Аймақтар • 16 Қаңтар, 2024

Қар құрсауынан құтқарылды

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында 7-10 қаңтар аралығында қар құрсауында қалған 15 жағдай орын алды. Төтенше жағдай департаментінің құтқа­ру­шылары қиындыққа тап болғандардың бәрін құтқарды.

Қар құрсауынан құтқарылды

ФОТО: kaz.inform.kz

Облыстық төтенше жағдайлар депар­таменті қоғаммен байланыс тобы­ның мәліметіне сүйенсек, алғашқы ша­қыру Индер ауданынан түскен. Аудан орталығы – Индербор кентінен үш адам мал іздеуге шыққан. Алайда олар кері оралмаған.

«Мал іздеуге шыққан үш адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы 9 қаңтарда сағат 23:05-те хабар келіп түсті. Осыған байланысты Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкеркерлері жедел іздестіру-құтқару жұмыстарына тартылды. Жоғалған 1977, 1984 және 1990 жылғы үш жігіт сол күні сағат 08:00-де «Toyota Land Cruiser-100» маркалы автокөлікпен Батыс Қазақстан облы­­сының Ақжайық ауданы, Жана­ма ауы­лына қарай мал іздеуге шық­қан. Алайда олар кері оралмаған, бай­ла­­ныс­қа шықпаған», деп хабарлады де­партаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Далада қалған үш адамды іздеу 10 қаңтарда сәтті аяқталды. Таңғы сағат 05:20 шамасында жоғалған адамдар «Аю» қыстағының маңынан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. «Аю»  қыстағы Индербор кентінен 35 шақырым қашық­тықта орналасқан.

Ал Мақат ауданынан үш жігіт 9 қаң­тарда Мақат ауданындағы Доссор кентінен жолға шыққан. Бірақ олар Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылына жете алмаған.

«Туыстарынан жігіттердің жоғалғаны туралы хабар 10 қаңтарда сағат 00:00-де түсті. Содан бері оларды  іздеу тоқ­та­тылған жоқ. Төтенше жағдайлар д­епар­таментінің құтқарушылары 11 қаңтарда сағат 03:20-да хабар-ошарсыз кеткен жігіттерді Қызылқоға ауданындағы «Аразмола» уческесінен тапты. Олар Доссор кентінен аталған учаскеге дейін 120 шақырым жол жүрген. Бірақ жолда көлік батып, байланысқа шыға алмаған», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Қар құрсауында қалса да көмек келерінен үміт үзбеген жігіттердің үлкені – 39-да, екіншісі 37 жас­та болса, кішісі 1996 жылы туған. Жолаушылардың көлігі батқан Қызылқоға ауданында қыс қаһарына мініп тұр. Ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендеген, далада жаяу бұрқасын бар. Желдің екпіні – секундуына 15-20 метр. 

«Ауа райының осындай қолайсыз­дығына қарамастан төтеншеліктер іздеу жұмысын тоқтатқан жоқ. «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның Ми-8 тік­ұшағымен әуеден барлау жүргізілді. Құт­қарушылармен бірге полиция қыз­мет­керлері мен еріктілерден және туыстарынан құралған үш топ елді ме­кендерді, қыстақтарды, далалық жолдың қалтарсы тұсын жіті шолып, күні-түні іздеуді жал­ғастырды», деп мәлім етті депар­таменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Ал 11 қаңтарда сағат 12:07-де Мақат ауданының тұрғыны №8 Өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне хабарласып, жолда қалғанын айтқан. Екі ер адам Белқұдық елді мекеніне бағыт алғанымен, көлік қарға батып қалған.

«Мақат кентінен 25 шақырым қа­шықтағы Белқұдық елді мекенінің тұ­сында «Toyota» көлігінің батып қал­ғаны анықталды. Көліктегі 1956 және 1969 жылғы екі азамат қауіпсіз жерге эвакуа­цияланды» деп ақпарат таратты депар­таменттің қоғаммен байланыс тобы.

 

Атырау облысы