Елорда • 17 Қаңтар, 2024

Астанада 5 ірі көпір салынады. Қаланың бас жоспары бекітілді

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті. Жоспарда елорданың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту бағытындағы қадамдары белгіленген, деп жазады Egemen.kz

Астанада 5 ірі көпір салынады. Қаланың бас жоспары бекітілді

Иллюстрация: astana.gov.kz

Президент тапсырмасына сай әзірленген Астананың негізгі қала құрылысы құжаты қоғамда кеңінен талқыланды. Онда халық санының қарқынды өсуін ескере отырып, қаланы дамыту шаралары қарастырылған. Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының саны шамамен 1,2 млн адамды құрайды, 2035 жылға қарай аталған көрсеткіш 2,3 млн адамға жетеді деп болжанып отыр.

Бас жоспарда қала халқының демографиялық дамуы ескеріліп мектеп, әлеуметтік нысан тапшылығын тудырмау үшін және кептелістің алдын алу мақсатында инфраструктураны жақсарту жоспарланған. 

«Бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. 2029 жылға дейін 15 заманауи оқушылар сарайы салынады. Мұның барлығы жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Елорданың тұрғын үй қорын 68,2 млн м2-қа дейін, ал жол желісінің ұзындығын 1000 км-ге 2,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қоғамдық көліктің баламалы түрлерін дамытып, негізгі магистральдарда, әсіресе, Есіл ауданындағы кептелістерді жеңілдету үшін бес ірі көпір салу жоспарланған», деп жазылған Үкімет таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ су тұтыну көлемінің өсуі бағамдалып Ертіс-Қарағанды каналынан тартылатын су құбырымен тәулігіне 210 мың текше метрге №4 сорғы-сүзгі стансасы салынады. Бұл ретте техникалық сумен қамтамасыз ету үшін өндірістік қуаты тәулігіне 160 мың текше метрге дейін жететін «Тельман» сорғы стансасын кеңейту көзделген.

«Жылу және электр энергиясы бойынша 3-ЖЭО-ның екінші кезегін, төрт жаңа газ жылу стансасын салу және 2-ЖЭО-ны кеңейту, сондай-ақ 110/10 кВ 14 қосалқы стансаны іске қосу жоспарланған.

Газбен жабдықтау мәселелерін шешу үшін қолданыстағы АГТС-1 және АГТС-2 автоматтандырылған газ тарату стансаларының қуаты ұлғайтылады, сондай-ақ ұзындығы 71 мың шақырымнан асатын жаңа тармақ бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосылатын АГТС-3 салынды.

Сонымен қатар өткен жылы қосымша 2 700 гектар жер бөлінген Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жалғасады, онда, сондай-ақ қоғамдық және аула аумақтарын абаттандыру шаралары қабылданады», делінген Үкімет хабарламасында.

2025 жылға дейінгі бас жоспарды іске асыру бағытында 6,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның 4,3 трлн теңгесі тұрғын үй құрылысына берілген жеке инвестиция салымдары, 700 млрд теңгесі инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі болмақ.