Білім • 18 Қаңтар, 2024

Білім бәсекесінде әділет маңызды

140 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқушылар арасында өтетін әдеттегі олимпиада, байқаулардың қорытындысы жарияланған соң, кейбір баланың ата-анасы мен жетекшілері тарапынан орынды-орынсыз реніштер туындайтыны үйреншікті нәрсе. Бірақ таяуда Қостанайда өткен республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде көрініс берген өрескел жағдайды балаға көпе-көрінеу жасалған қиянат демеске лаж жоқ. Ұйымдастырушылардан кеткен қателіктің кесірінен барлық тапсырмасын қатесіз орындаған талапты баланың тауы шағылып, келесі кезеңге өте алмай қалды. Баланың анасы әділдік іздеп шарқ ұрып әлек.

Білім бәсекесінде әділет маңызды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әсіресе, жыл бойы кітап кеміріп, жанын салып жарысқа дайындалған балаға обал-ақ. Білімі лайықты бағаланбаған шәкірттің асқа да, сабаққа да зауқы жоқ. Томаға-тұйық күйзеліске түскен. Ата-анасы бала­мыздың жүйкесіне жүк түсіп, денсаулығына зиян келмесе екен деп алаңдап отыр.

Мәселенің мәнісі былай, өткен жылдың желтоқсан айында облыстық білім бас­қармасы мен «Дарын» ғылыми практикалық орталығы ағыл­шын тілі пәнінен өткізген рес­публикалық олимпиадаға Қостанайдағы «Qazbilim» ұлттық лицейінің 10-сынып оқушысы Ақбота Түкенова да қатысқан. Білім жарысында әр балаға бір-біріне қыстырылған 4 парақ, әр парақта бір тапсырмадан берілген. Ал Ақботаға 3-ақ парақ, яғни бір тапсырма кем беріледі. Соңғы тапсырма бойынша оқушы эссе жазуы керек. Үш тапсырманы орындап, бірнеше рет қайта тексеріп болған соң, біраз уақыт бос отырып қалған бала айналасындағы оқушылардың «сен, эссе жаздың ба?» деп өзара сыбырласып жатқанын құлағы шалып қалады. Өзіне жақын отырған баладан тапсырма үшеу емес, төртеу екенін, төртінші тапсырма бойынша эссе жазу керек екенін сұрап білген Ақбота кураторды шақырып, өзіне эссе жазу туралы тапсырма берілмегенін айтады. «Значит ошибка произошла» деген куратор басқа баланың төртінші парағын жұлып алып, Ақбо­таның алдына тастай салған. Уақыттың аяқталуына отыз минуттай қалған. Бала қосым­ша уақыт сұрайды. Бірақ ку­ратор барлығына талап бір­дей, сен үшін қосымша уа­қыт берілмейді деп қысқа қайыр­ған. Осылайша, тапсыр­маны бәрінен кеш алған оқушы жанталасып эссе жазуға кіріседі.

Баланың біліміне баға беретіндей пән маманы емес­піз, бірақ жетекші мұғалім мен ата-ананың айтуынша, Ақбота осы олимпиадаға өте жақсы дайындықпен келген.

– Балам соған қарамастан, 90 ұпаймен 3-орынға ие болды. Бірақ келесі кезеңге өте алмады. 1-орынды 92 ұпай жи­наған орыс мектебінің оқу­шысы алған. 2-орынды да 91 ұпаймен орыс мектебінің оқушысы иеленіп отыр. Әр­қайсының арасы – 1-ақ ұпай. Ал 86, 87, 88 ұпай жинаған орыс сыныбының оқушылары менің баламмен бірге 3-орынға ие болды. Сол күні Астанада жұмыс сапарымен жүр едім. Кешке видеобайланыс арқылы хабарласқан баламның өк­сіп жылап, сөзі тамағына тығы­лып, сөйлей алмай тұрға­нын көріп, зәрем ұшты. «Маған үшінші орынды берді, тапсыр­маның бәрін қатесіз орындап шықтым. Төртінші тапсыр­маны кешіктіріп берсе де, эссені үлгеріп жазып шық­тым», дегенді өксіп әрең айтты. Баламның қан қы­сымы көтеріліп кеткен соң, әкесі дәрігер шақыртқан. Осы жағдайды көріп, сыртта жүр­ген менің де қан қысы­мым көтеріліп, таңға дейін көз ілмей шықтым. Олим­пиа­дасы құрысын, баламның денсау­лығына зиян келмесе екен деп тіледім, – дейді оқу­шының анасы Әсел Ермен­баева.

