Ауа райы • 17 Қаңтар, 2024

Күннің күрт жылынғаны ойлантады

110 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдетте қаңтарда қыс қаһарына мініп, саршұнақ аяз тұрғын­дардың дегбірін қашыратын. Бұл – әрине, қысы қатал, жазы жылы болатын қоңыржай климаттық белдеуде орналасқан аймаққа тән құбылыс. Алайда биыл желтоқсанның кейінгі апталары мен қаңтардың бас кезінде оңтүстік былай тұрсын, солтүстік өңірлер күрт жылынғанын түсіне алмай, абдырап қалдық. Кейбір аймақтарда жауын жауғаны тіпті таңсық, тосын жағдай болды.

Күннің күрт жылынғаны ойлантады

ФОТО: conf.hse.ru

Ауа райы неліктен құбылып тұр?

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, қаңтар айында елдегі ауа райын көбінесе Атлантикалық циклондар және онымен байланысты атмосфералық фронттар айқындайды екен. Демек күннің бір мезгілде суытып, күтпеген жерден күрт жылынуы тегіннен-тегін емес. Мамандар мұндай өзгерістің салдарынан еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын жиілеп, солтүстік өңірлерде қар молынан түседі деседі. Ол ол ма, елдің бірнеше аймағында бұр­қасын, көктайғақ мазаны алса, желдің ұйытқуы секундына 15-28 метрге дейін жетуі мүмкін. «Қаздидромет» РМК осыған дейін 3 қаңтардан бастап еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында суық ауа мас­сала­рының ағынымен ауа темпе­ратурасының қысқамерзімді тө­мен­дейтінін болжаған. Ал қаң­тардың бірінші онкүндігінің екінші жартысында елдің сол­түстігінде аяз басылып, түнде -5-тен -15 градусқа, күндіз -3-тен -8 градусқа дейін суық болды.

Қаңтардың бірінші онкүн­дігінің соңы, екінші онкүндігінің басында антициклонның кү­шеюімен түнде температура қайта -18-25 градусқа дейін төмендейді. Яғни бұл болжам дәл қазіргі сәтпен тұспа-тұс келіп тұр. Ал елі­міздің батыс өңірлерінде қаңтар айының басында ауа температурасы түнде +3+5-тен 0,-10 градусқа дейін, күндіз шамамен -3+7-ден 0,-5-ке дейін төмендеген. Айдың екінші жартысында түнде -10-18-ге дейін, күндіз -3-10 градусқа дейін суытқан. Бұл аймақта бі­рінші онкүндіктің соңында ғана күн жылына бастайды деген болжам жасалыпты. Республиканың оңтүстік жартысында ауа температурасы түнде -5+5-тен -3-15 градусқа дейін, күндіз +5+10-нан -8+3 градусқа дейін құбылатыны болжанған-ды.

Консультативтік болжамға сәйкес қаңтардың екінші және үшінші онкүндіктерінде рес­публиканың басым бөлігінде ауа райы жиі өзгереді деседі. Аязды күндермен қатар циклон және атмосфералық фронттар жиілеп қар жауады, бұрқасын күтіледі. Мұнымен шектелсе, мейлі дейсің. Алайда «Қазгидромет» мамандары еліміздің көптеген аймағында күннің күрт жылынатынын да алдын ала хабарлады. Ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысы мен шығысында түнде -3-13-ке дейін төмендесе, күндіз -5+5 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Ал оңтүстік жартысында және батысында түнде -5+5-ке дейін, күндіз +5+15 градусқа дейін жоғарылайды. Кейін солтүстік-батыс антициклондардың әсе­рінен күн қайта суытуы мүмкін. Бұл күндері ауа температурасы төмендеп, солтүстікте, шығыста және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде -22-30, ал күндіз -12-20 градусқа дейін төмендейді деп күтіледі. Ал елі­міздің оңтүстік жартысында және батысында түнде -13-23, күн­діз -3-13 градусқа дейін суытуы ықтимал. Жалпы алғанда қаң­тар айында ел аумағында температуралық фон климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады деп күтіліпті. Осы аралықта жауын-шашын мөлшері елдің ба­сым бөлігінде жылдағыдай қалыпты түссе, солтүстік-ба­тыс жартысында, оңтүстік пен оң­түс­тік-шығыстың таулы өлке­ле­рінде, тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп жаууы әбден мүмкін екен.

