Аймақтар • 17 Қаңтар, 2024

Марқакөлде қыс қатты

67 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Неше күн толассыз жауған қардың салдарынан Марқакөл ауданындағы бірқатар ауыл тұрғындары қар құрсауында қалды. Қарой, Қарашілік, Төсқайың, Бұғымүйіз, Шанағаты ауылдарына көліктің күре жолын қойып, аяқ жолын ашу мұң болған. Табиғаттың тосын мінезі тіршілікке тұсау болып, Күршім ауданы әкімдігі төтенше жағдай жариялады.

Марқакөлде қыс қатты

Қар басқан түні «ОблШығысЖол» ЖШС қызметкерлері жеті техника жұмыл­дырғанымен, екі метрге жуық түскен қарды аршып алу қи­ынға соқ­қан. Тонна тартатын трактор­лар­дың өзіне дес бермеген соң облыс орталығынан тағы да қосымша техникалар жолға шыққан...

Қар құрсауы көлік қозғалысын шектеп қана қоймай, шалғай ауыл­дағы науқасқа асыққан медицина қызметкерлерінің де қолын байлады. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының мәліметіне сүйен­­сек, Төсқайың ауылының 71 жас­­тағы тұрғыны ишемиялық инсульт алған. Жедел жәрдем жете ал­маған, тікұшақтың ұшуына да тыйым салынған. Сондықтан пациентке көмек дер кезінде көрсету мүмкін болмаған. Төсқайың ауылындағы ауыр науқасты аман алып қалу үшін амал жоқ емес еді. Медициналық кө­мек көрсету үшін 16 қаңтар кү­ні облыстың бас реаниматологі, санитарлық авиацияның фельдшері тік­ұшақпен Төсқайыңға тартқан. Әуелде дәрігерлер қар бетімен жор­ғалайтын көлік мініп, жолға шыққан.

рыпек

«Кеше санавиацияның бас реа­ниматологі, фельдшері төтенше жағ­дай­лар департаментінің жол тал­­ғамайтын көлігіне мініп, жол­ға шыққан. Ұранхай ауылына жет­кенімен, әрі қарай тағы 65 шақырым жол оңайға соқпаған. Бүгін, яғни 16 қаңтар күні медицина қызметкерлері көмек апара жатқан тікұшақпен жетіп, 71 жастағы науқасты Өскеменге жет­кізді. Дәрігерлер облыс­тық ауруха­нада қажетті ем-домды жасайды. Нау­қас бірқалыпты ауыр халде», деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқар­масының мамандары.

Иә, қатардағы көліктерді қойып, ТЖД-нің жол талғамайтын көліктері де қалың қардан жүре алмай, кідіріп қалған. Соған қарамастан жауапты орындар табиғаттың тосын міне­зімен күресіп, жолды қардан аршу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Кейбір жерлерде қардың қалыңдығы 2 метрге жеткен. Қардың түсу нор­масының асып кетуін және елді мекендерге кө­лік қатынасының болмауын ескере отырып, Күршім ауданының әкімдігі жер­гілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы тө­тенше жағдай жариялады. ШҚО көлік және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының деректері бойынша жол жүруді қамтамасыз ету үшін қо­сымша техника жөнелтілді. Қазіргі уақытта арнайы техниканың 24 бірлігі жұмылдырылған. Алайда боранға байланысты жұмыс істеу әлі қиындық тудырып тұр. Сондай-ақ Күршім ауданына қажетті көмек көрсету үшін ШҚО бойынша ТЖ де­партаментінің жоғары өтпелі техникасы келді.

– Қар мөлшері өте көп. Оның үстіне жел мен қардың ылғалы жұмысқа кедергі келтіріп тұр. Марқакөл орман шаруа­шылығының техникасы күреп өткен жолды қайта қар басып қалмауы үшін күн-түн демей күреп жатыр. Шанағатыда күн райына байланысты электр желісі сөніп қалған. Оны «Алтайэнерго» мамандары қалпына келтіреді. Марқакөл – Төсқайың ара­сындағы жол бойында техникалар тынымсыз жұмыс жүргізіп жатыр. Тұрғындар түсіністік танытып, сабыр сақтаса екен, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.

Марқакөл және Төсқайың ауылдық округтері мектептерінің оқушылары 8 қаңтардан бастап қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Айтып өткен­дей, округтердің тұрғындарына қажетті азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізу үшін тікұшақ жіберілді. Жағдай – жергілікті атқарушы ор­гандардың бақы­лауында.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Марқакөл ауданы