11 Маусым, 2010

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТТІЛІГІ

491 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
9 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болды Елбасы Маңғыстауда жұмыс сапарымен жиі болып тұрады. Кел­ген сайын қала келбетін ажар­ландыра түсетін еңселі ғимараттар мен жаңадан бой көтерген әлеу­меттік нысандарға куә болып жүр. Бұл жолы да солай болды. Бұл жәйт – облыстың әлеуметтік-эко­номикалық қарқынды дамуының жемісі. Олай дейтініміз, өткен жылы өнеркәсіптік өнім өнді­рі­сі­нің көлемі 1270 млрд.теңгені құрады. Инвестицияның жан ба­сына шаққандағы көлемі бойынша (657 мың теңге) облыс республика өңірлері арасында екінші орында тұр. Әлеуметтік салаға жыл сайын барлық шығындардың 60 пайызы бағытталады. Инвесторлардың об­лыстың дамуына бөлетін қаражаты соңғы бес жылда алдыңғы жыл­дар­мен салыстырғанда 7 есе өскен. Елдің индустрияландыру карта­сы­на жалпы көлемі 165,2 млрд. тең­гені құрайтын 12 жоба енгізіліпті. Оның 8-і осы жылы аяқталмақшы. Осы жобалар аясында 6,9 мың жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Жаңа халықаралық “Ақтау” әуежайында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевты облыс әкімі  Қ.Кө­шербаев бастаған өңір басшылары  қарсы алды. Елбасы кортежі “Гранд Нұр Плаза” бес жұлдызды жаңа қонақ үйге келіп тоқтады. Осындағы конференция залында облыстың инвестициялық жобала­ры таныстырылды. Елбасы аса ірі “Жер – Теңіз– Аспан”, “Каспий энер­гетикалық хабы”, “Ақтау Сити”, “Кендірлі”, “Каспий” тех­но­логиялық университеті, энер­гетика және көлік  құрылымдарын дамыту, т.б. жобаларға зер салды. Облыс экономикасына ғана емес, бүкіл еліміздің еңсесі көте­рі­ле түсуіне ықпалы бар инвес­ти­циялық жобалармен танысқан соң, Нұрсұлтан Әбішұлы тікелей те­ле­көпір арқылы үш жобаны жүзеге асырудағы компания басшы­лары­мен байланысқа шықты. Бірінші болып “Өзен-Түркіменстан мем­лекеттік шекарасы” бойынша  Жаңа­өзеннен “Қазақстан темір жолы” АҚ-тың вице-президенті Е.Сұлтанов хабарлама жасады. Оның айтуынша, бұл жоба бойын­ша құрылыс жұмыстары  жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Жоба толықтай жүзеге асқанда 1 мың адам жұмыспен қамтылып, Қазақ­стан өнімдерін Парсы шығанағына жеткізуге мүмкіндік туады. Жол құрылысына түрлі мамандық­тар­дағы 1700 адам, 700 техника тар­тылған. Теміржолшылар ел тәуел­сіздігінің 20 жылдығына міндетте­мелерін толық орындайтын болады,  деді Е.Сұлтанов. Бұдан соң телекөпір байла­ны­сына “Қазақстан астығы “Каз­агро” АҚ басқарма төрағасының орын­басары Б.Бейсенғалиев шықты. “Жоба осыдан бір жыл бұрын Бейнеуде басталды. Бас­тамашысы  – “АПК” инвест” компаниясы. Жобаның құны –  60 млрд. 300 млн. теңге. Жоба аясында 100 мың тоннаға дейін астық сақтайтын элеватор, 120 мың тонна ұн шығаратын кешен, 70 мың тонна құрамажем өндіретін зауыт салынды. Жоба осы шілденің соңында іске қосылады”, деді ол. – Астықты экспортқа шығару­дың проблемасы бар, – деді Ел­ба­сы аталған жобаға орай. – Елі­міздің батысында астық өндіріл­мей­тіні белгілі. Ал бұл жоба  ай­мақ­қа астық жеткізу үшін де, мал басын көбейту үшін де пайдалы. Жұмыстарың сәтті болсын! Ал “КРІ” АҚ төрағасы Қ.