Қоғам • 19 Қаңтар, 2024

Дүкен иелерінің уәжі немесе мобильді аударымдарға қатысты кілтипан

1202 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаңа жыл басталғалы бері мо­бильді аударымдарға қатысты өзгерістер такси жүргізушілерін ғана емес, үйдің айналасындағы дүкен иелерін де уайымға салып отыр. Біз бұған дейін үкіметтің салық мәдениетін қалыптастыруға қатысты нақты қадамдары жеке кәсіп иелерін қынжылтып отырғаны туралы мәселе көтергенбіз. Дегенмен үй жанындағы дүкен иелерінің уәжі мен талабы нендей?

Дүкен иелерінің уәжі немесе мобильді аударымдарға қатысты кілтипан

Апта басында Алматы кәсіпкерлер палатасында дүкен ұстап отырған жүзден астам адам жиналды. Кез­де­суге қалалық мәслихат депутаттары, Мем­ле­­кеттік кірістер департаменті, Алма­ты қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдері де келді.

Бөлшек сауда иелері тұрғын үй­лерге орналасқан дүкендерге қатыс­ты салық жүктемесі мәселесін қысқа мер­зімде шешу керегін алға тартып отыр. Әйтпесе, көптеген дүкен жа­бы­луға мәжбүр болатын көрінеді. Атап айтқанда, олар бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетуді сұрайды.

Дүкен иелерін алаңдатып отырған мәселе туралы  мәслихат депутаты, Алматы қаласы кәсіпкерлер па­ла­тасының төрағасы Нұрсұлтан Шо­қанов арнайы салық режімінде жұмыс істеу үшін алдымен осы қадам­ды бастап, адал сауда-саттыққа қан­ша­лықты дайын екенімізді көру қажеттігін айтады.

«Бұл мәселені түрлі ортада, соны­мен бірге қала әкімімен де кеңі­нен талқыладық. Кәсіпкерлер ашық жұмыс істеп, бөлшек салықпен жұ­мыс істеуге дайын екенін көрсетуі керек. Содан кейін ғана арнайы са­лық режімін төмендету туралы мәсе­лені көтеру қажет. Бүгін өзгеріске дайын­дықты көріп отырмын, бұл бағытта ортақ ұстаным керек. Ашық жұмыс істеп, ісі оңғарылған барлық кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларына сенім арта алады», деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2023 жылдың 15 қаң­та­рынан бастап бөлшек сауда салы­ғы бойынша қызмет түрлерінің тізімі екі есе өскен. Енді  бөлшек са­лық­тың арнайы салық режімі кәсіп­керліктің 364 қызмет түріне таралады. Бұған дейін тізбеде 190 қыз­мет түрі ғана болған. Тауарларды сатуға және жеке тұлғаларға қызмет көрсетуге бағытталған экономикалық қызметтердің жалпы жіктеуіштерінен (ЭҚЖЖ) басқа, тізімге тауарларды өндіру және қайта өңдеу, жөндеуге байланысты қызмет түрлері, электр монтаждау жұмыстары сияқты қыз­меттер енгізілген.

Ал дүкен иелерінің уәжі мынадай: «Біз тауарларға үстемеақыны 15%-дан асыра алмаймыз. Оның 4%-ы сатушының еңбекақысына кете­ді. 4-5%-ы басқа шығындарға, комму­нал­дық қызметтер мен жалға алуға жұмсалады. Мобильді аударымдар мен QR төлемдері үшін банк өз па­йызын алады. Қазір оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейміз. Бірақ бәрі қымбаттап жатыр, шектен асып кетеміз бе деп қорқамыз. Оған қоса лицензия алу бар. Үй жанын­дағы дүкендер үшін бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесін қарастыруды сұраймыз».

Алматы қаласы кәсіпкерлер па­ла­тасының басқарушы директоры Нариман Ибрагимов кездесуге қатысушыларды түсіністікке, ор­тақ тіл табысуға шақыра отырып: «Бү­гін дүкендер мәселесін шешуге жи­нал­дық. Алматы қаласы мәсли­ха­ты­ның депутаты, кәсіпкерлік, ин­вес­­тициялар, туризм және экология жөніндегі комиссияның төраға­сы Руслан Идрисов, МКД, кәсіп­кер­лік басқармасының өкілдері де шақырылды. Дүкендердің салық жүк­темесі мәселесі өте өзекті. Бөлшек салық­ты 50 пайызға төмендету үшін бір ба­ғытта жүруіміз керек», дейді.

