Қоғам • 16 Қаңтар, 2024

"Кім екенімді түсінбей өстім". Шетелдіктер асырап алған қазақ қызы мұңын шақты

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Юта штатында тұратын Алисаның шын есімі - Ләззат. Қарағандыда дүниеге келген қазақ қызды америкалық отбасы асырап алған, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Кім екенімді түсінбей өстім". Шетелдіктер асырап алған қазақ қызы мұңын шақты

Төрт жасына дейін балалар үйінде тәрбиеленіп, қазақы ортада танымы қалыптасқан бүлдіршінді Америкаға алып кетеді. Ләззат туған жерінен алыстаған соң басынан көп қиындық өткенін жасырмады.   

- Өзімнің кім екенімді түсінбей өстім, мен кіммін деген сұрақты көп қойдым өзіме. Тұманның ішінде жүргендей сезіндім өзімді. Мені асырап алғандар бір нәрсені қайталай беретін. Жетімдер үйінде қалғаныңда ішкенің ірің, жегенің желім болатын еді дегенді айта берді. Қазақстанда тұрсаң өмірің нашар болатын еді дейтін. Өз елімнен, мәдениетімнен жұлынып қалғандағы күйімді сезіндірмеді. Сөзбен аямай сабады, - дейді Ләззат «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасына берген сұхбатында.

Ауыр сынақты кешіп, жақын деген жандарынан қолдау таппаған Ләззат қорғанышты басқалай сезінуге тырысқан. Қазір оның 2 жасар ұлы бар.

- Бір жігітпен кездесіп жүргенмін, арамызда сондай сезім де болмады. Бірде бар, бірде жоқ болып кететін. Сөйтіп жүргенде қалай бала көтеріп қалғанымды білмедім, - дейді ол.

Ләззаттың бойына біткен бала да араларындағы сезімді оятпапты. Америкалық жігіт өз жөнімен кеткен. Ләззат өз өмірін реттей алмай жүргенде баланың өмірін құртып аламын деп ойлап, баласын ашық түрде асырап алатын отбасыға берген. 2 жастағы ұлының ата-анасы қазір оны биологиялық анасымен жиі кездестіріп тұратын көрінеді.

Ләззат өзін кішкентайынан өсірген адамдардан психологиялық қысым көрген. 

- Ұрып-соққан жоқ, қол көтерген жоқ, бірақ сөзбен аямай сабады. Ауыр сөзбен-ақ жанымды тілгілеп, жаралағандарын өздері де түсінбеген шығар. Олар маған эмоциялық тұрғыдан зорлық-зомбылық жасады. Сезімдерімнің құнын түсірді, қорлады. Олардың түсінігінде "осыған да қайғыра ма екен" деген кекесін болды. Менің басымнан өтіп жатқан дүниені маңызды деп есептемей, түкке тұрғысыз қылды, - деді Ләззат сұхбатында.