Руханият • 17 Қаңтар, 2024

Насабнама сыр шертеді

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордадағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ел қолында сақталған талай жәдігерді жарыққа шығарып, ортақ игілікке айналдырып келеді. Жуырда музейде қазақ еліне Ислам дінін таратушы тұлғалар жайлы шежіренің қазақшаға аударылған нұсқасы таныстырылды.

Насабнама сыр шертеді

«Сыр бойындағы діни-ағар­ту­шы­лар мұрасын кешенді зерттеу» атты жиында исламның сопылық бағытында Қожа Ахмет Ясауиден кейінгі екінші тұлға Мәді­қожа ұрпақтарының шежіресі жайлы пікірлер айтылды. Әзіреті әліден бас­талып Мәдіқожа бабадан тарайтын Қожжан әулетін тарататын шежіре музейде сақталса, тағы бір баласы Қылыш қожадан өрбитіндердің насабнамасы ұрпақтары қолында.

Облыстық тарихи-өлкетану музе­йінің ғылыми хатшысы Асхат Сай­лаудың айтуынша XIX ғасырдағы Қоқан билігі тұсында қожаларға шен беріп, билік ұсынғандықтан шежірені қолдан жасағандар да бар. Сондықтан да өткен тарихтан дерек беретін кез келген құжатты мұқият зерттеген жөн.

Қылыш қожаның үшінші ұлы Смайыл Әздер ұрпақтарының қолын­дағы насабнама шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда араб және түрік тілінде жазылған. Музей қызметкерлерінің бастамасымен алғаш рет аударылып отырған насабнама ислам әлемінде «Шахмаруан Муртада» деп аталған төртінші халифа Әли ибн Әбу Талиб және оның ұлы Мұхаммед Ханафия­дан бастау алып, ХVІІІ-ХІХ ғасырда Алаш жұрты құрметтеген, Құлболды ишанның ұстазы, атақты Смайыл Әз­дер Қылышқожаұлының балаларымен аяқ­талады. Одан кейінгілер туралы мәлі­мет там-тұм болып тұр.

Насабнама өткен ғасырдың алпы­сыншы жылдары өмірден өткен Тұрым­бет қалпе арқылы кейінгілерге жеткен. Қазір қалпенің немере інісі Жанболат Әлиакпаровтың қолында сақталып тұр. Үзындығы 2,45, ені 13 сантиметр. Ал Қожжан қожадан өрбитіндер шежі­ресі ислам әлемінде өзіндік орны бар Құлболды ишан немересімен түйінделеді.

Смайыл әздер XVIII ғасырда өмір сүрген ер Сейітпенбеттің тұстасы. Мәң­гілік мекен тапқан жері Жетікөл ауы­лының маңайындағы Қожжан баба қорымында. Жетпісінші жылдары ұрпақтары бейіт басынан ескі көктас тауып, одан «Исмағил уфат» дегенді анық оқыған.

– Құлболды ишанның ұстазы атан­ған Смайыл бабамыз Бұқарадағы Мір-Араб медресесін бітірген рухани ілімді жалғастырған үлкен тұлға бол­ған. Біз ол кісінің мұрасын зерттеу­де тегімізді айтып бөлінуді емес, қайта діннің дүдәмәл тармағына түсіп кеткендер көбейіп тұрған бүгінгідей уақыт­та бабаның рухани ілімін қайта жаң­ғыртып, дәстүрлі жолымызды насихаттауды көздеп отырмыз, – дейді ұрпағы Серікбай Нұртазаев.

Смайыл әздер туралы алғашқы де­рек Палман шайыр мен қыпшақ Бұда­бай ақынның шығармаларында кез­деседі. Осы күні әйгілі ақын Шортанбай Қанай­ұлы баба ұрпағының бірі деген дерек зерттеліп жатыр. Бабадан қалған аса таяқ пен тақия кезінде қолды болған екен. Тіпті бір қаскүнемдер шежірені жалғастырған тізімді де жоқ қылып, өртеп жіберген. Қазір ұрпақтарының қолында бабаның тасбихы, ол оқыған Құран кітабы, жайнамаз сақтаулы тұр.

«Сыр бойындағы діни-ағартушы­лар мұрасын кешенді зерттеу» жобасы аясында жасалған насабнаманың элек­тронды көшірмесі музейге тапсырылды.

 

Қызылорда