Кәсіпкерлердің айтуынша, алкоголь өнімдерін лицензиялауда да шығындар бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне көз салсақ,  республикалық және облыстық маңы­зы бар қалаларда алкогольді бөлшек сатуға арналған лицензияның құны – 100 АЕК (345 000 теңге). Алкогольге бір реттік лицензиялық алымнан басқа, лицензияны пайдалану үшін жыл сайын төлеп отыру керек. Жыл сайын төлемді жыл бойына немесе тең бөліктерге – 25 наурызға, 25 маусымға, 25 қыркүйекке және 25 желтоқсанға дейін төлеу қажет. Мысалы, Алматыдағы мөлшерлеме 100 АЕК-ті құрайды, яғни 2024 жылы тоқсан сайын 25 АЕК – 92 300 теңге төлеуге тиіс.

Дегенмен кәсіпкерлердің айтуынша, қазір дүкендер темекіні «тегін», үстемесіз сатып жатыр.

«Дүкендер – бизнестегі ең осал санат. Біздің табысымыз мардымсыз. Бізге мемлекет тарапынан қолдау өте қажет. Жыл өткен сайын ірі сауда желілері бізді нарықтан ығыстырып келеді. Оған қоса интернет арқылы азық-түлікке тапсырыс беру дамып жатқандықтан, тұтынушылар азайып бара жатыр. Жыл басынан бері мобильді аударымдарға қатысты мәселелер сатылымға әсер етті. Біздің бухгалтер жалдауға мүмкіндігіміз жоқ. Есесіне бухгалтерлік есепті жүргізуге уақыт жоқ. Мәселенің шешімін бөл­шек салыққа төмендетілген мөл­шер­лемемен көшуден көреміз», дейді кәсіпкерлер.

Бөлшек салық мынадай мөлшерле­мелер бойынша төленеді: тауарды жеке тұлғаларға сатқан кезде – 4%, заңды тұлғалармен мәмілелер барысында – 8%. Бұл ретте мәслихаттарға жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарларға бөлшек салық мөлшер­лемесін 50 пайызға дейін төмендету құқығы берілген.

Ал 2023 жылы бөлшек салық мөлшерлемесі Қарағанды мен  Қызыл­орда облыстарында 2 пайызға дейін, Астана қаласында 3 пайызға дейін төмендетілді. Ал 2024 жылға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімді 2024 жылғы наурыз­дың соңына дейін қабылдау қажет.

«Біз цифрландыруға және онлайн төлемдерге қарсы емеспіз. Бұл үдеріс жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетеді. Бірақ банктердің комиссиясы мен қосымша салық жүк­темесі бізді табыссыз қалдырады. Дүкендердің шығыны көп. Жоғарыда аталған 15%-дың ішінде бізде 4% пайда қалады. Егер бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға төмендетуге болатын болса, бізде кем дегенде 2 % пайыз пайда қалады», дейді кәсіпкер Раушан.

Сонымен қызу пікірталастың нәтиже­сінде депутат Руслан Идрисов­тың бастамасымен мемлекеттік органдар, мәслихат депутаттары мен қаланың әр ауданынан кәсіпкерлер қатарынан жедел жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

«Мен үй жанындағы дүкендердің барлық мәселесін өте жақсы білемін. Өйткені өзім сауда саласында жұмыс істедім. Бөлшек салық мәселесін шешу үшін топтың жұмысына белсенді қаты­суды сұраймын. Кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастығы ретінде әрекет етеді және бизнестің жинақталған ұстанымын  мәслихаттың алдына тартады», – дейді Руслан Идрисов.

Жиын соңында 2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі басталғаны кәсіпкерлердің қаперіне салынды. Мұнан да бөлек, Қаржы министрінің 29.03.2022 жылғы №323 бұйрығына сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша банктер бизнес өкілдерінің (заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен басшылары және жеке кәсіпкерлер (ерлі-зайыпты) банктік операциялары бойынша ақ­парат бере бастауға тиіс.

 

АЛМАТЫ