әсіресе оңтүстік, шығыс, орталық, батыс өңір­лерінің ауыл шаруашылығының ресурс­тық әлеуеті – агроөнеркәсіп кешенін мақсатты түрде дамытатын болса, бұл халықты азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, кейбір түрлерін экспорттайтын елге айналуға мүмкіндік береді. Дегенмен, агроөнеркәсіп кешенін дәйекті дамыту түпкі мақсат пен оған жетудің тәсілін нақты болжама­йынша мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың негізгі ережелерін қалыптастырған кезде нарықтық қаты­настар дамуының объективті заңды­лықтары, тамақтанудың ғылыми негіздел­ген стандарттары, жергілікті өнеркәсіп­тің шикізатқа қажеттілігі, генетикалық әлеует, егіннің, жануарлардың өнімділігі, барлық аймақтың табиғи биоклиматтық мүмкіндіктері сияқты факторларды ескеру қажет. Республика халқының болжамды жыл сайынғы өсімін 180-200 мың адамға және өнім тұтынуға медицина ұсынған нормаларды және өнеркәсіптік шикізат көлемін ұлғайтуды ескере отырып, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдар­лама­ның мақсаты – өнімділікті екі жарым есе, агроөнеркәсіп кешені өнім­дерінің экспортын екі есе арттыру және отандық өндірістің әлеуметтік ма­ңызы бар тауарларымен қамтамасыз ету. 2024-2029 жылдары бағдарлама жалғасын таппақ. Оларды іске асыру үшін шаруашылықтарды мамандандыруды жүзеге асыру қажет.

– Аймақтық табиғи ресурстық ерек­шеліктерді тиімді пайдалану үшін агро­сектордың қай салаларын дамытуға басымдық берген жөн?

– Еліміз нарықтық экономикаға көшкенге дейін Семей, Торғай, Жамбыл, Жезқазған секілді қалаларда ет комбинаты, сүт зауыты, жүнді бастапқы өңдеу, Алматыда жіп иіру, мата тоқу комбинаттары жұмыс істеді. Кішігірім Аягөз, Арқалық, тіпті Үржар, Ақсуат, Шемонайха сияқты шағын ауылдық жерлерде мал, егін шаруашылықтарының өнімдерін өңдеп шығаратын зауыттар, сүт-ірімшік, ет-шұжық комбинаттары болды, оларда мыңдаған адам қызмет етті. Бұл өндіріс орындарының барлығы одақтық маңызға ие еді, олардың бір бөлігі өнімдерін шетелд­ерге де экспорттады. Мысалы, Үржар ауданындағы зауыт ірімшіктің бір­не­ше түрін Еуропа мемлекттеріне, Қас­келең ауданындағы кішігірім тігін фаб­рикасы 1995 жылға дейін таза мақта­дан, жүннен тоқылған бұйымдарын Кана­даға экспорттады. 1980-1990 жылдары Семей, Торғай, Жезқазған өңірі елі­міздің мал шаруашылығын, әсіресе, қой шаруашылығын дамытудың флагманына айналды. Аталарымыз қой шаруашылығын дамытып, оны жетілдіруге басымдық берген, оның өнімдерін елдің тұрмыстық қажеттілігіне тиімді пайдалана білген. Сан ғасыр бойы жинақталған тәжірибенің нәтижесінде еліміздің түрлі өлкесінің табиғатымен терең үйлескен мал өсірудің, оның ішінде қой-ешкі өсірудің ерекше бір жүйесі қалыптасқан. Сондықтан қой шаруашылығы еліміздің шығыс, орталық, батыс, оңтүстік аймақтарында республика экономикасының басты бір саласы болу керек деп санаймын.

 

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