Пікір • 18 Қаңтар, 2024

Жауапты жастар – ұлт тірегі

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» бағдарламалық мақала­сында:«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты ел­дің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық рефор­маларды және сананы жаңғырту үде­рісін жалғастырып, заман талабына бейім­делген ұлттың жаңа болмысын қалып­тастыруымыз керек» деп айтқаны көзі қарақты оқырманның есінде болар.

Жауапты жастар – ұлт тірегі

ФОТО: bilimdinews.kz

Ұлт болашағына қатысты тұжырымдамалы ойын Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­батында да айтты. Осы ашық әңгімені қажетті тұстарын астын сыза отырып, бастан-аяқ оқып шықтым. Президент еліміздегі түрлі мәселені қамтитын сұрақтарға барынша толымды, тұшымды жауап бергенін атап өткен абзал.

Ұлт мемлекетіміздің басты байлығы саналатын жеке адамдардан құралады. Адам капиталын тұрақты дамыту – жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі. Тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері басуы адам капиталының, яғни ұлтымыздың сапалық деңгейіне тәуелді екені түсінікті. Осыдан екі жыл бұрын ұлттық арнаға берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев «Әр­қайсымыз еліміздің патриоты болуға тиіспіз» деген болатын. Сондай-ақ Президент озық ойлы ұлт қалыптастырудың мақсатын «Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қалаймыз», деген сөзімен айқындап берді.

Мемлекет басшысы қарым-қабілеті зор, білімді, адал азаматтар елімізді алға бастайтынын үнемі айтып келеді. Озық ойлы ұлт – ұлттың жаңа сапасы. Сондықтан біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға бір кісідей жұмылып, атсалысуымыз керек.

Президенттің пайымынша, мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азаматтар болуы қажет. Әділетті Қазақстан құруда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр, жауапты жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады. Осы орайда Мемлекет басшысының «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» сұхбаты барлық білім беру ұйымында талқыланып, педагогтер мен білім алушылар өз пікірлерін ортаға салуы керек деп санаймын. Неге десеңіз, жас ұрпақ еліміздегі маңызды оқиға, жаңалықтардан хабардар болып, талқылауға қатысып, өзіндік ой-пікірлерімен бөлісіп отырса, бұл олар­дың азаматтық белсенділігін, қоғамдық мәсе­лелерге көзқарасын дамытуға оң ықпал етері сөзсіз. Ойы ұшқыр жастарымыз қатары кө­бейсін десек, олармен жүргізілетін тәрбие жұмысы да жүйелі әрі пәрменді, нәтижелі болуға тиіс.

Озық, алдыңғы қатарлы ұлт өз еліне жанашыр, отаншыл, заман талабына сай әрекет ететін, білімді де білікті, кәсіпқой ма­ман, еңбекқор азаматтардан құралады. Олай болса, әркім өзінің ісін адал атқарып, қоғам­дық істерге белсенді араласып, туған өңірі­міздің, қоршаған ортамыздың көркейіп, өсіп-өркен­деуіне мүдделі болса, ұлтымыздың мерейі асып, ел қуатының арта түсеріне сенім мол.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру ісінің үздігі

 

Қостанай