Сұхбат • 17 Қаңтар, 2024

Толқын Қылышев: Бізге қазақ боксының мықты болғаны керек

1229 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ пен өзбек боксы тізгін қағысып қатар дамып келеді. Жаһандық жарыстарға көз тіккен жанкүйер қауым да бауырлас екі ел боксшыларының өнерін қалт жібермейді. Оны спорт сарайларындағы жанкүйерлердің шуылы мен шаршы алаңдағы сойқан соққылардың суылынан да байқап жүрміз. Өткен жылдың соңында Өзбекстанның ішкі чемпионатын тамашалаудың сәті түскен еді. Сол сапарда бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышевпен емен-жарқын әңгімелесуге де мүмкіндік туды.

Толқын Қылышев: Бізге қазақ боксының мықты болғаны керек

– Толқын аға, әуелі Өзбекстан чемпионатын көзімізбен көріп, аурасын сезінуге мүмкіндік ұсынғандарыңыз үшін көп рахмет. Байқағанымыз, ішкі біріншілік жүлдегерлері арасында жаңа есімдер көп екен...

– Дұрыс байқағансыз, бұл жолы жеңіс тұғырына көтерілген боксшылардың 80 пайызы – жастар. Бүгінгі күнмен өмір сүруге болмайды. Болашақты да ойла­уымыз керек. Сол себепті, желпініп тұр­ған жастарға да мүмкіндік бердік.

48 кило – ең жеңіл салмақ. Бұл салмаққа ұзын бойлы боксшылар керек емес. Олар кейін салмақ қосып алады. Шодиержон Меликузиевтей аласа бойлы, бір қырым артық еті жоқ спортшы болғаны жөн. Тура сіздердегі Теміртас Жүсіпов секілді. Шодиержон талай мықтыны қапы қал­дырады деп сенеміз. Ол 2023 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінің 1/8 финалында, Бангкокте (Таиланд) өткен 22 жасқа дейінгі Азия чемпионаты­ның финалында Санжар Ташкенбай­дан жеңіліп қалған. Қазір тәжірибесі толысып келеді. Өзбекстан чемпионаты­ның финалында Авазжон Юлдашев­ты қиналмай жеңді. Шодиержон сенсация жасап, мықтылардың қатарына қосылды.

51 килода чемпион атанған 22 жас­тағы Асылбек Жалилов – Олим­пиа­да чемпиондығынан үміткер талант­ты бокс­шы. Бұл салмақта Париж олим­пиадасына Хосонбой Дусматов баратыны белгілі. Аталған додадан ке­йін Жалиловтің дәуірі басталады. Асыл­бек оң қолымен де, сол қолымен де жұдырықтаса алады. Әрі бойшаң. Егер мұның салмағында Хосонбой болмағанда, қазірдің өзінде Асылбек біраз биікті бағындырар еді. Асылбек те, оның финалдағы қарсы­ла­сы Мұхаммадқадыр Мамыржанов та – ­22 жасқа дейінгілер арасында Азия чем­пионы. Соңғысы 2022 жылы Ташкентте өт­кен додада топ жарса, алғаш­қысы 2023 жылы Бангкокте өткен Азия біріншілігінде жеңіске жетті.

– Байқағанымыз, жас боксшы­лар­дың да қарқыны жақсы екен.

– Дұрыс айтасыз. 54 килода чемпион атанған Шахзод Музаффаров – 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионы, жастар арасында әлем чемпионы. Өте талантты боксшы. Бойшаң. Оның ішкі чемпионатта топ жаруы да заңды. Финалдағы қарсыласы Фозилжон Абдумуродов жасы үлкен болса да, осал емес. Жақсы спарринг әріптес бола алады. 57 килода топ жарған Миразиз Мирзахалилов Олимпиададан басқа доданың бәрінде жеңімпаз атанды. Әлем, Азия және Азия ойындарының чемпионы. Оның мұндай атақ-дәрежесінен қаймықпаған Худойназар Файзов та өте талантты. Болашақ жұлдызымыз десек те болады.

60 килода жеңімпаз болған сурхон­дариялық Дилшод Абдумуродов та жас боксшы, Азия чемпионы. Өте еңбекқор жігіт. Қателік-кемшілігімен көп жұмыс істейді. Рингте өзін сабырлы ұстай­ды. Айтқаныңды бұлжытпай орындайды. Дилшод осымен екінші мәрте ел чемпионы атанды. Онымен финалда жолыққан Асадбек Ражабов жас­тар арасында топ жарған. 2005 жылы туған Асадбектің финалға жетуі – жақсы жетіс­тік. 63,5 килода чемпион атанған Руслан Абдуллаев финалда Мужибилло Тур­суновтан басым түсті. Русланды оқыр­манға таныстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әлем чемпионын барлығы біледі.

