Ауа райы • 17 Қаңтар, 2024

Қара жолдың үстіндегі қасірет

143 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қысқы жолдың бойында жазатайым оқиға көп. Түтеген ақ боранның, сақылдаған сары аяздың, қаңтарда жауған жауынның әсерінен пайда болған көктайғақтың салдарынан жолаушылар өміріне қауіп төндіретін оқыс оқиға жиілеген. Бір-біріне соғылып, қаусаған техника өз алдына, жол үстінде ажал құшқандар да аз емес. Апат сыры неде?

Қара жолдың үстіндегі қасірет

Әлеуметтік желідегі оқыс оқиғалардан көз сүрінеді. Жүз­деген көліктің өткел таппай жол бойында қаңтарылып қалуы жиіледі. Биылғы қыс та қырық құбылып тұр. Кәдімгі ерте көктемдегі «түс­ке дейін мүйіз, түстен кейін киіз» сипатында. Қыламықтап қар жауып, іле аяз көтерілсе, келесі тәулікте сыздықтап қызыл су жүріп жатады. Жол үстіндегі жүздеген оқиғаны салыстыра, ақыл таразысынан өткізе келе, айтып келетін апат салдарына алдымен себеп болып жатқан үш дүние деп түйіндедік. Бірін­шіден, темір тұлпарды тізгін­деген жүргізушілердің мәдениеті. Екіншісі, жол сапасы және бәлкім ең бастысы, жауапкершілік. Былайша пайымдауымызға, полиция және төтенше жағдайлар қызметтерінің жауапты мамандары айтқан уәж себепші болып отыр. Сөзіміз жалаң болмауы үшін нақты дерек келтіре кетейік. Облыстық полиция депар­таментінің мәліметіне қара­ғанда, биылғы қыстың басынан бері 337 рет жол қозғалысына шек­теу қойылған. Әйтсе де өзінің және жолаушылардың өмірін күн райын көре тұрып қауіп-қатерге байлайтындар саны азаймай тұр. Жол жабылғанымен, жанамалай қосылатын сүрлеуді бойлап, ебін тауып күре жолға шығып кететіндер не сән. Шыққанымен діттеген жеріне жетіп жығылса ғой. Ақ түтек боранда қарға адым жер мұң болып, аттың шоқ­тығына жететін қалың қарға кептеліп, жол үстінде қалады.

– Жолаушылардың жауап­сыздығын түсіне алмай қой­дық. Боранға қарамай жолға шық­қандардың дені той мен ба­таға бара жатқандар, – дейді байырғы жол полициясы қызмет­кері Берік Байболсынов. – Қысқы жолмен ойнауға болмайды. Ең бірінші сақтық керек. Алаңсыз жолаушының дені өз жұртымыз, бізге дейін сан рет айтылған ұят болады себеп болып тұр. Қатерге басын тіккенше, жағдайын айтса болмай ма?!

Бес жүзге жуық полиция қызметкерлері 19 214 автокөлікті батып жатқан жерінен бірге жол тазаласып, жолаушылармен бірге қаумалай-қоғамдап итерісіп, 106 колонамен елбесіп-селбесіп алып жүруге мәжбүр болған. Осы екі мыңға жуық автокөлік жабылған жолдың үстіне жа­ңа­ғы біз айтқан қулықпен шық­қандар. Сақылдаған сары аязды денелері сезініп, ақ түтек бо­ранды көздері көріп тұрса да көз­сіз тәуекелге бел буғандар. Күні-түні жауған қалың қардың құрсауынан өз бетімен шыға алмай қалған 98 автокөлік аршылып алынған. Оның ішіндегі 112 адам құтқарылған. Әлгі топтың сегізі шиеттей бала. Жауапкершіліктің жоқтығы дегеніміз, осы деректің өзінде-ақ менмұндалап тұр емес пе? Жолдың жайын, жердің бе­дерін біле қоймайтын 47 шет­ел азаматы да ажал шеңгелінен аман қалған.

Тағы бір айта кетерлігі, қаң­тарда жауған жауынның салдарынан күре жолдың бойы мұз құрсанып жатуы. Бәлкім, осы себеп те бір мезгілде бірнеше көліктің бір-біріне соғылып, жапырыла қирауына әсер етсе керек. Жаңа жыл қарсаңында Астана-Петропавл жолының 105-ші шақырымында ауқымды жол-көлік оқиғасы орын алды. 16 автокөлік бір-бірі­не со­ғылып, шағылып қалған. Өкі­нішке қарай, 28 жастағы көлік жүргізушісі қаза тапты, бес жолаушы ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғаға орай Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Арада апта өтпестен дәл осындай ірі жол апаты қайтадан орын алды. Бұл жолы да «Астана-Петропавл» бағытындағы күре жолдың 216-шы шақырымында 15 көлік бір-бірімен соғысқан. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Әртүрлі деңгейде жарақат алған үш адам ауруханаға жеткізілген. Жыл басынан бері мұндай оқиға жиілеп кетті. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчуктың айтуына қарағанда, ескерту дер кезінде жасалады. Әйтсе де, күре жолдың бойындағы өкпек жолаушылар құлақ аса қоймайды. Салдары көзге көрініп тұр. Обалы нешік полиция қыз­меткерлері жол апатының алдын алу бағытында жұмыс істеуде. Жолда қалғандарды жылыту бе­кетіне жеткізіп, көліктерін қар құрсауынан алып шығуға қол ұшын беріп-ақ жатыр. Ендігісі адамдардың өздеріне байланыс­ты. Жаратқан иенің «сақтансаң сақтаймын» дегенін қаперімізден шығарып ала беретініміз қайғы-қасіретті қалыңдатып тұр.

