2023 жылы 30 қарашадағы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған заң жобасында қоғамда қызу талқыланған бір норма бар. Бұл – сабақ кезінде оқушыларға телефон ұстауға тыйым салатын норма. Жоғарыдағы заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжілістегі Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов осы нормаға қатысты пікірін білдірді.
– Мұғалімдермен болған кездесулерде бір мәселе талқыланды. Бұл – оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануы және оны тыю бойынша заңнамада нақты шектеулердің болмауы. Сондықтан сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да заң жобасына енгізілді. Біздің ұсынып отырған заңдағы норма – ұялы телефонды тек сабақ кезінде шектеуге қатысты. Мектепке телефонды алып келіп, үзілісте оны қолдануға шектеу жоқ. Оқушылар үзілісте ұялы телефонды қолданамын десе, қолданады. Тек сабақ үстінде ұстамауы керек. Сабақта бала тек сабақты оқуға тиіс. Tık-Tok пен Instagram-да отырып басқа дүниелермен айналысуға нақты шектеу қойылып отыр, – деді А.Аймағамбетов.
Ал Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Темір ауылындағы С.Әлиев мектебінің мұғалімі Қаракөз Елеуова сабақта телефон қолдануға түбегейлі тыйым салу қиын екенін алға тартып отыр.
– Сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдаланбау талабы туралы өткен тоқсанда хабардар болдық. Алайда бұл талапты әркез орындау қиын. Себебі біздегі мектеп бағдарламасында онлайн, яғни электронды техника (компьютер, ноутбук) арқылы орындайтын тапсырмалар бар. Ал мектепте әр балаға компьютер, ноутбук жетіспегендіктен, мұғалімдер оқушыға телефон қолдануына рұқсат беруге мәжбүр. Әрине, телефонды қолына алған бала тапсырманы орындай отырып, қажетсіз каналдар мен желілерге, сайттарға кіріп кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне тапсырманың жауабын, шешімін кейбір ашық дереккөздерден жүктеп, көшіре салатын жағдайлар да болады. Мұндайда оқушының ойланбайтыны анық. Мысалы, жоғары сыныптарда ақын-жазушылардың шығармаларынан оқылған үзіндіні, қойылған қойылымды видео форматта көріп, соған қатысты тапсырмалар беріледі. «Онлайн мектептің» ішінде мұндай тапсырмалар видео сабақ ретінде жүктелген. Соның төменгі тұсындағы орындалған тапсырмаларға мұғалімдер кері байланыс жасап, жұмысты бағалайды. Осындай жағдайда тапсырманы, сабақты айналып қалай өтеміз? – деді Қ.Елеуова.
Ал А.Аймағамбетов шектеудің ішінде егер мұғалім сабақ жоспары бойынша «телефонды рұқсат етсе» деген норма енгізілгенін атап өтті. «Мұндай норманы неге енгіздік? Себебі қазір заманауи мұғалімдер бар. Олар сабақта инновациялық технологияны қолдану үшін смартфонды пайдаланғысы келсе, онда шектеу қойылмайды. Ал жалпы мектепте шектеу мәселесі әлі қарастырылған жоқ. Шектеу қосымша ұяшықтарды, материалдарды қажет етеді. Сондықтан біз телефонға мүлдем тыйым салу мәселесін қарастырып отырған жоқпыз», деп толықтырды ол.
Мәжіліс депутатының айтуынша, сабақ кезінде телефон пайдалануды шектеу бекер емес екенін PISA зерттеуі тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Жақында қорытындысы шыққан PISA-2022 зерттеуіне сәйкес сабақ барысында оқушылардың 23 пайызына цифрлық құрылғылар кедергі келтіреді (ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіші – 30 пайыз) екен. Оған қоса оқушылардың 21 пайызына сабақ барысында цифрлық құрылғыларды пайдаланатын сыныптастары кедергі келтіреді. ЭЫДҰ елдері бойынша сабақ барысында ұялы телефон қолдануға тыйым салынған мектеп оқушыларына цифрлық құрылғылардың кедергі келтіру көрсеткіші төмен болған.