– 67, 71 кило салмақта финалдық айқас неге болмады?

– 67 килода алтыннан алқа таққан Камронбек Тургунбоев – нокаутер. Ол жас боксшы Шавкатжон Болтаевпен жұдырықтасуы керек-тін. Бірақ ақылдаса келе Шавкатжонды шығармағанды жөн санадық. Себебі нокаутер Камронбек ауыр соққылар дарытып, жас таланттың сағын сындырып жіберуі мүмкін еді. 71 килода Хавасбек Асадуллаев жекпе-жексіз-ақ жеңіске жетті. Өйткені Асадхужа Муй­динхужаев жартылай финалда жарақат алып қалды. Сол себепті ол финалдық жекпе-жекке шыққан жоқ. Әйтпесе, Асадхужаны әлем чемпионы екенін білесіздер.

75 килодағы финалдық жекпе-жек тартысты өтті. Аълохон Абдуллаев қарсыласы Жавохир Умматалиевтен 3:2 есебімен басым түсті. Жавохир Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарды.

80 килода Турабек Хабибуллаев Жасурбек Йулдошевты жеңді. Турабек – талантты боксшы, жастар арасында әлем чемпионы. Болашағынан зор үміт күтіп отыр­мыз.

86 килода өнер көрсеткен Шохжа­хон Абдуллаев пен Самандар Жалолов арасындағы жекпе-жек бірінші раундтан кейін аяқталды. Шохжахон – жастар арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы. Бірақ бұл жолы Самандардың сағын сырдырмас үшін жеңісті оған «сыйладық». Оған себеп те көп. Біріншіден, Самандор – Баходир Жалоловтың туған інісі. Жас бала. Қазірдің өзінде бойы – 193 см. Ол болашақта 92 килоға ауысады. Екіншіден, екеуін де бір бапкер жаттықтырады. Әйтпесе, Шохжахонның Самандорға шамасы жетіп тұр.

– 92 кило салмақта финалдық айқас керемет өткен секілді. Көпке танымал Лазизбек Муллажонов пен қазақ бауырымыз Мадияр Саидрахимов екеуі де әлем біріншілігінінің қола жүлдегерлері...  

– 92 килода жеңімпаз атанған Лазиз­бек Муллажонов туралы көп айтуға бола­ды. Мұндай боксшы әлемде кемде-кем. Адами тұрғыдан да, спортшы ретінде де Лазизбек барлығына үлгі-өнеге. Бұл сал­мақтағы финалдық жекпе-жек тартысты өтті. Лазизбек әлем чемпионатының қола жүлдегері Мадияр Саидрахимовтан басым түсті. 92 килодан жоғары салмақта топ жарған Жахонгир Зокиров Баходир Жалоловтың орнын басатын бокс­шы. Бойшаң, соққысы мығым. Жахонгир 2003 жылы туған. Жасөспірімдер, жас­тар арасындағы додалардың барлығын жеңді. Жастар арасындағы әлем чемпионатында, 22 жасқа дейінгі Азия біріншілігінде топ жарды. 2021 жылы Өзбекстан чемпионатында жеңіске жетті. Жахонгир кез келген мықты боксшыға төтеп бере алады. Келесі Олимпиадаға барады, бұйыртса. Ол финалдық айқаста Абдурахим Жураевты аса қиналмай жеңді.

– Жалолов әуесқой бокстан бөлек, кәсіпқой бокста да барын салып жүр. Спортшының екі майданда жүргені қаншалықты дұрыс?

– Өте қиын. Бірақ басқа амалымыз жоқ. Баходир – жастардың кумирі, беткеұстарымыз. Ол кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Париж олимпиадасынан кейін толықтай кәсіпқой боксқа ауысады.

– Сіздің Қазақстанның бас бап­кері Мырзағали Айтжановпен бай­ланысыңыз жақсы екенін білеміз. Дегенмен екі ел құрамасының қарым-қатынасы қай деңгейде?

