Қоғам • 17 Қаңтар, 2024

Үйсіздік пен күйсіздік

179 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламасына бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді. Осылайша, 35-ке дейінгі отандастарымыздың баспаналы болуы үшін жеңілдетілген ипотекалық несие беру жалғасады. Ендеше 2024 жылы қай өңірдің азаматтары қоныстой тойлайды? Бұрынғы бағдарламалардан да тиімді жүйе қарастырылған ба?

Үйсіздік пен күйсіздік

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әйгерім Орынбаеваның елордада үй жалдап жүргеніне 5 жылға жуықтап­ты. Оңтүстік өңірден арман қуып, Астана­ға келген бойжеткеннің өз пәтеріне ақша жинауға мүмкіндігі болмай тұр. «От­ба­сы банктен» арнайы шот ашып, қаржы­сын тұрақты салса да, 250 мың теңге айлық ­әлі күнге дейін көздеген мақсатына жеткі­зер емес. Үйсіздік пен күйсіздіктен қажы­ған жас мемлекеттік бағдарламалардан да үмітін үзген.

– Негізгі мамандығым – заңгер. Шым­кентте колледжді аяқтап, жұмыс таппа­ған соң, Астанаға келдім. Түйіндемемді құшақтап, біраз есікті қақтым. Алайда жұмыс берушілер жоғары оқу орны­ның дипломын талап етті. Одан қалды, азғантай айлыққа сынақ мерзімінде де жүрдім. Нәтиже болмады. Кейін ма­никюр, визажист мамандығы бойын­ша оқып, сертификатпен сұлулық салонына жұмысқа кірістім. Міне, содан бері тапқан-таянғанымды жалдамалы пәтер иесіне, жолыма, ауылдағы бауыр­ларыма жіберіп, көмектесемін. Артыл­ғанын «Отбасы банктегі» жинағыма са­ламын. Бірақ бастапқы жарнаны жи­най алмай келемін. Жеңілдігі бар мем­лекеттік бағдарламалардың шарттарына да сәйкес келмейтінім тағы бар. Ал коммерциялық ипотека бағдар­ла­ма­ларының мөлшерлемелері тым жоғары, – деп күйінді ол.

Қазір Әйгерім секілді күнкөрістің қа­мымен баспанасыз сенделген жастар жетерлік. Мәселен, «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша, аналитикалық баяндаманың былтырғы сауалнамасында еліміздегі 35-ке дейінгі азаматтардың 27,9 пайызы ғана «өз пәтерімде тұрып жатырмын» деген. Ал 36,5 пайызы «үй, бөлме жалдап жүрміз» десе, енді бірі жатақхана, хостел, туған-туысты паналап жатқанын айтқан.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталы­ғының директоры Айсұлу Ерниязова жастардың тұрғын үймен қамтылуы өте маңызды көрсеткіш екенін алға тартты. «Бұл санат әдетте тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін жоғары табыс иелері емес, тиісінше табыстың белгілі бір бөлігі тұрғын үй алуға немесе жалдауға деп жинақталады», дейді ол.