Қы­ры­мов Ақтау қаласында битум зауытын салу жайын айтты. “Сіз­дің тапсырмаңызға орай жоба қолға алынды. Құны 79 миллион АҚШ долларын құрайды. Дайын­дық жұмыстары толық аяқталды. Қазір қажетті техника да, адам күші де дайын. Құрметті Прези­дент, аталған зауыт құрылысын бастауға рұқсат етуіңізді өтінеміз”, – деді Қ.Қырымов. Президент “Рұхсат етемін, бас­таңыздар”, – деді. Мемлекет басшысы одан соң республикамыз бойынша алғаш рет салынып, жақында ғана пай­далануға берілген оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталы­ғы­на келді. Бұл жерде Елбасын қа­зақ­тың ұлттық киімін киіп, алқы­зыл гүл шоқтарын ұстаған жастар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбді­қа­лықова, облыстық мекемелер мен ұйымдардың басшылары, жұртшы­лық өкілдері, оралмандар құрмет­пен қарсы алды. Аталған нысан екі жеті қабатты жатақхана және әкім­шілік ғимаратынан тұрады. Орта­лықтың мақсаты – алыс-жақын шетелдерден келген қандас­та­ры­мызды жаңа ортаға бейімдеу мен кіріктіру үшін жағдай жасау. Орталықта бейімделу мерзімінде, яғни 5-6 айда 200 оралманның отбасы уақытша тұрып тіл үйре­неді, кәсіби мамандыққа бейім­деледі. Жұмыспен қамту, шағын кәсіпкерлікпен айналысуға көмек беріледі. Орталықта 50 орындық балабақша, сондай-ақ шағын кә­сіпкерлік ошақтары – шаштараз, тігін, аяқ киім, сағат жөндеу, су­ретке түсіру салондарын ашу жү­зеге асуда. Жалпы, облыста Елбасы тап­сырмасына орай жасалып отырған жұмыстар ауқымы кең. Оған дәлел, өткен тоғыз жыл ішінде аймаққа 27386 отбасы немесе 99 мың 552 адам келіп қоныстаныпты. Тәуел­сіз Қазақстанда алғаш рет негізін оралмандар құрайтын Мұнайлы ауданы құрылып, тұрғындар үшін барлық жағдайлар жасалуда. Ал алдағы екі жылда облыстың жеті елді мекеніне 2500 отбасы келіп қо­ныстанбақшы. Енді сол қан­дастарымыз туған топыраққа кел­генде алғашқы атбасын тірейтін ақ ордасы осы орталық болып отыр. Елбасы орталықтағы оқып-үйрену кабинеттерін, конференц залды ара­лап, оралман отбасыларымен әңгімелесті. Кездесуде Елбасы әлемде өз қандастарын тарихи ота­нына шақырып, қажетті жағдайлар жасап жатқан үш мемлекет бар. Солардың бірі – тәуелсіз Қазақ­стан. Соның нәтижесінде бұл күн­дері 1 миллионға жуық  қандас­та­ры­мыз тарихи Отанына оралып, туған жерге қоныстанды. Енді оралман ағайындар еліміздің одан әрі нығайып, көркейе түсуіне лай­ық­ты үлес қосулары қажет, деді. Осы бір әсерлі кездесудің соңында аймаққа белгілі ақсақал Лепес қажы Исаев Елбасының хал­қымыздың бірлігі, туған еліміз­дің өсіп-өркендеп, әлемге кеңінен танылуы жолындағы өлшеусіз еңбегі үшін жиналған ардагерлер атынан алғыс айтып, ақ батасын берді. Мемлекет басшысы одан кейін Маңғыстау облысының білім беру, мәдениет және ғылыми орталығы – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне келді. Соңғы жылдары ғана EURASHE еуропалық жоғары білім беру институттары ассоциациясының, Ме­неджментті  дамытудың орта­лықазиялық қорының, Экономи­ка­лық және бизнестік  білім беру ресурстық желісінің мүшесі болған бұл білім ордасы қазірдің өзінде халықаралық дәрежеге ие. Олай дейтініміз, бүгіндері мұнда еліміз­ден, Қытай, Грузия, Ресей, Түр­кия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түр­кіменстаннан барлығы 6614 студент білім алады. Ал алмасу тә­сілімен біраз студент ГФР, Қытай, Үндістан, Польша, Ресей уни­верситеттерінде оқып жүр. Универ­ситет колледжінде 10 орта кәсіптік мамандық бойынша білім берілуде. Болашақта университет қазақ, орыс және ағылшын тілде­рінде білім беру жүйесін енгіз­бекші. Академик Ш.