– Мырзағали ағамыз – әлемдегі мықты жаттықтырушының бірі. Ол Қазақстан құрамасының тізгінін алғаш ұстағанда әлемдік бокста Украина атойлап тұр еді ғой. Сол кезде украиналықтарға лайықты бәсекелестік танытып, екпінін басқан дәл осы Қазақстан боксшылары еді. Мен ол уақытта бапкерлік жұмысқа енді кірісіп, Шыршық құрамасын жаттықтыруды қолға алған едім. Мырзағали ағадан, Марат Жәкиевтен білмегенімді сұрап, ақыл-кеңес алып тұратынмын. Жас болған соң, кейде төрешілердің әділетсіздігіне шыдамай ширығып шыға келетін едік. Сондай кезде Мырзағали ағамыз «Толқын, айқайлағаннан ештеңе шықпайды. Олар шешімін енді өзгертпейді. Сондықтан шәкірттеріңді бұдан да мықты етіп да­йында. Ашуға ерік берсең, ұзамай-ақ ­таусылып тынасың. Алдағы уақытта мұндай әділетсіздіктің талайын көресің», дейтін. Қарап отырсам, Мырза бапкер дұрыс айтқан екен. Одан кейін де талай дүние бастан өтті ғой.

– Сізді қатал бапкер дейді. Жауабын өзіңізден естиік.

– Тәртіпке басымдық беретінім рас. Баходирді «скакалкамен» талай сабағанмын. Кейде қасымдағы жаттықтырушылар ара түсетін. Сондай қатал тәртіптің нәтижесінде Боходир чемпион болып жүр. Қазір маған рахмет айтады. Айтпақшы, Баходирді шыңдауға Қазақстан да едәуір үлес қосты. Баходир, Исраил, Муроджон, Елнұр бастаған мықты шәкірттерімнің барлығы Қазақстан арқылы әлемге танылды. Сіздерде жастар мен ересектер арасында жылына 10-15 турнир ұйымдастырылады. Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай, Атырау, Ақтау, Шымкент, Түркістан секілді қалаларда өтетін турнирлерге шәкірттерімді талай апарғанмын. Кейде бір қаладағы турнирді тәмамдап, елге қайтпай, бірден екінші шаһардағы додаға топ ете түсетінбіз. Боксшыларымызды турнирлерге көбірек қатыстырып, тәжірибе жинақтау басты мақсат болды. Жалолов, Мадримов, Ахмадалиев секілді боксшылар жастар мен ересектер арасындағы жарыстарға қатар қатыса беретін. Баходир жас күнінде арық, бойшаң болды. 92 килода жұдырықтасатын. Беті қайтып қалмасын деп Алексей Севастьяновтың жеке бапкеріне «шәкіртің байқап ұрсын, екінші раундта рингке шығармаймыз» деп өтініш айтқан кезіміз де болған. Сөйткен Баходир қазір абыройымызды асырып жатыр.

Айтпағым, қазақ пен өзбек боксы әрдайым бірге дамиды. Себебі екі елде ұқсастық өте көп. Біз – ежелден достығы берік, сыйластығы жарасқан бауырлас халықпыз. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас. Сырттағы турнирлерге барғанда бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Аудармашысыз-ақ тілдесіп тұрғанда басқа да елдің өкілдері қайран қалады.

– Қазақ пен өзбек боксында нендей ұқсастық бар?

– Көп қой. Екі құрамадағы боксшылар саны да, жаттығулары да бірдей. Жалпы, бізге қазақ боксының мықты болғаны керек. Олар үшін де өзбек боксының мықты болғаны дұрыс. Себебі екі мемлекеттің боксшылары Куба, АҚШ секілді мықты ұжымдардың өкілдерімен жылына әрі кетсе бір-екі рет қана кездеседі. Ал қазақ пен өзбек өрендері әр турнирде қолғап түйістіреді. Сондықтан жақын көрші, бауырлас елдер боксты дамыту үшін достық қарым-қатынасты үзбей, жылына кем дегенде Астанада, Алматыда, Ташкентте болсын бір-екі рет бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп тұрғанымыз абзал. Бұл екі тарапқа да тиімді.

– Бірлескен жаттығу деп қалды­ңыз. Шынында да, шекара шебіндегі ­Шым­кент қаласының маңында ор­наласқан «Ақ бұлақ» спорт кешені бірлескен жат­тығу өткізуге таптырмас орын секілді.

– Тамаша идея. Басшыларға айтып көруге болады.

– Дәл қазір әлемде қай құраманың мысы басым?

– Дөп басып айту қиын. Қазір бокс­ты бәрі жақсы меңгерген. Айталық, Бра­зилия, Жапония елінің кез келген боксшысымен өтетін жекпе-жек оңайға соқпайды. Үндістан мен Моңғолияның жеңіл салмақтағы боксшылары да мық­ты. Осындай биік бәсеке жағдайында Қазақ­стан да, Өзбекстан да алдағы Олим­пиадаға толық құраммен қатысуы керек.

