Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Қазақ газеттері» серіктестігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті меморандум жасасып, бірнеше жылдан бері маңызды құжат аясында тізе қосып, бірлескен игі істі жүзеге асырып келеді. Игілікті ынтымақтастықтың көрінісі ретінде университет студенттері тәжірибелік сабақты бастап кетті. Алғашқы сабақтың басқосуында «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры Дихан Қамзабекұлы бұқаралық ақпарат құралдарының жаңғырып, жаңа кезеңге өту үдерісі жүріп жатқанын айтты.
Студенттер қара шаңырақта үлкен сыннан өтіп, мол тәжірибе жинайтынын, журналист қоғам ағымына орай, талабына сай тұшымды дүние ұсына алуға тиіс екенін жеткізді. Болашақ журналистер газет редакциясындағы білікті, білгір тәжірибелі мамандардың қайрауы мен шыңдауынан өтіп, ысылуы қажеттігін ескертті.
Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ газет редакциясымен университетте факультет құрылған кезден бастап әріптестік байланыс орнатылғандықтан екіжақты меморандум аясында бірлескен игі іс алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Қайрат Сақ кейінгі жылдары Еуразия университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде оқуға ынталы студенттердің қатары артып келе жатқанын айтты. 105 жылдық тарихы бар басылым, қазақ журналистикасының ұстаханасына айналған редакцияда студенттердің тәжірибесін шыңдауына өріс ашқан ұжым басшылығына алғысын білдірді.
«Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет теорияны практикамен ұштастырудың тиімділігін айта келе, бүгінгі бастама талапкер жастардың шыңдалуына жан-жақты мүмкіндік беретініне тоқталды. Бұған дейін осындай дәрістерге қатысқан ЕҰУ-дың бірнеше түлегі бүгінде ел газетінде еңбек етіп жүргенін атап өтті.
Журналистика және саясаттану факультеті, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шүрентаев студенттердің редакцияда тәжірибеден өтуі, ең алдымен, өздерінің әлеуетін танытуына зор мүмкіндік екенін айтты.
«Қазіргі медианың менеджменті және маркетингі» атты практикалық сабақтың алғашқы дәрісін «Egemen Qazaqstan» газетінің Интернет редакция жетекшісі Қуат Әуесбай өткізді.