Аймақтар • 18 Қаңтар, 2024

Жаңарған техника паркі: Тозығы жеткен трактор да жоқ емес

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірнеше жыл бойы асыраушы саланың басты мәселесі тозған техникадан құтылу болғаны жасырын емес. Шыны керек, қайбір жылдары егістік алқаптарға көз жүгірткенде, тозығы жеткен техникалардан көз сүрінетін. Қазіргі кезде өңірлердегі ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары да осы бір өзекті мәселені шешу үшін қолдан келгенше жұмыс атқарып жатыр.

Жаңарған техника паркі: Тозығы жеткен трактор да жоқ емес

Әлденеше жыл бұрын Жамбыл облысындағы техниканың 80 пайы­зы­ның тозығы жетіп тұр­ған­ды­ғы туралы мәлімет тара­ған еді. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш едәуір жақсара түскені сыңайлы. Өткір мәселе Президенттің де тікелей назарында екені анық. Өйткені бұл проб­леманы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте еске салды, ескертті де.

Президент Қазақстан халқына арна­ған «Әділетті Қазақ­станның эко­но­ми­ка­лық бағдары» атты Жол­дауында ауыл шаруашылығы сала­сындағы тозығы жеткен тех­ника­лар­ды жыл сайын 8-10 па­­йыз­­ға жаңартып отыру қажеттігін айтты.

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс», деген Мемлекет басшысының сөзі жер­гі­лікті атқарушы билік өкілдеріне де ой салды.

Соңғы дерекке сенсек, өңір­дегі ауыл шаруа­шылығы техни­ка паркі 13,1 пайызға жаңарыпты. Әрине, бір қара­ғанда бұл көр­сеткіш кәдімгідей көңіл тоғай­тады. Облыс әкімдігі ауыл шаруа­шылығы басқармасының баспа­сөз қызметі келтірген дерекке жү­гінсек, Президент тапсырмасын орындау бойынша нақты жұмыстар қолға алынып жатыр екен. Көңілге қонатын нәтиже де жоқ емес.

«Өңірде 13,8 мың дана техника тір­кел­се, оның 4 570 данасы трактор, 985 данасы комбайн және 8 281 данасы басқа техникалар. Бұл ретте тіркелген барлық ауыл шаруашылығы тех­никаларының 9,5 мыңнан аста­мы­ның пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни 68,7 пайызының тозығы жеткен.

Ал 10 жылға дейінгі пайда­ла­ну­дағы техника үлесі – 31,3,% немесе 4,3 мың дана. Оның ішінде 4,6 мың трак­тор­дың 2,4 мыңнан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни 52,6 па­йызының то­зығы жетіп тұр», дейді жауапты бас­қар­ма­ның бас­пасөз қызметі.

Нақты дерекке жүгінсек, бар­лық ауыл шаруашылығы тех­никаларының 68,7 пайызының тозығы жеткен екен. Яғни 9,5 мыңнан астам техниканың пайдалану мерзімі он жылдан асып кеткен. Сондай-ақ өңірдегі трак­тор­дың 52,6 пайызы ескірген. Бұл техникаларды жаңалауға әлі де бірнеше жыл уақыт кететін секілді.

Қалай десек те он жылға дейінгі пайда­ланудағы трактордың үлесі соңғы уақытта едәуір артқаны бай­қалады. Салыс­тыр­ма­лы түрде айтсақ, бірнеше жыл бұрынғы көрсеткіштен едәуір жақсарған. Бүгінде жылы жаңа трактордың саны 47,4 пайызға жеткен. Әрине, әлі де болса жалпы көр­сет­кіш­тің жартысына жеткен жоқ. Әйт­кен­мен осы жылы тағы да техника паркі жа­ңаланатынын ескерсек, ескі техни­ка­ның саны там-тұмдап болса да азаятын секілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруа­шылығы техникасын жаңарту бойынша тапсырмасына сәйкес облыста жүйелі жұмыстар жүр­гізіліп жатыр.

Өткен жылы облыс бойынша 1 642 техника (8 бірлік комбайн, 380 бірлік трактор, 1 254 бірлік басқа да техникалар) сатып алынып, техника паркінің жаңартылу деңгейі 13,1 пайызды құрады. Ал осы жылы техника паркінің жаңару көрсеткішін 13,5 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Жалпы, өткен жылы өңірі­мізде «Ауыл аманаты» бағдар­ла­масы аясында 18,4 млрд тең­геге 3 мыңнан астам жоба қар­­­жыландырылды. Бұл, әрине – үл­кен қолдау. Нәтижесінде, құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 352 бірлік техника сатып алынды. Оның ішінде жамбылдық диқандар жалпы құны 803 миллион теңгені құрайтын «Ловол», «Зумлион», «Юто» және «МТЗ» маркалы 55 тракторға қол жеткізді», дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы­ның басшысы Нұрби Жігітеков.

Қалай алып қарасақ та, Президент пәрменінен кейін техника паркін жаңалау жұмысының бойына қан жүгірген секілді. Әрине, тозған техниканың саны әлі де аз емес. Оларды жаңарту жұ­мыс­тары толассыз жалғаса бермек.

 

Жамбыл облысы