Пікір • 17 Қаңтар, 2024

Жаңа саяси мәдениет

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа саяси кезең өте динамикалы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еgemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының басты өзектілігі – өткен кезеңдегі саяси оқиғаларға, халықты толғандырған қоғамдық мәселелерге ашық жауап беруінде.

Жаңа саяси мәдениет

Біріншіден, бұл сұхбат – жай ғана жыл қорытындысы емес, Қ.Тоқаевтың билік басына келгеннен бергі жұмысының басты аспектілері жөніндегі терең баян­дама.

Екіншіден, сұхбат мемлекеттік тіл­де­гі газетке берілуі – Президенттің мем­­ле­­­кет­тік тілге айрықша назар ауда­ра­тынын, ана тіліміздің саяси тұтқаға айнал­ғанының үлгісі.

Үшіншіден, заманауи сая­си үдеріс­тер­дің қай бағытқа дамып бара жатқанын қамтып, «бүгіннің басты мәселесі неде?» деген сұраққа дәлелді жауап береді.

Мемлекет басшысы жауабындағы  көңіл аударатын мә­селе – қоғамда көп таралған Қазақ­стандағы «қос билік» жөніндегі алыпқашпа әңгіме. Шыны керек, еліміздегі ескі билік жеке эко­но­микалық мүд­десін қорғап қалу үшін мемлекетті қосарлана басқаруға тырыс­қа­ны анық.

Олар «өзі би, өзі қожа» кезін аңсап, мемлекеттік басқару тетіктерін қай­та­ру­ға күш салғаны да ашық айтылды. Дегенмен билік бүгінде халықтың басым көпшілігінің мандаты негізінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нық қолында.

Диалектиканың «терістеуді терістеу» де­ген заңы бар. Бүгінде ескі жүйе­нің істеген қателіктері мен шалыс қадам­дарын түзету кезеңі өтіп жатыр. «Кеттің бе – қайырылма!» Өте дұрыс аксиома! Кеткен саяси тұлға саясатқа араласпауға тиіс. Осынау күрделі алмағайып заманда Президент билігі нық және мықты болуы керек. Нық билікпен саяси плюрализмді қолдай отырып, даму қажет.

Елімізде саяси реформалар іс жүзіне асып келеді. Қазақстан перманентті сайлау кезеңінен өтті. Елімізде ауыл әкім­дерінің барлық деңгейдегі Мәжіліс, мәслихат депутаттары сайлауы, аудан әкімдері сайлауы өтті. Қазақстанда жаңа саяси мәдениет қалыптасып ке­леді.

Сонымен қатар экономика саласында құрылымдық өзгерістер жасау керек. Ішкі жалпы өнім өскенімен, сол өнімді халық арасына әділетті жеткізу, бөлу проблемасы бар. Жалпы, шешімін күткен мәселелер көп. Қазірде экономикалық теңдік қалып­тас­тыру кезеңі жүріп жатыр. Келесі ке­зең саяси реформаларды халықтың әл-ауқатын арттыру іргетасына ұластыру болмақ.

 

Ерлан САИРОВ,

Мәжіліс депутаты