Мұғалім рұқсат еткенде ғана сабақта телефон қолдана алатыны түсінікті болды. Осы бір анық түсіндірмеден соң, мұғалімдер де аталған нормаға бола мазмұнына онлайн тапсырмалар енгізіліп кеткен мектеп бағдарламасын өзгертудің қажеті жоқ екенін түсінген шығар. Бірақ бұл шектеуге ата-аналар не дейді? Заң жобасы ашық талқылауға түскенде «Ашық НҚА» порталы – нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау алаңында ата-аналар өз пікірін қалдырған. Сондағы талқылау мәтінін зерделегенде көзге түскен он шақты адамның бір мазмұндағы уәжі еріксіз ойландырады. Ойы бір арнаға тоғысқан ата-аналар телефонды сабақ кезінде қолдануды шектеуге қарсы. Олардың пікірінше, телефон мұғалім мен сыныптастар тарапынан кемсітуді, қорлауды, қысым көрсетуді болдырмауға, болған жағдайда оны видеоға түсіру арқылы дәлелдеуге, дәлелмен жазалауға, тыюға қажет. Нақты дерек ретінде аты-жөнін Марал Мусина деп көрсеткен талқылауға қатысушының пікірін келтіргіміз келеді.
«Буллингті дәлелдеу үшін сабақтарды (видео, аудио) жазуға мүмкіндік беру керек. Мысалы, біз 8 жасар балама мұғалімнің кемсітіп, қысым көрсеткенін дәлелдей алмай отырмыз. Балам әлгі мұғалімнің үй тапсырмасын өзі орындату үшін қосымша сабағына (продленка) қатысатын балаларға дайын жауаптарын беретінін көріп қойған, көргенін сыныптастарына айтқан, ай сайын қосымша сабақ үшін 40 мың теңге төлейтін ата-аналар да білген. Осыдан соң мұғалім баламды сыныптастарының алдында өмірде жолы болмаған адамға балап, бай болмайтынын, жолы болмайтынын айтып айқайлаған. Осылай бүкіл сынып алдында оны үнемі қорлап келді. Соңғы рет 8 наурызда сынып болып ертеңгілікке дайындалды. Мұғалім барлық оқушыға тақпақ берді, балама сахнаға шықпайтынын ашық айтқандықтан, сол күні бармадық. Осының бәрі баламның мұғалімнің дайын жауаптар беретінін көргенінен басталды, соған баланы кінәлі етті. Оқушы мектепке барудан бас тартты, түнде нашар ұйықтайды, қатты ашуланып, жылайтынды шығарды, сынып алдында тағы да масқаралайды деп қорқады. Бар шешіміміз баламызды басқа мектепке ауыстыру болды. Себебі директордың атына мұғалімнің баланы кемсітуі туралы жазған арызымызға ешқандай жауап болмады. Міне, мен қалай дәлелдеуім керек? Сол себепті тым болмаса сабақтың аудиожазбасы болуы қажет», деп жазған екен М.Мусина.
Буллинг мәселесі ата-аналарды ғана емес, оқушыларды да алаңдатады. Бұған мектепке арнайы барып, тақырыпқа қатысты 10-сынып оқушыларының ой-пікірін білу мақсатында жүргізілген сұхбат-сауалнамамызда көз жеткіздік.
– Кемсітудің түрі көп, итеріп, жұлқылаумен, яғни қимылмен ғана емес, сөзбен де кемсіту, қорлау болуы мүмкін. Әлбетте, біздің мектептегі әр сыныпта бейнебақылау камерасы бар. Бірақ сыныптың шуынан жаныңдағы адамның ақырын айтқан кемсіту мағынасындағы ауыр сөзін камера анық жаза алмайды. Сондайда телефон керек. Әрі бізде күніне 6-7 сабақ болса, ұзақтау қоңыраудағы 10 минутта ғана телефон бір рет беріледі. Бұл уақытта кейде ата-анамызға хабарласып та үлгермейміз. Өйткені осы қоңырауда асхананың ұзын-сонар кезегінде тұрып, тіскебасар алып, төлеп үлгеруге тура келеді, – дейді оқушы Ақбота Серік.
Ал Ілияс Мықтыбек: «Осы талаптың әсерінен сабаққа ден қойдық. Сыныптастарымызбен қарым-қатынасымыз жақсарды. Бұрын көбіне телефонда отыратынбыз. Қазір мектебімізде телефон бізге ұзақтау қоңырауда ғана беріледі. Бұл талап ата-аналардың келісімімен енгізілген. Сондықтан қарсылық жоқ», деп телефон қолдануды шектеу керісінше пайдалы болатынын айтты.