– Бұл өз кезегінде жастардың жалпы материалдық жағдайына әсер ететіні анық. Сауалнамаға қатысушылар­дың көпшілігі жалға алынған баспана­да тұрып жатыр. Дегенмен едәуір бөлі­гін­де өз пәтері немесе тұрғын үйі бар, болмаса ата-аналарымен, туыстарымен тұрып жатыр. 5,3 пайызы хостелде немесе жатақхананы паналап жүр. Ал 0,6 пайызында тұрақты бас­па­на жоқ. Тұрғын үй жағдайын жуықтағы 2 жыл­ ішінде жақсартуға қатысты са­уал­ға жастардың 59,7%-ы оң жауап берді, ­23%-ы бұл шаруаны жоспар­лап жатса, 13,8%-ын­да тұрғын үй жағ­да­йын жақсарту­ды көздеп отыр­ған жоқ. Тұрғын үй жағда­йын жақ­сар­ту­­ды жос­парлап отырғандар ­ішінде 29-34 ­жас аралығындағы респон­дент­тер­дің басым болуы түсінікті (21,4%), ­жағ­дай­ды жақ­­сартуға кіріскендер ара­сын­да 19-23 жас тобы респонденттері жиі­рек болды. Тұрғын үй жағдайын жақ­сар­ту­ды жоспарлап отырғандар немесе ол шаруаға кіріскен жастар бұл үшін әдетте өздерінің жеке қаражаттарын пайдала­нады (52,4%), 18,2%-ы ипотекалық қа­­рыз алу мүмкіндігін қарастыруда, 9,6 пайы­­зы жақындар көмегіне сүйенбек. 10,2 па­йы­зы несие қаражаттарын пайдалануға дайын, ал 9,3%-ы тұрғын үй алу амалы ретінде мемлекеттік бағдарламалар­ды көрсетті. Бұл жастардың осы бағыт­тағы мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттану деңгейінің төмендігін, болмаса жастардың мемлекетке сенімінің жоқтығын немесе бұл бағдарлама­лар­дың тиімсіздігін көрсетеді. Аймақтық тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қостанай және Сол­түстік Қазақстан облыстары, соны­мен бірге Шымкент қаласында жастар­дың мемлекеттік бағдарламаларға бағдар­сыз­дығы, одан хабарсыздығы анық бай­қалады. Соның өзінде 6,7 пайыз жастар мемлекеттен көмек күтетінін жет­кізді, – деді орталық басшысы.

Демек жастарды тұрғын үймен қам­ту мәселесі әлі де өзекті күйінде қа­лып отыр. Мәжіліс мінберінде, БАҚ бет­­терінде бұл проблеманы көтеріп-ақ ке­леді, бірақ түбегейлі шешімін тауып жат­қан жоқ. Сондықтан былтыр жыл аяғында Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин келесі жылы жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын қолға алу жос­парда бар деген еді.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өткен желтоқ­сан айындағы баспасөз мәслихатында жас­­тарға «9-20-25» жаңа бағдарламасы әзір­леніп жатқанын хабарлады. Міне, бірер күн бұрын министрлік Астана, Алматы қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жам­был, Қарағанды, Қостанай, Қы­зыл­орда, Павлодар және Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарында 35-ке дейінгі отан­даста­ры­мызға жеңілдетілген ипотекалық несие
беру жобасы іске қосылатынын мәлімдеді.

«Жастарды тұрғын үймен қамтама­сыз ету бағдарламасын «Отбасы банкі» АҚ Мәдениет және ақпарат минис­тр­­лігінің қолдауымен облыс және қа­ла әкімдіктерімен бірлесе жүзеге асы­рады. Бағдарламаларға 35 жасқа де­йін­гі әлеуметтік сала, БАҚ, жоғары оқу орын­дарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері қатыса алады. Әр аймақ­тағы кәсіптер тізбесін бағдарлама бас­талар алдында әкімдік жинақтайды. Бағ­дарламаларға қатысатын азаматтар­ға қойылатын негізгі талаптар: Қазақ­стан Республикасының азаматтығы, бағ­дарламаға қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда) және негізгі қаты­су­шы ретінде тек ерлі-зайыптылар­дың біреуі ғана болуы маңызды. Оған қоса бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде ел аумағында сатып алу құқы­ғымен жалға берілетін тұрғын үй немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің (ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен ортақ үлестік меншік) болмауы шарт. Өтініш берген кезде қатысушы таңдаған саладағы ресми жұмыс өтілі кемінде бір жылдық зейнетақы шотынан үзінді көшірмемен растауды талап етіледі. Ал несие бойынша сыйақы мөлшері – жылдық 5%-дан бастап, несие мерзімі –19 жылға дейін, бастапқы жарна-несие сомасы – 10%» деп жазды министрлік ресми сайтында.

Үйсіздік пен күйсіздік – ұлттың саны мен сапасына кері әсер ететін бірден-бір фактор. Сондықтан көштен іркілмей дербес баспана аламын десеңіз, ипотекалық несиені өтей алатын кіріске жетуді көздеуден басқа амал жоқ. Әрі мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді қалт жібермеген абзал. Мәселен, 2025 жылға дейін берілетін жеңілдетілген «Нұрлы жер» ипотекалық бағдарламасы. Ерекшелігі сол, бағдарламада әкімдік кезегінде тұрғандарға басымдық қойылады. Несие мөлшерлемесі – 5, бастапқы жарна – үй бағасының 20 пайызы.