Есенов атын­дағы Каспий мемлекеттік техно­ло­гия­лар және инжиниринг универ­ситетінің бас оқу корпусы өткен жыл аяғына таман пайдалануға берілді. Әлемдік қаржы дағда­ры­сы­на қарамастан, Елбасының ті­ке­лей қол­дауымен, арнайы тапсыр­масына орай 50 гектар аумақта ірге көтерудегі қазіргі заманға сай іргелі білім ордасы еліміздің ғана емес, аты айтып тұрғандай, Кас­пий маңы елдерінің ортақ игілігіне айнала түсуде. Қазақстан Үкіметі университет қалашығында ақпа­рат­тық есептеу орталығы бар кітап­хана, жүзу бассейні бар спорт сарайы, инженерлік орталық, жастар сарайын, тағы да басқа нысандарды салуға қаржы бөлсе, облыс әкімдігі арқылы универ­ситетте республикада теңдесі жоқ ашық аспан астындағы мұнай-газ мамандықтарына арналған оқу, зертханалық полигон құрылысы аяқталуға жақын. Осынау білім ордасында өлке­нің студент жастары жарқын жүз­бен қарсы алған Елбасы әдемі нысанды аралап көрді. Осы сәтте университет ректоры, профессор А.Абжаппаров Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на Германия Федеративтік Республикасының Вильдау қала­сындағы қолданбалы ғылымдар, техникалық университеттермен бейнеконференцияға қатысуды ұсынды. Бейнеконференция бай­ла­нысы басталды. Оған универ­ситеттің профессоры, әйгілі ғалым Лацло Унгвари мен Гер­манияда оқып жатқан қазақ­стандық сту­денттер қатысып, әң­гіме өрбіді. Қазақстандық жастар Елбасының ерекше қамқорлы­ғына алғыстарын айтып, алыс жерде жүріп алған білімдерін тәуелсіз Қазақ елінің одан әрі өр­кендеп, өрлей беруіне жұмсай­тын­дықтарын жеткізді. Одан соң мәртебелі меймандар “Қысқы баққа” бет алды. Онда университеттің студенттер жетек­ші­лерімен әңгіме болды. Ал оқу залында интернет арқылы Эль­зи­вир халықаралық ғылыми кітап­ха­насының, Ресейдің жетекші  ғы­лыми орталықтарының кітапхана қорларымен электронды байла­ныс мүмкіндігі көрсетілді. “Осындай ішінде барлық жағдай жасалған тамаша ғимаратта білім алған сіздердің өндірісті өлкенің қарқынды дамуына лайықты үлес қосуларыңа тілектеспін”, – деді Елбасы болашақ иелеріне. Одан соң Мемлекет басшысы “Ақтау” сауда ойын-сауық кеше­ні­не келді. Қаланың ортасына көрнекті етіп салынған орталықта тұрғындар мен қонақтар  үшін бәрі бар. Ғимарат жайлылық пен қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ететін заманауи технологиялық стандарттар бойынша жабдық­тал­ған. Кешен аумағында түрлі дү­кендер, мейрамхана, ойын-сауық және демалыс орталықтары орна­ласқан. Банк секторы, түрлі са­лон­дар, “Технодом”, жер үсті, жер асты көлік тұрақтары, қаладағы бірден-бір мұз айдыны да осында. Екінші қабаттағы “Ақтау Fіtlіte” спорт кешені аумағында әлемдік стандарттар бойынша салынған, суы ұдайы тазаланып тұратын кәсіби бассейн орналасқан. Жо­ба­лық құны 148 млрд.теңге болатын кешен 50 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Ал жұмыс орындары 2500-2700 адамға есептелген. Ел­ба­сы кешен инвесторы – “Central Asіa petroleum LTD” компания­сының өңірдегі әлеуметтік жоба­лары ретінде салынған ақпараттық стендіні қарап көрді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Жоламан БОШАЛАҚ, АҚТАУ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.