Осы кезде артқы жақтан бір оқушы «Оппозиция бола ма?» деді. Диктофонымызды тоса қойып едік, өзін Әзиз Асқар деп таныстырған спикеріміз: «Ата-аналар келісім берсе де, телефонды алып қойғанға қарсымын. Өйткені біз қазір ақпараттық қоғамда өмір сүреміз. Ал телефон біздің бір бөлшегіміздей болып кетті. Сабақ кезінде де телефон қолдануды қажет ететін тапсырмалар бар. Сондайда бүкіл телефон жинаулы тұрған шкафтан әрқайсымыз алып боламын дегенше, біршама уақыт кетіп қалады. Телефонға тыйым болмай тұрғанда да сыныптастармен қарым-қатынасым жақсы болған, оған байланып тұрған ештеңе жоқ. Телефонды алып қойған ұнамайды», дейді.
Оқушы Нышангүл Сексенбай шешімді қолдайтын замандасының ойын толықтырып: «Меніңше, телефонды жинап алғаны өте дұрыс. Бұл, ең алдымен, оқушыларды академиялық адалдыққа үйретеді. Бір-бірінен, телефоннан көшіріп алудың жолын кеседі. Бұған қоса балалардың бір-бірімен тез араласып кетуіне көмектеседі. Мысалы, өзім шектеу болмаған кезде қолым босай қалса, бірден телефонға қарайтынмын. Ал қазір телефон болмағандықтан, ішім пысады, жан-жақтағы сыныптастарыммен араласа бастадым. Әрі ата-анамыздың рұқсатымен енгізілгендіктен, шешімді орынды деп санаймын. Олар бізге жамандық ойламайды. Мектепте екі адым аттасаңыз, камера тұр, оның үстіне кезекші мұғалімдер бар. Кез келген келеңсіздік пен тәртіпсіздікті бақылауға болады», деді.
Бәрінен бөлек ой айтқаны Нұрасыл Кенжебек есімді оқушы болды. Ол: «Жалпы, бұл мәселені министрліктің шешкені жөн. Телефон буллинг пен тапсырмадан басқа да жағдайда қажет болуы мүмкін. Мысалы, бір кабинетке қамалып, есік құлыптанып, өрт шығып кетуі мүмкін. Сондай кезде телефонның жоқтығы – үлкен минус. Өрт шыққанда ғимаратта дабыл қағылады, мәселеден солай шығуға болады. Ал кабинетте құлыптанып қалсаң, сені ешкім естімей қалады», деп телефонның қауіпсіздікке де қажет екенін жеткізді.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Зәуре Байменованың да бұл мәселеге қатысты пікірін білдік. «Ұялы телефонды тек сабақта қолдануға шектеу қойылып отыр. Қалған уақытта рұқсат берілген. Оқушылар өздерімен бірге телефонды, смартфонды, планшетті немесе смарт-сағатты мектепке апара алады, бірақ сабақ кезінде құрылғылар өшірілуі немесе «ұшақ режіміне» қойылып, сөмкеде я шкафтарда сақталуы керек. Ата-аналардың келісімінсіз білім алушылардан телефондарды алып қою – заңсыз. Мұғалім оқушыдан телефонды сөмкеге салып, оны үстелдің шетіне қойып, сабақтың соңына дейін пайдаланбауды сұрай алады», деп түсіндірді. Оның айтуынша, шұғыл қажеттілік туса, оқушы сабақ кезінде де, сабақтан тыс уақытта да ата-аналарына қоңырау шала алады.
Айтпақшы, шетелдік тәжірибені де қалыс қалдыруға болмайды. «Қытайда гаджетті мектепте пайдалану айыппұлға, Францияда сабақтан шеттетуге әкелуі мүмкін. Сабақ кезінде телефондарды пайдалануға АҚШ, Италия, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресейде де тыйым салынған», деді Зәуре Байменова.
Шын мәнінде, технологиясы бізден көш ілгері кеткен АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай секілді дамыған елдерде сабақ уақытында телефон қолдануды түбегейлі тыйып тастау әлдеқайда оңай екені анық. Өйткені ондағы әрбір оқушыда тапсырманы орындауға арналған құрылғы болады. Бізде ондай дүние жоқ. Ең ақыры, пандемияның кезінде алынған техникалардың жемқорлықтың кесірінен оқушыларға жетпей қалғанын ұмыта қойған жоқпыз.