Осы тақырыпты індете қаузап, төтенше жағдайлар қызметімен де кездестік. Олардың мәліметіне қарағанда, қыс басталып, қар түскелі 270 адам құтқарылған. Өңірде 268 жылу бекеті дайын­далған. Олармен тұрақты байланыс бар. Қысқы маусымда 300-ге жуық жолаушы жылыту бекет­теріне аман-есен жеткізіліп, жан сақтаған. Ең өкініштісі, жол үстінде жаураған нөпірдің 29-ы – шиеттей бала. Боранда көз ұшында қарайған елді мекенге өңмеңіңнен өткен суықпен алға басқан қадамыңды кері кетіріп, қойны-қоншыңа ақ ұлпасын еріксіз тығындайтын ақ боранына қарамай жете алуы мүмкін дейтін қайраты кемел ересек адам да емес, жел соқса қоғадай жапы­рылатын кішкентай балаларды жолға алып шыққандары несі екен?! Оқырманның көз алдына қыс қаһарын елестету үшін мына бір деректі келтіре кетсек артықтығы болмас. Өңірдегі сан тарау жол үстінде қар құрсауына кептелген 15 мыңнан астам авто­көлік жинақталып, бір-біріне серік болуы үшін 50 колонамен өткізілген. Осы арада нақты дерек келтіре кетелік. Қаңтардың аязды, боранды күндері Біржан сал ауданында жол үстінде автобус сынып қалып, 14 адамға кәдімгідей қауіп төнген. Әйтеуір көретін жарық, татар дәм таусылмапты, құтқарушылардың арқасында дін аман қалды. Мұндай оқиға Целиноград, Аршалы аудандарында да орын алды. Степногор қаласының жанында ақ түтек боранда адасқан екі адам, Ереймен­таудың етегінде жол бағытынан жаңылған екі адам құтқарылды. Айтуға ғана оңай, әйтпесе атан түйені алып жығатын үскірік аяз соғып тұрғанда қол созым жердегі қарайған зат көрінбейтін тілсіз тұңғиық әлемде адасқан адамды құтқару оңай ма?!

Оқыс оқиғалардың себеп-салдарын таразы басына тарт­қан кезде құзырлы органдар жолаушылардың жауапкершілігі төмен деген өз байламдарын айтса, жүргізушілер жолдың көктайғақ болуынан, қардың уақы­тында тазаланбауынан де­седі. Өзгесі былай тұрсын, ақылы жолдардың өзі уақтылы та­заланбайтынға ұқсайды. Шыны­дай жылтырап жатқан мұзға құм себілмегендіктен, екпінмен келген көлік ойламаған жерден тайып кетеді. Пікір әртүрлі. Жүргізушілер тарапынан өкпе-наз да аз емес. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ-тың мә­ліметіне қарағанда, ұзын-ыр­ғасы 25 мың шақырымдық рес­публикалық маңызға ие авто­көлік жолдары қысқы маусымда тазартылуда. Өзге де міндет­темелері атқарылып-ақ жатыр. Ішін­ара кемшілік орын алса, ол кадрдың жетіспеушілігінен. Әсіресе механизаторлар тапшы. Жол қызметкерлері күні-түні жұмыс істейді. Жол пайдалану учаскелерінің басшылары жол тазалайтын арнайы техниканың жеткілікті екендігін айтып ақ­талып отыр. Материалдық техника паркі жаңартылуда. Өткен жылдан бастап арнайы техникаларды сатып алып, паркті жаңғырту қолға алынған. Әйтсе де, қыстың аты – қыс. Қаншалықты сақа­дай-сай тұрмыз десе де, таби­ғаттың тосын мінезінің тегеуі­рініне төтеп беру қиын. Жолдың жиі жабылуындағы мақсат, жо­лау­шылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден туындап отыр. Жол үстіндегі ахуал «Sapar» мо­бильді қосымшасы арқылы жария­ланып отырады.

Үзеңгіге аяғыңды салып тұр­саң да, қауіп-қатері көп қысқы жол­да абай болған абзал.

 

Ақмола облысы