Келесі күні сынып же­тек­­шісі мен ағылшын тілі пә­­нінің мұғалімі баланы ер­тіп аппеляция беруге бара­ды. Алайда қалалық «Да­рын» орталығының басшы­сы Бағытжан Исетова оқу­шы­ның аппеляциялық шағы­мын қабылдамай қойған. Біздің тараптан қате кеткенін көрсетпеңдер, шағымның орнына өтініш жазыңдар дегенді талап еткен. Бірақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ол талаппен келіспеген. Сол жерде екі тараптың арасында дау туады. Мәселе ушығып бара жатқан соң, Бағытжан Исетова оқушыны осы жолы облыстық кезеңге өткізіп жіберерміз деп өтірік айтып, баланың телефон нөмірін жазып алып қалған.

– Баламның жетекшісі де, ағылшын тілі мұғалімі де Бағытжан Исетованың үлкен басымен облысқа өткіземіз дегеніне сеніп, кері қайтады. Жазып апарған аппеляциялары ақыры қабылданбайды. Ал өтінішті электронды түр­де жіберіңдер деген соң, ба­ламның жетекшісі мен ағыл­шын тілі мұғалімі мектепте өтініш жазып, Бағытжан Исе­тованың WhatsApp нөмі­ріне жібереді. Алайда ол тіркелмеген. Шын мәнінде, оны қабылдағанына күмәнім бар. Мен Қостанайға желтоқ­санның 28-і келдім. Келе сала, «е-otinish» арқылы облыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраеваның атына екі тілде арыз-шағым жібердім. Алайда білім бас­қар­масы арызымды «закры­то как дубликат» деп жаба салған. Осылайша, Әкімшілік рәсімдік-үдерістік кодекстің 64-бабын өрескел бұзған. Ал қалалық білім бөлімі арыз-шағымды да, өтінішті де қабылдап, оған орындау­шы белгіледі. Үшінші қаңтар­да олимпиада ұйымдас­тыру­шылардың бірі Марина Попо­ва қоңырау шалып: «Бізден қате кеткен жоқ, балаңыз өзі қателескен» деп баламды кі­­нә­­лі етіп шығарды. Оған қоса, шағымның дер ке­зін­де бе­рілмегенін алға тар­тып, ба­ламның жетекші­лерін, мені кінәлап шықты. Бұл жер­де «Қазақстан Респуб­лика­сындағы баланың құқық­та­ры туралы» заңының 4-ба­­бына сәйкес, баланың тең­­құқықтылығына нұқсан ке­ліп отыр. Балама олимпиада уа­қытында тең құқық беріл­ген жоқ, сонымен қатар атал­ған заңның 5-бабына сәйкес баламның құқықтарын шектеп отыр, – дейді баланың анасы.

Бізді таңғалдырғаны, атал­ған олимпиадаға қатысқан 25 баланың алтауы ғана қа­зақ мектебінде оқиды. Қалға­ны түгел орыс тілінде білім ала­ды. Баланың білімін әділ бағалайды деп сенген қа­зыл­ардың да дені орыс тілді мұғалімдер. Осыдан келіп, «Неге осындай маңызды білім жарыстарында қазақ мек­тептері мен өзге тілді мек­­теп­тердің теңдігі сақтал­майды?», деген заңды сұрақ туады.  

– 5 қаңтарда қалалық білім бөлімінде осы мәселе жөнінде отырыс өтті. Отырысқа қатыс­қандардың бәрі баламның эссесін өте жоғарғы деңгейде жазылғанын бірауыздан рас­тады. Алайда басқа тапсыр­малардан қате жіберген дей­ді. Бірақ маған қай жерден қандай қате кеткенін көрсет­педі. Яғни баламның қате жі­бергені туралы дәлел ұсын­бады, – дейді Әсел Ер­мен­баева.

Олимпиаданың облыстық кезеңі әлдеқашан өтіп кетті. Жергілікті жерден әділдік таппай ашынған ана енді рес­публикалық «Дарын» орта­лығына жүгінбек.

 

Қостанай облысы