Қаржы • 16 Қаңтар, 2024

Әлеуметтік көмектің жаңа түрлері

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа жылдан бастап әлеуметтік осал санаттағы адамдарға біржолғы көмек пен тегін қызмет түрлері қосылды.

Әлеуметтік көмектің жаңа түрлері

2024 жылы қазанның екінші жексенбісінде атап өтілетін Мү­гедектер күніне орай әлеуметтік көмек қолданысқа енгізілді. 1-топ­тағы мүгедектігі бар адамдарға – 20 АЕК немесе 73 840 теңге, 2-топ­тағы мүгедектігі бар адамдарға және барлық топтағы он сегіз жас­­қа дейінгі мүгедектігі бар бала­­ларға – 10 АЕК немесе 36 920 теңге, 3-топқа 5 АЕК немесе 18 640 теңге беріледі.

Сонымен қатар мереке күн­де­рінде кейбір осал топтағы азаматтарға 2,5 АЕК мөлшерінде біржолғы ақшалай түрінде әлеу­меттік көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, 4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні қатерлі ісік тәрізді диагонозы бар балалар мен азаматтарға, 8 нау­рыз – Халықаралық әйелдер күні көп балалы аналарға, оның ішінде аз қамтылған аналарға, 21-23 нау­рыз – Наурыз мейрамына орай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні Отан ал­дын­дағы ерекше еңбегі үшін зейнет­ақы алушылар қатарындағы зейнет жасындағы адамдарға, 31 ма­мыр – Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын еске алу күні саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдарға, 1 маусым – Бала­ларды қорғау күні жетім бала­ларға, 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, 1 қазан – Қарттар күні жасы бойынша зейнеткерлерге және зейнетақының ең төменгі мөлшерін алушылар қатарындағы зейнеткерлік жастағы адамдарға, 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні иммун тапшылығы вирусын зардап шегетіндердің қатарындағы әлеуметтік маңызы бар науқастарға біржолғы әлеу­меттік көмек беріледі.

Бұған қоса «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы» заңда белгіленген тәртіппен 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қата­рын­дағы саяси қуғын-сүргін құрбан­дарына 16 желтоқсанда (Тәуелсіздік күні) 60 АЕК мөлше­рінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауған­станнан шығару күні «Ардагерлер туралы» заңдағы 5-бабының 2, 3, 4, 5-тармақтарында көрсетіл­ген басқа мемлекеттердің аума­ғын­дағы жауынгерлік іс-қимыл­дарға қатысқан ардагерлерге, Ауған­­станда әскери қызмет өтке­ру кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы сал­да­рынан мүгедектігі бекітіл­ген азаматтарға, сондай-ақ 26 сәуір – Чернобыль атом электр стан­са­­сындағы апат құрбандарын еске алу күні жеңілдіктері бойын­ша  Екінші дүниежүзілік соғысы ардагер­леріне теңестірілген ардагерлерге және Чернобыль атом электр стансасындағы апат салдарын жоюға қатысқан адамдар қатарын­дағы адамдарға 45 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Ал 9 мамыр – Жеңіс күніне әлеуметтік көмек ретінде Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден кем емес беріледі. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге де 45 АЕК мөлшерінде көмек ала алады. Алайда еңбек ардагерлеріне 15 АЕК мөлшерінде көмек алады. Сондай-ақ әлеуметтік көмек 25 қазан – Республика күнінде аз қамтылған азаматтарға 4,5 АЕК (АӘК алушылар қатарынан) мөлшерінде беріледі.