Еңбек • 19 Қаңтар, 2024

Адал еңбек өтемі – лайықты жалақы

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Үкімет басында жұмыс берушілер мен кәсіподақ бірлестіктері арасында 2024-2026 жылдарға арналған Бас келісімді дайындау қызу жүріп жатыр. Мамандар аталған құжаттың мүмкіндігі мол екенін айтады. Әсіресе жұмысшылар мәселесімен етене таныс салалық кәсіподақтар келісім жобасын белсенді түрде талқылап, өз ұсыныстарын беріп жатыр.

Адал еңбек өтемі – лайықты жалақы

Бұл ретте Энергетиктер кәсіп­одағының төрағасы Оразбек Бекбас: «Әлеуметтік серіктестер арасында бәрі ашық және прагматикалық тұрғыда болуға тиіс. Тараптардың кеу­дем­соқтыққа жол беруіне орын жоқ. Бұл салалық деңгейде де, елдік деңгейде де солай болуға тиіс. Құ­жат­ты қабылдағанға дейін оған қол қою­шылардың ұмтылысын, ынта-ықыласын анықтау үшін алдын ала жұмыстар жүргізілетіні түсінікті жайт. Қазірдің өзінде осы деңгейде серіктестер тараптардың мүдделерін ескеретін белгілі бір ымыраға келуі керек. Демек, өзара түсіністікке деген жол да осыдан бастау алады. Оның үстіне кәсіподақтар бір мақсаттағы келісімдердің барынша әлеуметтік бағытқа ие болғанын қалайды», дейді.

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комите­тінде аймақтық электр желілері компа­ния­­ларының қызметтеріне тариф деңгейін белгілеген кезінде еңбек нарығындағы ахуалға және өңірлер­дегі қызметкерлердің ең­бек­ақысын тө­леуге бағдарлануы қажет болған. Ата­л­ған министрлік 2019 жылдың 19 қарашасындағы бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларындағы «Экономикалық қызмет түрлері бойынша» деген сөзді алып тастауды энергетиктер кәсіподағы ұсынып отыр.

Кәсіподақ саласының басшы­сы: «Бір қарағанда, зияны жоқ болып көрінетін бұл сөздер еліміздің салалық кәсіподақтың барлық жұм­саған күш-жігерін толығымен жойды. Энергетиктердің материалдық жағдайын жақсартудағы инстанция­ларға жазылған 60-тан аса хат, отан­дық Электр энергетикалық қауым­дастығымен бірге де, бөлек те жазылған 20 өтініш, сансыз кездесулер мен БАҚ-тағы 30-дан аса сөйленген сөздер бар. Жылына жасалатын тарифтерді түзету санына қатысты шектеулерді алып тастау және тарифтерді қарау кезінде кәсіпорындар қызметкерлерінің нақты санын емес, нормативтік санын ескеруі керек», деп отыр.

Жалпы, еліміздегі аталған салалық кәсіподақ ұйымы бірнеше жылдан бері энергетиктердің жағдайын би­лікке жеткізуді қаншалықты қаласа да, жарты жолдан қалып қоятын­дығын, жеке бастың шаруасы емес, жұмысшылардың аймақтардағы басқа өндірушілермен жалақы жағы­нан теңестіру маңызды екенін, Моно­полияға қарсы агенттік маманда­ры жағдайды түсінген сыңай таныт­қа­ны­мен, республикалық маңы­зы бар үш мегаполистегі электр желісі компанияларындағы жұмысшылар­дың орташа жалақысына келісіп, бірақ мағынасын өзгерткен, жұм­саған еңбектің бағаланбағанын айтады.

«Мемлекет басшысы көтеріңкі тарифті қолдануға бұйрық берді. Бұн­дағы алынған пайданы негізгі активті жаңғыртуға және жөндеуге, сондай-ақ кадрларды бекітуге ба­ғыттау керек. Бұл бірінші кезекте кәсіпорын қызметкерлерінің жала­қысы лайықты деңгейде болу­ға тиіс дегенді білді­реді. Бірақ кәсіп­орындарда оны қол­да­нылуына тиісті бақылау болған емес. Со­ның салдарынан кейбір басшылар алын­ған пайданы мақсатсыз пайдалануға жол берді. Әрине, ол жұ­мыс­шылардың жалақысын көте­руге бағытталмаған. Сондықтан біз қа­зір осы бағдарламаны жүзеге асы­ру­ға қатысатын кәсіпорындардың кәсіподақтар ұйымы алынған пай­­да­­ның қолдануын бақылау жө­ніндегі жұмыс комиссиясына қо­суды ұсынып отырмыз. Бұл – жұ­мыс­шылар үшін өте маңыз­ды, сон­дықтан біз осы ұсы­нысымыз­дың Бас келісімге енгізіл­генін қалаймыз», дейді О.Бекбас.

Әзірге энергетиктердің материал­дық жағдайын жақсарту күн тәртібі­нен түспей тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2023 жыл­дың екінші тоқсанында жалақы­ның орташа мәні 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 17,1 пайызға өсіп, 365 502 теңгені құраған. Оның үстіне энергетиктердің орташа жалақысы 304 712 теңге шамасында тоқтап, орташа республикалық жала­қыдан 17 пайызға артта қалғаны бар. Бұл сол кезеңде жылу мен электр энергиясын өндіруші және таратушы кәсіпорындарда жалақы орта есеппен 20,6 пайызға көтерілген еді.

Осылайша, еліміздің сала­лық энергетиктер кәсіподағы өз ұсыныс­тарын жеткізді. Әрине, аталған жай­дың жаңғырығында электр энергетикасы саласындағы қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделері қорғалуға тиіс.