 

Шаруаға жайлы жыл болса екен

Ел аймақтарын күзгі бақылау нәтижесінде топырақтың қанағат­танарлық деңгейде ылғалдануы байқалыпты. Бұл егісте жаздық дақылдар өнімдірек болады дегенді аңғартады. Өкініштісі, бұл қатарда Батыс Қазақстан, Пав­лодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары жоқ. Өйт­кені аталған аймақтарда күзде топырақтың ылғал қоры жет­кіліксіз болған. Бүгінде ел­дің барлық аумағында уақыт сә­тімен жауын-шашын қоры бел­гілі бір деңгейде жиналып жатқаны белгілі. Әсіресе елдің солтүстік жартысында жауын-ша­шын нормадан көбірек, тіпті кейбір өлкелерде жылдағыдан екі есе көп мөлшерде түскен. Ал оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және оңтүстік-батыста керісінше, ат­мосфералық үдерістердің салдарынан жауын-шашын әдеттегіден азырақ түсіпті. Салдарынан елдің оңтүстігі мен шығысындағы көп­теген аймақта қар көп жатпайды. Қалың қар таулы және тау бөк­теріндегі аймақтарда бай­қалған. Бұл бір жағынан қыс­қы дақылдарға да белгілі бір дең­гейде қауіп төндіреді екен. Бұл қалай десеңіздер, айталық. Мысалы, ауа температурасы -15 гра­дустан да төменірек деңгейді көр­сетіп әрі осы шақта жерде қар жатпаса, дақылдар қатып қалуы бек мүмкін.

Оңтүстік өлкелерде қыс айларында жауын-шашын көп түссе, топырақ ылғал қорын толық­тыруға мүмкіндік береді. Бұл – әрине, оң фактор. Бірақ өсімдік шаруашылығында қазіргі емес, нақ вегетациялық кезеңдегі ауа райы маңызды рөл атқаратынын қаперден шығармаған жөн. «Қазгидромет» РМК-ның маман­дары вегетациялық кезеңге ар­налған консультативтік ауа райы болжамы наурыз айының ортасында шығатынын хабарлады. Ал осы наурызға дейінгі аралықта елдің көптеген өңірінде жауын-шашын мөлшерден көбірек түсуі болжанғанын жоғарыда айт­тық. «Қазгидромет» РМК-ның тағы бір ресми мәліметіне жү­гінсек, биыл қыста 2001-2002 жылдың қыс айларындағы сценарий қайталануы мүмкін. Яғни қыс жылырақ болып, жауын-шашын мөлшері нормаға жақын және одан да көбірек түсуі ықтимал.

Қазір ғалымдармен қоса ха­лықаралық ұйымдар «аптап ыс­тық келе жатыр» деп дабыл қа­ғумен шектелмей, шама-шар­қынша жаһандық жылынудың себеп-салдарын бірлесіп еңсеруді ұсынады. Сын-қатерге қайыспай, керісінше қолайсыз ауа райы­на бой үйретіп, бейімделуге ша­­қырады. Құрғақшылық пен су тапшылығының алдын алуда жаңа технологияларға иек ар­тудың өзектілігін ескертеді. Ха­лықаралық ұйымдардың бастамасымен климаттық өзгерістерді зерттеп жүрген белді ғалымдар жыл сайын бас қосып, тиімді ше­шімдер ұсынады. Сол ше­шім­дердің бірқатары – ел үкі­ме­тінің назарында. Әрине, жоқтан бар жасау мүмкін емес. Бір­ақ барды үнемдеуге болады. Ой­ды түйіндесек, биыл қыс айла­рындағы қолайсыз ауа райы араға бірнеше жыл салып қайталанып тұратын өзгерістердің бірі ғана деп сенейік. Қала берді «Қаз­гидромет» мамандарының болжамына сай жауын-шашын көп түссе, нұр үстіне нұр. Осының есесіне әр өңірдің басшылығы су үнем­деуге бағытталған ауқым­ды жоба-жос­парын алаңсыз тиянақтап қалар.