Олимпиада • 15 Қаңтар, 2024

Канвон-2024: Жас өрендерге сәттілік тіледі

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Оңтүстік Корея­­­да өтетін IV қысқы Жасөс­пі­рім­дер олимпиа­дасына отан­­­­дық спортшыларды сал­­­­та­натты түрде шыға­рып салу рә­сімі болды. Төрт­жыл­­дық­­тың бас­ты жары­сы 19 қаң­­тар мен 1 ақпан ара­лы­­ғын­­да Канвон провин­ция­сы­­­ның Кан­нын қаласында өтеді.

Канвон-2024: Жас өрендерге сәттілік тіледі

Салтанатты іс-шараға Туризм және спорт министрі Ермек Мар­жықпаев, Ұлттық олим­пиа­да комитетінің өкілдері, спорт ардагерлері, федерация басшы­лары мен мемлекеттік жаттық­тыру­шылар қатысып, IV қысқы Жасөспірімдер олимпиадасы­ның ашылу рәсімінде ту ұстай­тын спортшыларға ел байрағы салтанатты түрде тапсырылды. Жасөспірімдер олим­пиадасының ашылу салтанатында еліміздің байрағын шорт-тректен ел чемпионы, спорт шеберіне үміткер Ерасыл Шыңғысхан және конькимен жүгіру спортынан спорт шебері, сондай-ақ ел біріншілігінің жеңімпазы Кристина Шумакова алып шығады. Өз кезегінде Ерасыл Шыңғысхан ту ұстаушы ретінде көпшіліктің алдына шығып, салтанатты түрде ант берді.

Жасөспірімдер олимпиа­дасын­да Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы спорттың 5 түрінен бақ сынап, 55 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қысқы ойындарда ел намысын 42 спортшы биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, фристайл могул және шайбалы хоккей спорт түрлерінен қорғайды. Салтанатты жиында министр сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Құрметті спортшылар, барлық кезеңнен сүрінбей өтіп Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтетін IV қысқы Жасөспірім­дер олимпиадасына еліміздің намысын қорғауға аттанғалы тұрсыздар. Әлемдегі жетекші спорт­шылардың қатарына кіре алдыңыздар», деді Е.Маржықпаев.

Министрдің мәліметінше, еліміз тәуелсіздік алғалы Жасөс­пірімдер олимпиадасында 29 медаль жеңіп алды, оның бесеуі – қысқы олимпиададан.

«Елімізде қысқы спорт түр­лерінде жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бар. Бүгінде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал даңқты спортшыларымыз халық­аралық қысқы жарыстарда өнер көрсетіп, үнемі жүлдегерлер қата­рынан көрініп жүрді. Олардың қатарында шаңғышы Владимир Смирнов, конькимен жүгіруші Людмила Прокашева, биатлоншы Елена Хрусталева, мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен, Елизавета Тұрсынбаева бар. Сіздер бұл ойындарға қатыса оты­рып, зор тәжірибе жинайсыз­дар. Осы құнды тәжірибе бола­шақта пайдалы болатыны сөзсіз, өйткені сіздер Қазақстан ұлттық құрамасының резерві саналасыздар. Бүгін біз дәстүрлі шығарып салу рәсіміне қатысып отырмыз. Сіздерге алдағы жарыста тек сәттілік тілеймін. Осыған дейін жиған бар шеберліктеріңізді, қабілеттеріңізді паш етіп, жоға­ры нәтиже көрсетулеріңізге және жеке рекордтарыңызды жаңар­туға тілектеспін! Біз сіздер­ге жанкүйер болып, жеңіс тұғыры­нан көріну­леріңізге шын ниетпен тілеулес боламыз», деді министр.

Жарыстың ашылу салтанаты 19 қаңтарда Каннын қаласындағы «Gangneuung Oval» спорт ке­шенінде өтеді. Бұл нысанда конь­кимен жүгіру спортынан жарыстар ұйымдастырылады. Ал Олимпиаданың жабылу салтанаты 1 ақпан күні сол «Gangneung Olympic Park» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған.

Министрліктің мәліметінше, Канвон-2024 қысқы Жасөспірім­дер олимпиадасына 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 70 елінен 1 800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.