– Енді өзіңіз туралы әңгімеге ойыссақ...

– Жасөпірімдер арасында Өзбекстан чемпионымын. Жастар арасында ел біріншілігінің күміс және қола жүл­дегерімін. «Өзбекстанның спорт шебері» деген атағым бар. Ересектер сапына қосылған соң бірнеше турнирге қатыстым. Содан кейін кәсіпқой боксқа ауысып, Ресейге кеттім. Онда жеті жекпе-жек өткізіп, бесеуінде жеңіске жеттім. Боксты тастағаннан кейін Ресейде түрлі салада қара жұмыс істедім. Үйдегілер қайта-қайта елге қайтуымды өтінгеннен кейін 2009 жылы Шыршықтағы спорт мектебіне жұмысқа орналастым. Жасөспірімдерді жаттықтырдым. Баходир, Муроджон, Елнұр секілді болашақ чемпиондарды тәрбиеледім. Кейіннен осы боксшылармен бірге жастар және ересектер құрамасына қосылдым.

– Құраманың бас бапкері бол­ғаныңызға көп болған жоқ қой?

– Иә, 1,5 жыл бұрын құрама тізгінін ұстадым. Маған дейін Марат Ғалиұлы Құрбанов бас бапкер болды. Ол кісі қазір зейнетте. Бапкерлік мансабым 2009 жылы басталды. Жеке шәкірттерімнен қазір құрамада Баходир Жалолов ғана қалды. Қалғандары кәсіпқой боксқа ауысты. Бұған дейін Азия чемпионы, Рио олимпиадасының қола жүлдегері, бүгінде кәсіпқой бокста табысқа жетіп жүрген Муроджон Ахмадалиев, әлем чемпионатының қола жүлдегері, кәсіпқой боксшы Санжар Тұрсынов, Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, қазір АҚШ-та жүріп 10 кездесу өткізген қазақ Елнұр Абдураимов, 2017 жылғы Азия чемпионы Исраил Мадримов сынды шәкірттерім Өзбекстан намысын абыроймен қорғады. Бұлардың барлығы да Шыршық спорт мектебінде білім алды. Сіздерге жақсы таныс әлем чемпионы Руслан Абдуллаевқа да бес жыл тәлім бердім. Кезінде Русланды маған білікті бапкер Ерғали Әбубәкірұлы алып келген еді. Ол талантты боксшы. Русланнан зор үміт күтеміз. Жалпы, Өзбекстан чем­пионатында Руслан Абдуллаевтан бө­лек, төрт бірдей қазақ баласы жүлдегер­лер қатарынан көрінді. Енді олар құра­маға алынып, халықаралық жарыстарда сын­ға түседі.

– Табақсайға барар жолда сіз айт­қан Шыршық спорт мектебіне де соқ­қан едік. Топжарғандар топтасқан шаңырақ екен.

– Иә. Мектеп жақсы нәтиже көрсет­кендіктен, қазір жаңа нысандар салынып жатыр. Бокс, гандбол, каратэ, ауыр атлетика секілді спорт түріне үйір өрендер үшін бірнеше ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Бұл жерде дарынды қазақ балалары да көп. Шыршық спорт мектебінде мен оқыған жылдары 50 боксшының жартысынан астамы қазақтар болатын. Барлығымыз тату-тәтті өмір сүрдік. Қазір де тығыз байланыстамыз. Мәселен, ішкі чемпионатта үшінші орын алған Саят Ілиясовтың әкесі Самат сол кезде тобымыздың үлкені саналатын. Солардың ізімен жүріп, тәрбиесін алдық. Жаман болған жоқпыз. Өзбекстан да Қазақстан секілді көпұлтты мемлекет. Сондықтан құраманың көпұлтты болуы да заңдылық.

– Биылғы Олимпиадада кімдерге үміт артасыз?

– Қазіргі мақсатымыз – Олимпиада лицензиясын толық иемдену. Содан кейін ғана медальдың жайын ойластыруға болады. Әлбетте, барлығының жолына үмітпен қараймыз. Дусматовтың Олимпиадада топ жаратындай қабілеті бар. Жалолов та білгенінен жаңыла қоймас. Абдуллаев та жерге қаратпайды деп сенеміз. 80 килода өнер көрсететін Хабибуллаев та жаһандық жарыста жарқ ете қалса дейміз. Париж олимпиадасына дейін екі лицензиялық жарыстан бөлек Болгариядағы «Странджа» кубогіне қатысамыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»

АСТАНА – ТАШКЕНТ – АСТАНА